Kyzylorda-news.kz. «Жер аманаты» комиссиясының араласуымен өткен жылы Қызылорда облысы бойынша 157 мың гектарды құрайтын 256 жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылған. Биылғы жоспар 200 мың га. Бұл туралы «AMANAT» партиясы жанындағы «Жер аманаты» республикалық комиссиясының өңірдегі көшпелі отырысында айтылды.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өткен жылы қаңтар айында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында бос жатқан жайылым жерді қайтаруды және оларды ауыл тұрғындарына қолжетімді етуді тапсырған болатын. Осыған орай «AMANAT» партиясының жанынан барлық өңірлерде «Жер аманаты» комиссиясы құрылды. Комиссия жұмысының нәтижесінде өткен жылы еліміз бойынша 5 млн, облыс бойынша 157 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды.

Биыл комиссия облыс бойынша 200 мың гектар заңсыз немесе пайдаланусыз жатқан жерлерді мемлекет меншіге қайтаруды жоспарлаған, бүгінгі күні жалпы көлемі 91,1 мың гектар болатын 109 жер учаскелері мемлекетке қайтарылып, жоспар 45,5 пайызға орындалып отыр.

Бүгін өңірге жұмыс сапарымен келген «Жер аманаты» республикалық комиссиясы төрағасының орынбасары, ҚР Парламенті Мәжілісіндегі «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Бақытжан Базарбек пен «Жер аманаты» республикалық комиссиясы және ҚР Парламенті Мәжілісіндегі «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Мұрат Әбенов, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Жер ресурстарын басқару комитеті төрағасының орынбасары, «Жер аманаты» республикалық комиссиясының мүшесі Айдос Абдрахманов Жалағаш және Сырдария аудандарында болып, Таң, Ақжарма елді мекендері тұрғындармен және шаруа қожалық иелерімен кездесті.

Кездесулерде комиссия мүшелері «Жер аманаты» жобасының іске асырылуы мен жұмысты тиімді ұйымдастырудың жолдары, осы бағытта Жер Кодексіне және «Жайылымдық жерлер туралы» заңға еніп жатқан өзгерістер төңірегінде ақпарат берді.

«Жайылымдар туралы заңда өзгерістер өте көп. Мысалы «Қоғамдық жайылымдар»,- деген ұғым енгізіп отырмыз. Яғни пайдаланусыз, бос жатқан жайлымдық жерлерді ақпараттық базада қоғамдық жайылым деп енгіземіз. Бұл жерлерді әкімдік тарапынан басқа біреулерге берілмейді. Мұнан бөлек конкурссыз жер беру мәселесін тоқтатуға жұмыс жасап, керісінше конкурста сол ауылда кемінде 5 жыл тұрған азаматтар мен кооперативтерге қосымша балл берілу мүмкіндігін күшейтіп жатырмыз және үлескерлер үшін арнайы заң жобасын ұсынып отырмыз. Алдағы уақытта заң жобасының авторы ретінде осы бағытта үлкен жұмыстар атқаратын боламыз»,- деді, «Жер аманаты» республикалық комиссиясы төрағасының орынбасары Бақытжан Базарбек.

Кездесулер барысында азаматтар үлескерлердің дивидендтерін қайтару, шартты жерлерін жоғалтып алу, үлескерлер қатарынан шығып қалу секілді өздерін толғандырған мәселелерді ортаға салды.

Сыр өңірінің басқа өңірлермен салыстырғанда ерекшелігі күріштің отаны екенін тілге тиек еткен «Жер аманаты» республикалық комиссиясы және ҚР Парламенті Мәжілісіндегі «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Мұрат Әбенов елімізде реформалар жасалған кезде күрішті егіп, баптаудағы түрлі мәселелер ескерілмей қалады.Сондықтан өңірдегі жұмыс сапардың мақсаты да жергілікті халықтың мұң-мұқтажын тыңдап, оларды сараптап, жеке дара ұсыныс ретінде заң жобасына енгізу екенін атап өтті.

Ақпарат үшін: Өткен жылы Жалағаш ауданы бойынша 8952,6 гектарды құрайтын 20 жер телімі, Сырдария ауданы бойынша 16631,1 гектар 25 жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылған. Биылғы жоспар 34 мың гектардан. Бүгінгі күнге Жалағаш ауданы бойынша 12073 гектар, Сырдария ауданы бойынша 10762,3 гектар мақсатына сай пайдаланылмай жатқан ауыл шарушылығы бағытындағы жер мемлекет меншігіне қайтарылды.

348465952_782607329990128_4423059831907991330_n.jpg347254620_284078643972801_4411360076730497579_n.jpg

Тағы да оқыңыз: