Kyzylorda-news.kz. Білім беру, денсаулық сақтау және спорттың қолжетімділігін арттыру бағытында жоспарлы жұмыстар жүргізілуде. Жол картаға сәйкес 2023-2027 жылдар аралығында Қызылорда облысында 26 мектеп салу және 4 мектепке қосымша құрылыс жүргізу жоспарланған. Бұл жайында облыстық мәслихаттағы «AMANAT» партиясы депутаттық фракциясының жетекшісі Аманжол Оңғарбаев жеткізді.
«Қазіргі таңда аймақта 6 апаттық мектеп және Қызылорда қаласында үш ауысымда оқытатын 6 мектеп бар. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында өңірде салынатын 21 мектеп есебінен апаттық мектептердің 4-еуінің мәселесі шешімін табады. Қалған 2 мектеп бойынша, атап айтқанда: Арал ауданы Тоқабай елді мекеніндегі апатты мектептің құрылысы жеке демеуші есебінен жүргізілуде. Нысан биыл пайдалануға беріледі. Шиелі ауданы Жансейіт елді мекеніндегі 100 орындық мектептің құрылысы «Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры» есебінен қаржыландыруға ұсынылып, қолдау тапты. Нәтижесінде апаттық мектептердің мәселесі 2025 жылы толық шешіледі деп жоспарлануда. Үш ауысымда оқытатын білім беру ұйымдары мәселесін шешу мақсатында облыс орталығындағы 4 мектептің жанынан 1850 орынға лайықталған қосымша ғимарат құрылысы жүргізілуде. Қалған 2 білім нысаны биыл пайдалануға берілетін Жезқазған трассасы бойындағы 600 орындық жаңа мектеп есебінен шешіледі. Осылайша биыл үш ауысымда оқыту мәселесі шешіледі деп күтілуде» деді депутаттық фракция жетекшісі.
Бұдан бөлек, аудандардағы орын тапшылығын шешу мақсатында осы жылы жаңа 3 мектеп пайдалануға берілмек. Айта кеткен жөн, 2023-2027 жылдары 14 спорт нысандарын салу жоспарланған. Оның ішінде биылғы жылы республикалық және облыстық бюджет есебінен Арал ауданы Жақсықылыш кентінде, Қамыстыбас ауылында, Қазалы ауданы Түктібаев ауылында, Сырдария ауданы Бесарық ауылында, Қармақшы ауданы III Интернационал, Жаңажол ауылында, Жаңақорған ауданы Ақжол ауылында барлығы 7 спорт кешені, Қармақшы ауданы Жосалы кентінде, Ақай кентінде, Жалағаш ауданы Жалағаш кентінде, Шиелі ауданы Шиелі кентінде, Қызылорда қаласы Тасбөгет кентінде барлығы 5 дене шынықтыру-сауықтыру кешені, барлығы 12 нысан құрылысы және «Самұрық-Қазына» әл-ауқат ұлттық қоры» АҚ демеушілігі есебінен Қызылорда қаласы Махамбет ауылында спорт кешені құрылысы жүргізілуде. Бүгінгі күні олардың ішінен 2 спорт нысаны пайдалануға берілсе, 9 спорт нысаны жыл соңында пайдалануға беру жоспарлануда. Сондай-ақ, 2 нысан, яғни Қармақшы ауданы III Интернационал, Жаңажол ауылындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешендері құрылыстары 2024 жылға өтпелі.
Айта кетейік, бүгін облыстық мәслихаттағы «AMANAT» партиясы депутаттық фракциясының жетекшісі Аманжол Сақыпұлы Оңғарбаев сайлауалды бағдарламасы бойынша атқарылған жұмыстар аясында ақпар берген болатын.