Kyzylorda-news.kz Жалағаш ауданында 2022-2023 жылдары негізгі макроэкономикалық көрсеткіштердің барлығында оң динамика қалыптасқан. Атап айтсақ, өнеркәсіп өнімінің көлемі 56,8 млрд теңгені құрады. Оның ішінде 16,5 млрд теңгесі өңдеу өнеркәсібінің есебінен қалыптасқан. Ал екі жылда жалпы құны 29,3 млрд теңге негізгі капиталға инвестиция тартылған. Сондай-ақ бөлшек сауда 7,3 млрд теңгеге орындалып, ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі 60,8 млрд теңгені құрады. Екі жылда 40,4 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілсе, ірі серпінді жобалардың іске асырылуының арқасында құрылыс жұмыстарының көлемі 12,5 млрд теңгені құрады. Бұл туралы аудан әкімі Ардақ Ибраимовтың төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде айтылды. 

Аудан әкімінің орынбасары Арнұр Әлібекұлы биыл 2 айда жос­парлан­ған макроэкономикалық көрсет­кіш­тер бойынша жалпы өсім қа­лып­тас­­қанын айтады. Сондай-ақ ол құ­­ры­лыс жұмыстары бойынша меже­нің орын­далмау қаупі барын да жасыр­мады.

– Өнеркәсіп өнімдерін өндіру өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстыр­ғанда 27,9 пайызға артып, 5 млрд 775 млн теңгенің өнімі өндірілді. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібі ша­руа­шылықтардың күріш ақтау және «Өркен Әлем» ЖШС-ның өндірген өнімі есебінен өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда 5,4 есеге артып, 2 млрд 252 млн теңгенің өнімі өндірілді. Негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 3,4 пайызға артып, 3 млрд 830 млн теңгені құрады, – деді ол.

Оның сөзінше, ауыл шаруашылығы саласында да меже артығымен орын­далған. Мәселен, саладағы өнім көлемі 1 млрд 212 млн теңгені құрап, өт­кен жылмен салыстырғанда 100,7 пайызға орындалған. Аудан әкімінің орын­ба­сары ауыл шаруашылығы өнім­де­рі­нің көлемі ет, сүт, жұмыртқа өндіру есе­бінен орындалғанын айтады. Тұрғын үй көлеміне келсек, 2 938 шаршы метр­ді құрайтын 17 жеке тұрғын үй пай­да­лануға берілген. 

Бөлшек сауда көлемі 443,2 млн тең­гені құрады. Өткен жылмен салыс­тырғанда 101,2 пайызға артқан. Не­гі­зінен бөлшек сауда көрсеткіші аудан­дағы 5 дәріхана, 7 сауда орталығы, 147 дүкен, 7 газ және жанармай құю бекеттері есебінен орындалады.

Ал құрылыс жұмыстарына келсек, ақпан айында көрсеткіш 38,2 пайызды құраған. Аудан әкімінің орынбасары меженің ойдағыдай орындалмауын ау­­данда құрылыс жұмыстарымен ай­на­лысатын ірі кәсіпорындардың бол­мауымен байланыстырды. Сөзіне сен­сек, алдағы уақытта 1 417 шаршы метр тұрғын үй көлемі пайдалануға беріліп, көрсеткіш 107,9 пайызға орындалады.

Биыл 2 айда тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 90,7 пайызға төмендеген. Яғни 2 863 кәсіпорын болса, оның тек 2726-сы нақты жұмыс жасап тұр. Бұдан жаңадан тіркелген кәсіпкерлік субъектісінің 291-ге, жұмыс жасап тұрғандардың 282-ге азайғанын аңғардық. 

– Ауданда өткен жылдың 3 айында тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік субьектілерінің саны 3 189-ды құрады. Оның ішінде 3061-і нақты жұмыс жасап тұр. Межені 100 пайызға орындау үшін 326 кәсіпкерлік субъектісі тіркелу керек, оның ішінде жұмыс жасап тұрғандар үлесін кем дегенде 335-ке жеткізу керек. Тиісті жауапты бөлім басшылары бар­лық көрсеткіштер бойынша есеп­ті­ліктердің статистика органына 2 сәуірде толық тапсырылуын қамтамасыз етіп, нәтижесі сұралады, – деді аудан әкі­мінің орынбасары.

