Kyzylorda-news.kz. Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің «Самға» би тобы Лондонда өткен халықаралық шығармашылық фестивалінде 1-орын иеленді.
Қашықтан ұйымдастырылған шарада көптеген мемлекеттің шығармашалық топтарымен бақ сынасқан жас зияткерлер қазақ биін орындап, үздік деп танылды.
Сондай-ақ, ұлттық өнерді әлемге танытуда 11-сынып оқушысы Баян Сарибаева жеке орындауда ерекшеленді. Польшаның «DIGI-TALENTY. JESIEN-2020» халықаралық фестивалінде «Қыз қиялы» атты би қойылымымен бірінші дәрежелі диплом иегері атанды.
Айта кетейік, «Самға» би тобы Зияткерлік мектеп жанынан құрылған. Бүгінде ұжымның 50-ден астам белсенді мүшесі әртүрлі жанрдағы хореографияны меңгеріп, мәдени мұраны насихаттап келеді.
Ұжымның жетекшілері кәсіби хореографтар Жұлдызай Мауленова мен Ақмарал Алибекова оқушылардың жан-жақты және шығармашылық потенциалын дамытуда зор үлес қосып келеді.
Балалардың талантын ашуда және ұлттық өнерді жаңғыртудағы еңбектері үшін педагогтары да ұйымдастырушылардың Алғыс хаттарымен марапатталды.