Kyzylorda-news.kz. Қазақстандық «Томирис» тарихи драмасының АҚШ аумағындағы дистрибуция құқығын Well Go USA компаниясы сатып алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Америка Құрама Штатының аумағында «Томирис» фильмінің дистрибуция құқығы сатып алынғаны туралы Variety, Hollywood Reporter және Screen Daily басылымдары жариялады. Осы мәміленің нәтижесінде Arclight Films компаниясы қазақстандық драманың АҚШ аумағында тарату құқығын Well Go USA компаниясына сатты», делінген хабарламада.
«Мықты әйелдердің ерлігін паш етіп, шынайы оқиғаларына қызығушылық танытатын әлемде өмір сүріп жатқанымызға қуаныштымыз», – деді Arclight Films басшысы Гэри Хэмилтон.
Еске салсақ, кинотуынды біздің заманымызға дейінгі VI ғасырда болған оқиғаны суреттейді. Фильмде кішкентай қыздан айбынды жауынгерге айналған, жақындарынан айрылып, сатқындардан өшін алған және сақ тайпаларын біріктірген ұлы даланың аты аңызға айналған Томирис патшайымының тағдыры баяндалады.
Фильм ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысымен «Қазақфильм» киностудиясында Sataifilm компаниясының қатысуымен түсірілген.
«Бұл эпикалық фильм таңғажайып пейзаждармен көркемделіп, жоғарғы сапада түсірілгендіктен көрермендерді бірден баурап алатыны сөзсіз», – деп жазды Variety басылымы.
«Таңғажайып оқиғаларды біз ерекше ұнатамыз. Сондықтан да алғашқы тарихи «Амазон патшайымының» құпияға толы оқиғасы басқаларға қарағанда сенімдірек», – деді Well Go USA Entertainment президенті және атқарушы директоры Дорис Пфардрешер Hollywood Reporter тілшісіне.