Арнұр Әлібекұлы 3 айда 7 макро­экономикалық көрсеткішке талдау жұ­мыстары жүргенін айтады. Өнеркәсіп өнімін 100 пайызға орындау үшін наурызда 1 млрд 430 млн теңгеге, оның ішінде өңдеу өнеркәсібіне 873 млн теңгеге есептілік тапсыру тиіс. Негізгі капиталға тартылған инвестицияға кел­сек, жалпы құны 2 млрд 366 млн теңге көлемінде есептілікті тапсыру керек.

Жыл қорытындысымен ауданның негізгі әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің оң тенденциясын қа­лыптастару мақсатында меже белгі­ленген. Атап айтқанда, өнеркәсіп өнімі 32 млрд, өңдеу өнеркәсібі 8 млрд, негізгі капиталға салынған инвестиция 20,4 млрд, өндірілген ауыл шаруашылығы өнімдері 34,5 млрд теңге, тұрғын үй көлемі 20,5 мың шаршы метр, бөл­шек сауда 4 млрд және құрылыс жұ­мыстарының көлемі 7 млрд теңгені құрауы тиіс. Жалпы ауданның дамуы рухани-мәдени, әлеуметтік саланың көр­сеткіштерінен бөлек, тоқсан, жарты­жылдық, жыл қорытындысымен осы 7 негізгі көрсеткішпен бағаланады. Сон­дықтан межеге қол жеткізу үшін іс-шаралар жоспарын бекіту қажет. Яғни қандай көздерден, қалай орын­даймыз, орындау үшін қандай іс-қимылдар жасаймыз? Әлгі іс-шаралар жоспарында осы сауалдардың түйіні егжей-тегжейлі тарқатылса игі.

Ескеретін жайт, бұл мәселе жауап­ты бөлім басшыларына ғана тиесілі емес, яғни барлық кент, ауылдық ок­руг әкімдері де жұмыс жасау керек. Егер облыстың көрсеткіші қала және аудандардың есебінен қалыптасса, аудан көрсеткіші кент, ауылдық округ­термен тығыз байланысты. Сондықтан Арнұр Әлібекұлы «облыс аудандарға қандай меже қояды, біз де сол негізде кент және ауылдық округтерге нақты үлесін бөліп, меже белгіленуі керек деп есептеймін» деді.

Негізінен әрбір елді мекенде өнер­кәсіпті дамыту маңызды. Өңдеу өнер­­кәсібі бағытында «кәсіппен ай­на­лы­самын» деген азаматтарды сүйе­мел­деп, барынша қолдау көрсету керек. Бұлай болмаған жағдайда са­лаға серпін беруге бағытталған мем­лекеттік бағдарламалардан еш пайда болмайды. Бір жағынан бұл жалпы көрсеткіштердің жоғарылауына оң әсер етеді. Яғни бұл салада серпін болса, инвестиция тартылады, жұмыссыздық деңгейі төмендейді, қосымша бюджетке түсетін резервтер артады. Бір сөзбен айтқанда, салықтық түсімдердің кө­­лемінде өсім қалыптасады. Бұл бір жағынан жоғары тұрған бюджетке тәуел­діліктен арылуға жол ашады. Сон­дай-ақ өз шығыстарымызды нақты жоспарлауға қол жеткіземіз.

Аппарат мәжілісінде көктемгі дала жұмыстары да сараланды. Ау­дан­дық ауыл шаруашылығы және жер қа­тынастары бөлімінің басшысы был­тыр аяқ судың шаруалар үшін үлкен мәселеге айналғанын айтады. Сондай-ақ ол былтыр маусымында межеден артық күріш егілгенін, ротация сақтауда бірқатар шаруашылық заңсыздыққа барғанын да жоққа шығармады. Биыл олармен күрес шаралары қарқын ал­маса, бәсеңдемесі анық. Әзірге ау­данға түсетін су көлемі белгісіз. Бірақ мамандар әлден биыл аяқ су мәселесі күрделенетінін айтады. 

