Жалағаш аудандық «Руханият» орталығында көріпкел, емші, әулие Бекниязұлы Беркінбай кәлпенің туғанына 115 жыл толуына орай «Әулиенің жұмбақ әлемі» атты облыстық танымдық конференция өтті. Конференцияны Жалағаш аудандық мәслихаттың төрағасы Өмірзақ Елеусінов жүргізіп, кәлпенің қасиеті мен өмір жолына тоқталды. 

– Бүгінгі танымдық конференцияға тарихшылар, белгілі зиялы қауым өкілдері, ардагерлер және кәлпенің ұл-қыздары қатысып отыр. Дана халқымыз «Асыл туған адамның баға жетпес нарқы бар» деген нақылды бекер айтпаған. Әркім өз дәуірінің перзенті. Адам мен қоғам біртұтас десек, адамды сол өзі өмір сүрген дәуірінен бөліп алып қарай алмаймыз. Адамдардың қызметін тұтас дәуір тарихы, замана шындығы деп қараймыз. Беркінбай кәлпе де өз дәуірінің жүгін арқалаған тұлға. Беркінбай кәлпе жаратылысы ерек, тұла-бойында беймәлім қасиет тұнған тұлға аса мықты емшілік қабілетімен де елдің ыстық ықыласына, құрметіне бөленген жан. Бүгін қасиет қонып, қыдыр дарыған кәлпенің туғанына – 115 жыл болып отыр. Осыған орай ұйымдастырылған конференцияның мақсаты – халықтың есінде ерекше қасиетімен, әулиелігімен, қазақы емшілігімен есте қалған тұлғаның рухына тағзым ету, елеулі еңбегін насихаттау, – деді Өмірзақ Елеусінов.

Беркінбай кәлпенің өмірінен сыр шертетін бейнебаян көрсетіліп, Сыр еліне белгілі тарихшылар кәлпенің кереметін көпшілікке сөзбен суреттеп жеткізді. Конференцияда Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің аға оқытушысы, педагогика ғылымдарының магистры, Қазақстан Республикасының Тарих және қоғамдық ғылымдар академиясының академигі Бақытжан Ахметбек, «Дін мәселелерін зерттеу орталығының» маманы, «Сыр дидары» газетінің редакторы Сәкен Алдашбаев, Т.Жүргенов атындағы №123 мектеп-лицейдің тарих пәнінің мұғалімі Дархан Ілиясов, Аудандық музейдің ғылыми қызметкері, тарихшы, Қазақстан журналистер одағының мүшесі Марат Шөмекей баяндама жасап, тақырып төңірегінде тың деректерімен бөлісті. Сонымен бірге, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Садық Әлиев, Беркінбай кәлпенің баласы Бисен Беркінбаев және әулиенің көзін көрген ардагерлер сөз сөйледі.

Беркінбай Бекниязұлы 1909 жылы Ақсу ауылының «Ақбөгет» деген жерінде дүниеге келген. Әйгілі Сыр бойының саңлақ батыры Сәрке батырдың алтыншы ұрпағы. 1977 жылы кәлпе өмірден өтіп, өзі туып-өскен ауылының қасиетті топырағына жерленген. Оның басына салынған төртқұлақты күмбезді кесене маңдайшасына кәлпенің көзі тірісінде қолданған дәрет құманы мен өзі Түркістан жақтан көтеріп әкелген қара тастың сынығы қойылған. Бұл киелі орын мәдени ескерткіштер тізіміне еніп, мемлекет қарауына алынған. Танымдық конференциядан соң Беркінбай Бекниязұлының ұл-қыздары мен ұрпақтары кәлпе рухына арнап, ас берді.

Тағы да оқыңыз: