Kyzylorda-news.kz Тарихқа көз жүгіртсек, Жалағаш аудандық тарихи-өлкетану музейінің жылнамасы ХХ ғасырдың 80 жылдарынан бастау алған. Өскелең ұрпақтың бойына отансүйгіштік қасиетті сіңіруде музейдің алар орны ерекше. Себебі ол адамзатты өткен уақытпен жүздестіріп, тарихтан сыр шертеді. Ұзақ жылдар бойы зерттеп-зерделенген асыл жәдігерлерді де қалың жұртқа ұсынатын мәдени орталықтың бірі де, бірегейі.
1980 жылдардың орта шенінде ауданда алғаш рет музей ашу жұмыстары қолға алынып, сол жылдары біршама жұмыс атқарылғанымен кейін түрлі себептермен мекеме жұмысы аяқсыз қалған. Соғыс және еңбек ардагері Орынбай Сарманов пен сол кездегі аудандық «Жаңадария», қазіргі «Жалағаш жаршысы» газетінің әдеби қызметкері Ахмет Тілеулиев ауданның елді мекендері, Қарақұм мен Қызылқұм бағыттарына экспедицияларға шығып, түрлі жәдігерлерді жинақтаған. Өкінішке орай 90 жылдары сол жиналған құнды заттар, орден-медальдар, құжаттар мен суреттердің бірсыпырасы жоғалып кеткен.
1998 жылдың аяғында, яғни ауданның 60 жылдық мерейтойына орай аудандық музейді ұйымдастыру жұмыстары қайта жанданып, музей экспозициясында сонау ХХ ғасырдың 20-30 жылдары құрылған ауылдың Кеңес үкіметі мен нәубет жылдарынан бастап қазіргі заманға дейінгі тарихы жайлы сыр шертетін құнды мәліметтер қамтылған. Қазіргі таңда 25 жылдық тарихы бар музей – аудан көлемінде өмір сүрген ата-бабаларымыздың тарихы туралы сыр шертетін асыл мұралар мекені.
– Мұнда аудандағы 70-67 млн жылдан бергі (археозой эрасынан мезозой дәуірінің бор кезеңінен) геологиялық тарихынан бастап, ауданымыздың қазіргі заманғы тарихы, мәдениеті мен өнерінен сыр шертетін 2 зал мен көркемсурет галереясы жұмыс істеуде. Экспозицияға қойылған экспонаттар хронологиялық ретпен орналастырылып, ауданымыздың құрылуы, тарихы, ауыл шаруашылығы мен мәдениеті жайлы сыр шертіп, көрермендердің үлкен қызығушылығын тудырып келеді. Ұлы Отан соғысына ауданнан 3 мыңға жуық азамат аттанып, олардың үштен екісі майдан даласынан оралмады. Музейде осы зұлмат соғысқа арналған стендте құнды суреттер мен материалдар ілулі тұр. Сондай-ақ батырлардың қару-жарақтары, халқымыздың ежелде қолданған көне тұрмыстық заттары, киім-кешектер, мен өлкенің табиғатын бейнелейтін өсімдіктер мен жануарлар, түрлі аспаптар да, кезінде Қарақұмда су тартылған кезде астындағы жәндіктер, ағаштар тасқа айналған деседі. Сол жәдігерлер де қазір біздің музейдің төрінен орын алып тұр. Қазіргі таңда жалпы музей қорында 7 мыңнан астам экспонат сақталуда. Алдағы уақытта да музей ұжымы ауданның сан ғасырлық тарихын зерттеп-зерделеп, аудан көлеміндегі тарихи-мәдени мұраларды жинақтап, қорды құнды экспонаттармен толықтыра бермек, – дейді мекеме қызметкері Қанат Жапақов.
Мұражайдың көрме залдарында түрлі тақырыптарға көрмелер, т.б. түрлі мәдени іс-шаралар ұйымдастырылып тұрады. Мәселен, бірнеше жылдан бері аудандық музейде «Туған жерге саяхат» атты кіші музейлік туризм жобасы іске асырылуда. Бұл бағытта аудан көлемінде орналасқан желгі және ортағасырлық тарих және мәдениет нысандарының экскурсиялық жол картасы мен маршруттық карта-схемалары әзірленіп, өскелең ұрпақты туған өлкеміздің көрікті жерлері мен бірқатар тарих және мәдениет ескерткіштерімен таныстыру, әр ғасырларда аудан өңірінде өмір сүрген тарихи тұлғалардың өмірі мен ерлік жолдарын насихаттауда тарихи-танымдық экскурсиялар ұйымдастырылып тұрады. Сондай-ақ мектеп және колледж оқушылары үшін «Мирас» үйірмесі толыққанды жұмыс жасауда.