– Орын алуы мүмкін су тапшылығын ескере отырып, күріш дақылының кө­лемі өткен жылдан 1300 гектарға қыс­қартылды. Бірақ суды аз қажет ететін бидай 149 гектарға, қант құмайы 20 гектарға, мақсары 10 гектарға, жо­ңышқа дақылы 625 гектарға артты. Ау­данда ақ егіс егу жұмыстары үс­тіміздегі жылдың 10 наурыздан бас­талды. Қазіргі таңда жоспарланған 530 гектар мақсарының 315 гектары, 4 850 гектар жаңа жоңышқаның 3 124 гектары, 770 гектар жаздық бидайдың 480 гектары орналастырылды. Мұ­нан бөлек 129 гектар күздік бидай кү­тімге алынды. Шаруашылықтар егін орналастыруға қажетті 4 625 тонна күріш, 154 тонна бидай, 0,6 тонна сұлы, 13 тонна мақсары, 8 тонна арпа, 4 тонна соя, 18 тонна жүгері, 48 тонна жоңышқа тұқымын дайындауда. 4 625 тонна күріштің бүгінде 4 100 тон­насы тазартылды. Сондай-ақ шаруа­­шылықтар тарапынан егінді күтіп бап­тауға қажетті 10 400 тонна мине­ралдық тыңайтқыш, 22 мың литр гербицид дайындау жоспарланып, бүгінде 7029 тонна минералдық тыңайтқыш және 1950 литр гербицид алынған, – деді бөлім басшысы.

Ардақ Әбдіғаппарұлы шаруашы­лық­тарда биыл егін жұмыстарын бас­тауда ешқандай кедергі болмау қа­жеттігін қаперге салды. Сондай-ақ ол аяқ су мәселесі қат болған тұста жерді мақсатсыз пайдалану, артық күріш егу, ротация сақтамау сынды заң­сыздықтарға мүлде жол бермеу қа­жеттігін атап өтті. Десе де бытыр мұндай олқылықтар орын алған. 

– Өзіміз аяқ су мәселесімен бетпе-бет келеміз, ал соны көре тұра кейбір ша­руашылықтар ротация сақтамай, межеден тыс күріш егіп, артық табыс тапқысы келеді. Сонда бұл жерде кім ақымақ? Бұған заң аясында тосқауыл бол­маса, басқа да шаруашылықтардың ойы бұзылуы әбден мүмкін. Сондықтан ал­дағы маусымда бұл мәселеге жол бер­меуіміз керек, – деді аудан әкімі.

Шаруашылықтар тарапынан көк­тем­гі егін орналастыру жұмыстарына «ГосАгро» порталы арқылы 1685 тонна жеңілдетілген дизель жанармайына өтінім берілген. Бұл жанармай ау­дан­дағы 54 шаруашылыққа тиесілі. Алтынбек Дәрібаев қазіргі таңда 12 шаруашылық 245 тонна дизель жа­нармайын алып, егін орналастыру жұ­мыстарына кіріскенін айтады. Шаруа­шылықтарға жанармайдың 1 литрі 248 теңгеден жеткізілуде.

Биыл егін орналастыру жұмыс­тарына 6,5 млрд теңге жұмсалады. Бөлім басшысы осындай болжам жасап отыр. Қазіргі таңда шаруашылықтарда бұл қаржының 63,4 пайызы бар.

2024 жылдың су алу маусымы кезеңінде су тапшылығын болдырмау үшін аудан бойынша алқаптарды су­мен қамтамасыз етуде іс-шаралар жос­пары әзірленген. Онда инженерлік жүйедегі егістік жерлерде дақылдарды кезектестіруді қатаң сақтау көзделген. Сондай-ақ ауыспалы егіс биік жер­лер­ге күріш егуге жол берілмейді. Ішкі шаруашылық су жолдарын механи­ка­лық тазалау және су құрылыс нысан­дарын уақытылы жөндеу керек. Егіс алқаптарында су тапшылығы орын алған жағдайда пайдаланатын насос қон­дырғыларын дайындау қажет. Бұл жайында жергілікті шаруашылықтарға алдын ала ескертілген. Алтынбек Дәрі­баев биыл егінді күтіп-баптауда 32 су тартқыш насос пайдаланылатынын ай­тады. Оның ішінде 13 насос «Каз­сушар» өндірістік учаскесіне тиесілі, қал­ғаны шаруашылықтардың өз қар­жы­сына алынған. 

Былтыр аудандағы 172 шаруа­шы­лық «Жалағашсушар» өндірістік учас­кесімен 474,9 млн теңгеге су жеткізіп беру бойынша келісім-шартқа отырған. Бүгінде 429,5 млн теңге төленген. Ша­руашылықтардың әлі де берешек қа­рыздары 45,4 млн теңгені құрайды. Қа­зіргі таңда сот арқылы өндіру жұ­мыс­тары жүруде. 

Пайдаланған судың қарызын өтеуге келгенде шаруашылық иелері неге құ­лықсыз? Бұл шындығын айтқанда, жыл сайын қайталанып келе жатыр. Мына қызықты қараңыз, аудандағы 2 шаруашылықтың қарызы әлгі бе­ре­шек 45,4 млн теңгенің 70 пайызын құрайды екен. Екеуі де Аққұм ауылына тиесілі. Оның бірі «Аққұм-Жер» шаруа қожалағы болса, келесісі – «Бақдәулет» ШҚ. Тиісті жұмыстардың арқасында «Аққұм-Жер берешегінің біршама бө­лігін өтеген. Ал «Бақдәулет» ШҚ қа­рызының әлі 1 тиыны да төленбеген. Осы ретте аудан әкімі қарыздарын өтеу бойынша тиісті жұмыстарды жүргізуді ауыл әкімдері мен бөлім басшысына қатаң тапсырды. 

– Су тіршілік көзі дейміз, бірақ соны шын сезінбейміз. Бұған жоға­ры­дағы мәліметтер дәлел. Су бол­ма­са, күрішіміз өсіп, кәсібіміз алға бас­пас еді. Келісім-шартқа отыруға ша­руа­шылықтар барады. Бірақ оның берешегін өтеуде неге қайта қадам жасауға құлықсыз? Сұрақ көп, жауап жоқ. Мұндай шаруашылықтармен жұ­мыс жасауымыз керек. Қажет болған жағдайда қарызын өтемей маусы­мында су бермеңіздер. Өзіміз жыл сайын мәселе күрделеніп, сол суға әрең жетеміз. Ал оны пайдаланарда осын­дай олқылықтарға жол береміз. Пайдаланған судың ақысын өте­мей­­міз, ротация сақтамай, суды көп қа­жет ететін күріш дақылын меже­ден артық егеміз. Шындығын айтқанда, қалыптасқан мәселені күр­­­де­­­лен­ді­ріп отырған да өзіміз. Сон­дық­тан алдағы уақытта осындай олқы­лық­тар­ға жол бермеңіздер. Қарыздар өтел­сін, межеден артық егін орна­ласты­рылмасын. Осы жағын қатаң бақылауға алуды тапсырамын, – деді Ардақ Әбдіғаппарұлы. 

Мәжілістің күн тәртібінде соңғы мәселе құрылыс саласына арналды. Атқарылып жатқан жұмыстарды ке­ңінен тарқатқан бөлім басшысы Ға­лымжан Қайназаров биыл да жыл аяғына дейін ауданда құрылыс қарқын алатынын жеткізді.

Бөлім басшысы биыл алғашқы тоқсанда 3 нысанның құрылыс жұ­мыс­тарын жүргізу жоспарланғанын айтады. Қазіргі таңда 2 нысанның құрылыс-монтаждау жұмыстары бас­талған. Олардың қатарында Есет батыр елді мекенінің тұрғын үй сек­торларының инженерлік-комму­ни­­кациялық инфрақұрылымын салу жұ­­мыстары бар. Яғни ауылдағы электр желілерін жаңғыртуға 338,8 млн теңге қаралған. Мердігер мекеме «Сәт Сервис» ЖШС қазіргі таңда құ­рылыс жұмыстарын бастап кетті. Сондай-ақ Темірбек Жүргенов елді мекенінің электр желілерін жаңғыртуға 435,1 млн теңге қаралған. Мердігер мекеме – «Энергомера» ЖШС. Бөлім басшысы осы екі жобаның құрылысы басталғанын айтады. Ал Мақпалкөл ауылдық округінің әкімі Бауыржан Тұңғышбаев ауылға әлі мердігер мекеменің ат ізін салмағанын айтады. 

