Kyzylorda-news.kz. Бүгін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова «Спорт күні» мерекесіне орай Сыр өңірінің спорт саңлақтарын қабылдады. Оларды кәсіби мерекесімен құттықтап, сала үздіктеріне еселі еңбектері үшін алғысын білдірді.
Кездесуде алдымен аймақ басшысы Сыр өңірінің спорт саласында жеткен жетістіктері жайлы тоқталды. Бүгінде облыста дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылданушылардың саны 243 мың 78 адамға жеткен.
Жыл басынан бері облыс спортшылары ҚР чемпионаттары мен кубоктарында 254 медаль жеңіп алса, Азия чемпионаттарында 19 медальға қол жеткізді. Облыстың 670 спортшысы ҚР Ұлттық құрама сапына енді.
2021 жылы Токио қаласында (Жапония) өтетін Олимпиада Ойындарына ҚР еңбек сіңірген спорт шеберлері, балуан Дәулет Ниязбеков пен боксшы Қамшыбек Қоңқабаев жолдама алды.
«Аймақтың жетістіктері мұнымен тоқтап қалмақ емес. Сыр спортына қолдау білдіру мақсатында «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында осы сала бойынша 22 жоба жүзеге асуда. Қазіргі таңда Қызылорда қаласындағы байдарка және каноэ есу базасы, қала және аудандарда 8 жаттығу және стритбол алаңдарының құрылыстары жүргізілуде. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында 5 дене шынықтыру кешені пайдалануға беріледі. Бұқаралық спортты дамытудың алғы шарттарының бірі спорттық ғимараттарға қолжетімділік екені белгілі. Жалпы облыс бойынша 2241 спорт нысандары жұмыс істейді», – деді облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова.
Кездесуде сөз алған ауыр атлетикадан ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы Велорик Пак пен еркін күрестен ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Әбутәліп Аманов еңбегін елеп, бүгінгі мерекеде құрмет көрсеткен аймақ басшысына алғыс білдірді. Сыр спортына жасалып жатқан қолдауларға ризашылығын айтып, сәттілік тіледі.
Жиын соңында спорт саласын дамытуда өлшеусіз еңбек еткен ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушылары Велорик Пак, Әбутәліп Аманов, Жамиль Джусупов, ауыр атлетикадан ҚР еңбек сіңірген спорт шебері Илья Ильин, тоғызқұмалақтан 3 дүркін Әлем чемпионы Хәкімжан Елеусінов, каратэ-додан 3 дүркін Әлем чемпионы Мөлдір Жаңбырбай, қазақ күресінен Әлем чемпионы Нұрым Сәлімгереев пен қазақ күресінен «Әлем барысы» турнирінің күміс жүлдегері Мақсат Исағабылов облыс әкімінің Алғыс хатымен марапаттады.