Kyzylorda-news.kz ҚР Парламенті Мәжілісіндегі «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері Мұрат Әбенов, Мархабат Жайымбетов және Мұрат Ергешбаев өңірге жұмыс сапары барысында Сырдарияның сол жағалауында орналасқан жаңа теннис орталығының жұмысымен де танысты.
Қызылорданың спорттық инфрақұрылымын жетілдіруге бағытталған бұл нысан өңір үшін маңызды әлеуметтік жобалардың бірі саналады.
Халық қалаулылары орталықтағы жаттығу жүйесімен, материалдық-техникалық базасымен, спортшыларға жасалған жағдайлармен және кадрлық әлеуетпен танысты.
Орталық 2024 жылдың қазан айында пайдалануға беріліп, жасөспірімдер мен балалар арасында теннис спортына деген қызығушылықты арттыруға мүмкіндік ашты.
Жобаны іске асыруға облыстық бюджеттен 2,5 млрд теңге бөлінсе, Samruk Kazyna Trust әлеуметтік жобаларды қолдау қоры тарапынан 900 млн теңге бағытталған. Қазіргі таңда орталықта 350 бала тұрақты түрде жаттығады. Оларға 5 кәсіби жаттықтырушы оқу-жаттығу процесін жүргізеді. Әр жаттықтырушы 4 топпен жұмыс істейді, бұл балаларды қамтуды ұлғайтуға жағдай жасайды.
Фракция мүшелері орталықтың оқу бағдарламасымен, спорттық секциялармен және өңір спортын дамыту жоспары бойынша мәліметтер алды.
Теннис орталығының жылдық жалпы бюджеті 260 млн теңгені құрайды. Депутаттар мұндай нысандардың салынуы өңірде салауатты өмір салтын қалыптастыруға, бұқаралық спортты дамытуға және спортшылардың кәсіби деңгейін арттыруға ықпал ететінін атап өтті.