Музей экспонаттары халық тарихы мен өнерін қамтитын талай заманның тірі куәгерлері десек, қателеспейміз. Оқушылардың музейге экскурсия жасауы арқылы олардың туған жеріне, тілі мен дініне, салт-дәстүріне деген құрметі артып, тарихи кезеңдерді толық зерттеп, әр экспонаттың тарихымен танысу арқылы білім мен тәрбиені қатар беруге болады. Халқымыздың рухани, асыл қазыналарын жинақтап, өлкеміздің өткені мен бүгінін жалғап отырған тарихы терең музейден түрлі жәдігерлер туралы құнды мағлұмат алған әріптесім екеуміз түйір-түйір тастың өзі тарихтан мол сыр шертетінін аңғардық.
Мөрәлі Шәменовтың жұмыс үстелі
Жалағаш аудандық өлкетану музейі елдің еңсе тіктеуіне елеулі еңбек еткен тұлғалар тұтынған тарихи жәдігерлерге толы. Соның бірі – Ұлы Отан соғысының ардагері Мөрәлі Шәменовтің қолданған заттары. Қанша уақыт өтсе де атамыздың сол күйі сақталған жұмыс үстелін көріп, кез келген адам таң қалары анық. Музей қызметкерінің айтуынша, 2006 жылы соғыс ардагерінің кіші баласы Өмірбек Шәменов жұмыс үстелімен қоса көзілдірігін, телефонын және саптама етігін де әкеліп музейге өткізген. Сонымен қатар қызмет еткен уақытында М.Шәменовтің қолтаңбасы қалған дәптерлері де сақталған. Оларға қарап қоғам қайраткерінің жұмыста қандай тиянақты болғанын білуге болады. Себебі қасындағы жұмысшыларға берген тапсырмасын осы дәптеріне тізіп жазып қана қоймай, оны тапсырған уақыты мен орындап өткізген уақытына дейін нақтылап жазып, қол қойдырып алған.
Бұйда пышақ
Бұйда пышақ – қазақ халқындағы соғыста және аңшылықта қолданатын суық қарудың бір түрі. Бір ғасырлық тарихы бар қару болат темірден соғылған, шаншуға, түйреуге лайықталған өткіржүзді болып келеді.
Жалпы ұзындығы 49 см болатын пышақтың сабы сүйектен жасалған және олар бір-біріне үш жерден тойтарып шегеленген. Сонымен қатар сабының бойында сәндік үшін көлденең жүргізілген сызықтар да бар. Бұйда пышақ аталуын оның кендір мен жүннен жасалған бұйда жіпті байлауға, түйе немесе өгіздің мұрнын тесіп, жез орнатуға ыңғайлы пышақ болғанымен байланыстырады. Оны Қазақстанның кей жерлерінде «сарымойнақ» деп те атайды. Себебі бұйда пышақтың сабы жез, мыс тәрізді сары металдармен әшекейленген. Музей қызметкерінің айтуынша, бұйда пышақты Ақсу ауылының тұрғыны жылқышы Төлеу Мәншарипов өткізген. Ол әкесінен мирас ретінде қалған. Болат темір мен сүйектен жасалған №583 санымен белгіленген.
Шоқ өтек
Шамамен ХХ ғасырдың басында қолданыста болған шоқ өтек бір-біріне арнайы ілгек арқылы жалғанған ашылмалы қақпақтан және ішіне шоқ салатын корпустан тұрады. Жалпы шойыннан жасалған шоқ өтектің пішіні тік бұрышты, биік әрі алдыңғы жағы үшкір болып келген. Қақпақтың жоғары жағына цилиндр пішінді ағаш сабы бар биік тұтқа мен жұмыр басты ілгек бекітілген. Қақпақтың астына іштегі түтін сыртқа шығуы үшін ирек пішінді саңылаулар қалдырылған. Музей қызметкерінің айтуынша, корпустың төменгі бөлігінде орналасқан арнайы тесіктер өтектің түтін тартқыш қасиетін жақсарту мақсатында тесілген. Бұл жәдігерді музейге 2000 жылы Аққұм ауылының тұрғындары сыйға тартыпты.
Аштықтан құтқарған мылтық
Музей қызметкері Қанат Жапақовтың сөзінше, 1931-1933 жылдары жаппай ашаршылық уақытында ауылды аштықтан құтқарған Қанат деген кісі өмір сүрген. Ол құралайды көзге атқан мерген деседі, аңшылыққа шыққанда олжасыз оралмапты.
Қанат мерген келген уақытта ауыл тұрғындарының бәрі күтіп алатын болған. Ол тек ауыл халқын ғана емес, басқа көршілес ауылдарға да дәл осы мылтықпен аң аулап, ашаршылық халықтың аман қалуына көмектескен. Мылтық – «Тула» деген қару-жарақ зауытында жасалған. «Бердан – 2» деп аталатын мылтықты мергеннің немересі Әдебай Әлиұлы 1999-2000 жылдары музейге өткізген.