«Одан асқан бұрын-соңғы заманда қазақ баласында біз білетін ақын болған жоқ».
Ахмет Байтұрсынұлы
1.Абайдың шын есімі – Ибраһим. «Абай» деп әжесі еркелеткен. Анасының есімі – Ұлжан. Ұлжан – Құнанбайдың екінші әйелі;
2. Абай: «Атадан алтау, анадан төртеу едім». Құнанбай қажының 4 әйелі болған. Бәйбішесі Күңкеден – Кұдайберді. Ұлжаннан – Тәңірберді (Тәкежан), Ибраһим, Ысқақ, Оспан. Үшінші әйелі Айғыздан – Халиулла, Ысмағұл туады. Төртіншісі – Нұрғаным. Одан ұрпақ жоқ;
3. Хәкімнің ақын, жазушылықтан бөлек, композиторлық қабілеті де болған. Ол бірқатар өлеңіне әнді өзі жазған. Соның бірегейі – «Көзімнің қарасы»;
4. Ақындық жолына 10 жасында түсе бастайды. Ең алғашқы өлеңдерін Көкбайдың атынан жариялаған;
5. Жазба қазақ әдебиетінің, қазақ әдеби тілінің негізін қалаушы ұлы Абай қазақ, араб, парсы, орыс тілдерін білген. Иран, шағатай (ескі өзбек) тілдерінде жазылған дастан-қиссаларды, ертегілерді оқыған;
6. Ел басқару ісіне 13 жасында араласқан;
7. Абайдың алғашқы махаббаты – Тоғжан;
8. Бірінші жары Ділдәға 1860 жылы 15 жасында, екінші әйелі Әйгерімге 30 жасында үйленген. Әмеңгерлік жолмен алған әйелінің есімі – Еркежан. Ол Абайдың інісі – Оспанның қалыңдығы;
9. Ұлы ағартушының 10 баласы болған. Ол небәрі 16 жасында әке атанып, 36 жасында алғашқы немересін қолына алады. Оның аты – Әубәкір;
10. Саяси қайраткер 21 жасында болыс болып сайланады;
11. Ақынның саяси көзқарасының қалыптасуына ықпал еткен орыс зиялы қауым өкілдері: Е. Михаэлис, А. Леонтьев, С. Гросс, А. Блек, П. Лобановский, Н. Коншин, Н. Долгополов және т.б;
12. Ақын өмірінде 176 өлең, «Ескендір», «Масғұт» және «Әзім әңгімесі» поэмалары мен 45 қара сөз жазып қалдырған. Сондай-ақ ол шебер аудармашы да болған. М. Лермонтовтың өлеңдерін, А.С. Пушкиннің дастандарын және И.А. Крыловтың мысалдарын қазақ тіліне аударған.
13. Жазушының ғақлиялары (қара сөздері) әлемнің көптеген тілдеріне аударылған. Атап айтсақ, қытай, француз, орыс және т.б. Ал өлеңдері грузин, қарақалпақ, қырғыз, татар, француз, ағылшын, түркмен, ұйғыр тілдеріне аударылған;
14. Ұлы данышпан туралы көптеген мақала, кітаптар жазылып, фильмдер түсірілді. Биыл ақынның туғанына 175 жыл толуына орай арнайы «Abai tv» телеарнасы ашылды;
15. Абай мұрасын алғаш зерттеп бастаған ағартушы ғалымдар мен қайраткерлер: Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынұлы, М. Дулатұлы, М. Әуезов, С. Мұқанов, І. Жансүгіров және т.б.