Kyzylorda-news.kz. Алайда шара басталмай жатып оның төңірегіндегі дау басылмай келеді, деп хабарлайды «Хабар 24».
Мәселен, бір күн қалғанда ашылу салтанатына жауапты режиссер қызметінен босатылды. Гвинея құрамасы шараға қатысудан бас тартты. Десе де, ұйымдастырушылар бәрі ойдағыдай өтіп, Токиодағы Олимпиада үміт пен бірліктің нышанына айналады деп отыр.
Токиодағы Олимпиада ойындары төңірегінде шу көп болды. Тұрғындардың біразы бір жылға шегерілген дүбірлі доданы тағы да кейінге қалдыру керек еді деген пікір білдірді. Соңғы әлеуметтік сауалнама нәтижелері көрсеткендей, халықтың 55%-і жарысқа қарсы екенін айтқан. Бір жағынан олар денсаулығына алаңдайды. Одан бөлек, шараның жергілікті тұрғындар үшін еш пайдасы жоқ дейді. Өйткені шетелдік көрермендер келмегесін туристерден табыс түспейді. Осы ретте наразылық акциялары әлі де басылмай тұр.
Енді бір топ Олимпиада ойындарын асыға күткенін айтып, спортшыларға жылы лебіздерін білдіріп жатыр.
Осы шара басталмай жатып түрлі жанжалдар шыққан еді. Соңғысы Олимпиада ойындарының ашылу салтанатындағы режиссермен байланысты. Ол доданың ресми басталуына бір күн қалғанда қызметінен босатылды. Бұған 23 жыл бұрын холокост туралы айтқан әзілі түрткі болды. Жуырда ашылу салтанатындағы бас композиторлардың бірі де сұхбатында кезінде мүмкіндігі шектеулі жандарды кемсіткені туралы айтып, отставкаға кетті. Аңдамай сөйлегені үшін көктемде Олимпиаданың креативті директоры мен ұйымдастыру комитетінің бірінші жетекшісі де қызметтерінен айырылған.
Одан бөлек, спортшылар Олимпиада қалашығындағы жағдайға шағымданып жатыр. Мәселен қайта өңделген қатты қағаздан жасалған төсектер көбінің көңілінен шықпағанға ұқсайды. Алайда әкімшілік бұл Жапонияның қоршаған ортаны қорғау бағытында ұстанып отырған саясатымен үндесетінін жеткізді. Тағы бір жанжал Угандадан келген спортшыға байланысты. Қонақ үйде ПТР-тест алар алдында оның қашып кеткені белгілі болды. Атлет Отанындағы қиын жағдайға байланысты үйіне қайтқысы келмейтіні туралы хат қалдырған. Алайда полицейлер оны тауып алып, Угандаға депортациялады.
Ал Гвинея құрамасы Олимпиада ойындарына қатыспайтын болды. Негізі Африкадағы бұл елден 5 спортшы келу керектін. Алайда билік эпидемиологиялық ахуалға байланысты атлеттердің денсаулығына алаңдайтынын жеткізді. Кейбір ақпарат құралдарының хабарлауынша, бұл қаржы тапшылығына байланысты қабылданған шешім болуы мүмкін.
«Гвинея билігі неге мұндай шешім қабылдады екен? Ұйымдастырушы ел Жапонияның өзі коронавирустан қорықпай, ойындарды өткізіп жатқанда біздің мемлекет неліктен бас тартты деген сұрақ маза берер емес», – дейді спортшы Фатумата Яри Камара.
Коронавирус демекші, соңғы дерек бойынша Токиода бір күнде дерт жұқтырудың 1979 жаңа дерегі тіркелген. Бұл кейінгі жарты жылдағы ең үлкен көрсеткіш. Ал Олимпиада ойындарының қатысушыларына келсек, спортшылар мен делегаттар арасындағы вирус жұқыру оқиғалары 100-ге таяп қалды. Алайда ұйымдастырушылар алаңдауға негіз жоқ екенін айтады.
«Әлемде коронавирус жұқтыру оқиғалары тіркелмеген жер қалмады. Сондықтан жаңа деректердің пайда болары түсінікті. Ең бастысы – оларды тез анықтап, науқастарды оқшаулау керек. Ойындардың қауіпсіз өтуі үшін осы жайт маңызды», – дейді Токио 2020 ұйымдастыру комитетінің өкілі Хидэмаса Накамура.
Ұйымдастырушылар Токиодағы Олимпиада ойындарының ашылу салтанаты алдында дайындық жұмыстарын пысықтап жатыр. Оған 950 ресми тұлға қатысатыны белгілі болды. Арасында 15 мемлекет пен халықаралық ұйымдардың басшылары бар. Стадионға жанкүйерлер жіберілмейді. Дүбірлі додаға қатысты теріс пікірлерге қарамастан, Жапония билігі де, ұйымдастырушылар да, барлығы ойдағыдай өтетініне сенімді. Халықаралық Олимпиада комитетінің басшысы Томас Бахтың айтуынша, бұл шара пандемияны еңсеретінімізге сенім ұялатып, үміт пен бірліктің нышанына айналуы тиіс. Басы қатты болса, аяғы тәтті боларына біз де сенейік!