Kyzylorda-news.kz. Бұл – көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, әйгілі театр сыншысы Әшірбек СЫҒАЙДЫҢ осыдан отыз жыл шамасы бұрын Қали СӘРСЕНБАЙҒА берген сұхбатынан алынған үзінділер. Содан бері бірдеңе өзгерді ме екен, енді өзгермесе… Оқып көріңіз.
Билік пен халық екі тілде сөйлейді. Билік өз тілімізде сөйлемей өспейміз.
Билік базар араласын. Базардан бүткіл өмірімізді көруге болады.
***
Қазіргі әндерден тек барабанның дауысынан басқа ештеңе естімейсің. Миың шаршайды, көзің қарауытады. Құрқұлаққа айналдық қой.
***
…Ал енді мына өнердегі біржақтылықты айтайын. Опера театрының негізін салған, Күләш апамызды жетектеп жүріп, опера сахнасына алып шыққан Қанабек Байсейітовтың аты қайда? Осыны министрліктегілер қағазбастылықпен отырып аңғармай қалған болуы керек, әйтпесе Астанадағы опера театрын «Байсейітовтер театры» деп атасақ қандай жарасымды болар еді. Гнесиндер атында институт, ағайынды Абдуллиндер атында көше бар ғой. Осыны кім ойлайды? Қанекеңнің атында Талдықорғанда бір колледж болған, қазір бар ма, жоқ па білмеймін. Сонсоң «Құштар көңіл» деген кітабы қалды. Қанекеңнің қатарластарының бәрінің аты жаңғырып жатыр. Бұл кісі неге жалғыз қалды?
***
Шындық бір түрлі жаңа түскен келін секілді. Бірде ұяң, бірде қылымсиды, бірде долы т.б.
Мәдениет, өнер халықтың көз алдында. Ол сенің жүзің, бетің, бағдаршамың, сенің психологияң, эмоцияң. Мәдениет осындай жүк көтеріп тұр. Ол жұрттың назарында.
***
Менің 20 жыл өмірім Мәдениет министрлігінде өтті. Екі рет орынбасар болдым. Орталық Комитеттің Мәдениет бөлімінде істедім. Ректор болдым. Өнер баспалдағының бар саласынан өткен адаммын. Тағдырыма ризамын. Мемлекет басшылары мені министрдің орынбасары ретінде таныса, мен оларға қандай кінә қоямын. Ұлттық өнер үшін министр болып бір істеп көруге болар еді, бірақ ондай мүмкіндік болмады. Қызметті өз еркіммен өткізіп кеткен адаммын. Егер артымнан сөз еріп жатса, «Жас Алаш» бірінші болып жазар еді. Бес миллион долларды жұтып қойған Кутовойды білесің. Кейде сондай былыққа батпай, аман-есен кеткеніме шүкіршілік етемін. Әлдекімдердің кепілдемесімен, звондауымен жұмысқа орналасқан емеспін. Бәріне өзімнің қаламым мен қағазымның арқасында жеттім.
…Менің кеткен сабебім, кездейсоқ, кәсіби маман емес адамдардың өнерге араласуы мені қорқытты, үркітті… Мәдениеттің оқуын бітірмегендер мәдениетті түсінбейді деуден аулақпын. Бірақ дәл өзіңдей түсінбейді. Ол жігіттер мүмкіндігін өз саласында байқап көру керек еді. Мәселен мені жұлып алып басқа қызметке қойса, бас тартар едім, жігіттердің бас тартпайтынына қайран қаламын.
Төлегендер жинақы жүру үшін, Бекежандар керек.
***
…Кейде біздің өнер адамдары «кім сойса да, қасапшы сойса екен» деп өтірік жылайды. Олар өнердің басына түсінбейтін адам келсе, соған қуанатын секілді. Әрқайсысы Станиславский, Қуанышбаев тәрізді болғысы келеді де, ал анау соған сеніп қалады. Ал енді ұңғыл-шұңғылының бәрін біліп отырған кісіні бұлар да жақтыра бермейді-ау деп ойлаймын.
***
…Қызметтен кетіп барып атақ алғаныма шүкір деймін.Әйтпесе мынау қызметін пайлаланды деген сөзге де ілініп кетуім ғажап емес еді.
***
Дос дегеннің өзі де кейде шартты ұғым болып көрінеді. Бір қарағанда дос көп секілді. Бірақ олар аз, өте аз. Достықтың өзі құбылмалы жайға айналып барады. Осындайда Сағатты сағынамын.Тірі күнінде ренжіскен кезіміз де болды. Бірақ жаны өте нәзік еді оның. Көңілінде кір сақтай алмайтын. Шамалы уақыт өткен соң «әй, шалдың баласы қой енді» деп жүретін. Осындай досты кейде оңашада етжүрегім елжіреп, сағынып отырамын.
***
Мен алты министрмен қызметтес болдым. Мұның ішінде кісіге жаны ашитын, өнерді өзегімен өртеніп танитын Жексембек Еркінбековтей министрді мен көргенім жоқ. Он екі жыл Мәдениет министрі болу оңай емес. Негізінен таза адам болды. Басқалар «мен жаман болдым ба?» десе, өзі білсін. Көп таланттар Еркінбековтың тұсында танылды. Егер осы дұрыс емес дейтін кісі болса, менімен сайысқа түсе берсін. Өйткені ол кісіге бес жарым жыл орынбасар болдым.