– Үшінші нысан бойынша келісім-шарт мемлекеттік сатып алу пор­та­лынан түзетулер енгізілуде. Ол – Мырзабай ахун елді мекенінің тұр­ғын үй секторларының инженерлік-ком­му­никациялық инфрақұрылымын салу жұмыстары. Яғни ауылдың электр  желілерін жаңғыртуға 148,4 млн теңге қаралған. Мердігер мекеме – «Нұрай Ақжол РГ» ЖШС. Құрылыс монтаждау жұмыстарының мерзімі – 6 ай. Яғни барлығы да қыркүйек айында толық пайдалануға беріледі, – деді Ғалымжан Қайназаров.

Естеріңізде болса, аудандағы оқу­шылар үйі мен өнер мектебінің жобасы сақалды құрылысқа айналған. Нысан пайдалануға берілетін мерзімінен бір­неше жылдан кейін есігін ашқан. Ауданда сонымен қатар салынған тағы бір нысан бар-тын. Яғни кенттегі дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылыс жұмыстары да осыдан 3 жыл бұрын басталған. Содан бері әлгі нысан әлі күнге дейін пайдалануға берілмеді. Осы тұста бөлім басшысы жақсы жаңалығымен бөлісті. Яғни спортсүйер қауым асыға күткен ғимарат осы айда ел игілігіне беріледі.

Азаматтарды баспанамен қамта­масыз етіп, әлеуметтік экономикалық жағдайын жақсарту үшін былтыр Ұлт­тық қордан 538,5 млн теңге бө­лінген. Оған ауданнан 51 тұрғын үй сатып алынып, кент әкімі аппаратының тең­геріміне өткен. Биыл Ұлттық қордан тағы 5 тұрғын үй сатып алуға 63,5 млн теңге қаралды. Қазіргі таңда жер телімін орналастыру бойынша жұ­мыстар жүруде.

Облыстың мемлекеттік сатып алу басқармасы арқылы қаңтар, ақпан, наурыз айларында конкурстар жария­ланған. Олардың қатарында ауданнан емдеу мекемелерінің жаңадан кәріз жүйесі құрылысы бар. Жобаның жалпы құны – 1 млрд 290 млн теңге. Мұнан бөлек «Ақтерек» учаскесіндегі 170 гектарға тұрғын үй секторының инженерлік инфрақұрылым құрылысы да бар. Жоба құны – 1 млрд 72 млн.теңге. Алдағы уақытта мердігер меке­мелер анықталса, мұнан бөлек Есет батырда ауыз су жүйесін жаңғырту және кеңейту, жалпы ауылды дамыту және құрылысын салу схемасына тү­зету енгізу, Аққырда «Аққыр» каналын қазу, Мәдениет, Бұқарбай батыр елді мекендерін дамыту және құрылысын салу схемасына түзету енгізу, кенттің бас жоспарына түзету енгізу жұмыстары жүргізіледі.

Бөлім басшысы тиісті сала бас­шыларымен бірге кенттің келбетіне кері әсерін тигізіп тұрған жеке меншік және кәсіпкерлік нысандарды қалыпқа келтіру мақсатында бірқатар шаралар қолға алынғанын және олар әлден нәтижесін беріп жатқанын айтады. Яғни аудан орталығындағы кәсіпкерлік нысандардың сәулеттік келбетін жақ­сарту мақсатында, меншік иелеріне бөлім тарапынан әзірленген эскиздер ұсынылған. Мұнан бөлек ретсіз жатқан құрылыс материалдарын алып тастау барысында 30 меншік иесіне ескерту беріліп, ішкі істер бөлімі қызмектерлері арқылы 5 меншік иесіне айыппұл са­лынған. Бұл жұмыстар әлі де жал­ғасады. Ғалымжан Қайназаров әлден меншік иелері оларды реттеуге ниет білдіріп жатқанын айтады.

Мәжіліс соңында аудан әкімі мәсе­ле­лердің шешіміне жұмыс жасап, олқы­лықтардың орын алуына жол бер­меу қажеттігін қатаң ескертті. Сон­дай-ақ бұған дейінгі жиындардай тап­сырмалардың орындалуы бөлек қара­латынын да қаперге салды.

Тағы да оқыңыз: