Kyzylorda-news.kz Бұған дейін ауыл шаруашылығы саласын толайым табыспен қорытындылаған жалағаштық шаруалар биыл да көктемгі науқанды уақытында бастап,  алды күрішін суға бастырып үлгерді. Сала заманауи техникалармен жарақталып, шаруалар қазір қызу жұмысқа кірісіп керткен. Жалпы, аудан диқандары биыл қанша жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастырды, аяқ су мәселесін айналып өтуде нендей шаралар қолға алынуда, биыл тұрғындардың бақша салуына қанша гектар жер ашылды? Осы және өзге де сауалдарға жауап алу үшін Жалағаш аудандық ауыл шаруашылығы және жер бөлімінің басшысы Алтынбек Дәрібаевпен сұхбаттастық. 

– Алтынбек Тұрмағанбетұлы, былтыр ауданда жалпы қанша гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылды? 

– Жалағаш ауданы бойынша 2023 жылы орналастырылатын ауыл шаруашылығы дақылдарының бекітілген сызбасына сәйкес, 37052 гектарға егiн орналастыру жоспарланып, 37079 гектар алқапқа егін толық орналастырылды. Оның ішінде негізгі дақыл күріш 19 800 гектарды құрайды. Мұнан бөлек бидай 750 гектарға, қант құмайы 70 гектарға, арпа 70 гектарға, соя 64 гектарға, мақсары 520 гектарға, сүрлемдік жүгері 700 гектарға, сұлы 5 гектарға, жаңа жоңышқа 4850 гектарға егіліп, 7200 гектар ескі жоңышқа күтімге алынды. Сондай-ақ, картоп 646 гектарға, көкөніс 1 108 гектарға және басқа да бақша өнімдері 1 296 гектарға егілді. Күзгі науқанда межелі өнімге қол жеткізіп, астықты шаруалар жауын-шашынға қалдырмай жинап алды.  

– Жергілікті шаруашылықтарда былтыр көктемгі науқанда тұқым, тыңайтқыштан мәселе болды ма? 

– Бізде ондай мәселе болмайды, себебі өзіміздің шаруашылықтар да жоғары сұрыпты тұқым дайындауды қолға алғанына бірнеше жыл болды. Шаруашылықтар тарапынан 2023 жылы егін орналастыруға қажетті 4 950 тонна күріш, 120 тонна бидай, 0,6 тонна сұлы, 13 тонна мақсары, 12 тонна арпа, 4 тонна соя, 1 тонна қант құмайы, 15 тонна жүгері, 44 тонна жоңышқа тұқымдарын дайындау жұмыстары жүргізілді. 2023 жылдың егісіне қажетті 10810 тонна минералдық тыңайтқыштар дайындалып, 24060 литр гербицид дайындалды. Көктемгі егісті орналастыру жұмыстарына аудан бойынша 887 дана ауыл шаруашылығы техникалары қатысты. Шаруашылықтар тарапынан жыл басынан бүгінгі күнге дейін 11 дана ауыл шаруашылығы техникалары 168 011 мың теңгеге сатып алынған. 

Жалпы, аудан диқандары биыл қанша жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастырды? Биыл көктемгі дала жұмыстарында техникадан мәселе бар ма? 

– Биыл 36 565 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егіледі. Жалпы ауданда 200-ге жуық шаруашылық егінмен айналысса, оның 150-ден астамы Сыр салысын себеді. 

Аяқ су тапшылығы жыл сайын шаруаның ширауына айтарлықтай қолбайлау болуда. Мәселе жыл сайын күрделенбесе, шешімін тапқан емес. Осы ретте су тапшылығын ескере отырып, ауданда күріш дақылының көлемі өткен жылдан 1300 гектарға қысқарып отыр. Есесіне суды аз қажет ететін дақылдарға басымдық берілген. Мәселен, өткен жылмен салыстырғанда бидай 149 гектарға, қант құмайы 20 гектарға, мақсары 10 гектарға, жоңышқа дақылдарының көлемі 625 гектарға артады.

Ауданда ақегіс жұмыстары 10 наурызда басталды. Қазіргі таңда жоспарланған 530 гектар мақсары, 4850 гектар жаңа жоңышқа, 770 гектар жаздық бидай орналастырылды. Мұнан бөлек 129 гектар күздік бидай күтімге алынған.

Жергілікті шаруашылықтар тарапынан биыл егін орналастыруға қажетті 4 625 тонна күріш, 154 тонна бидай, 0,6 тонна сұлы, 13 тонна мақсары, 8 тонна арпа, 4 тонна соя, 18 тонна жүгері, 48 тонна жоңышқа тұқымын дайындалуда. Қазірдің өзінде биылғы егіске қажетті 4 625 тонна күріш тұқымының 4100 тоннасы дайын. 

Мұнан бөлек шаруашылықтар тарапынан егінді күтіп баптауға қажетті 10 400 тонна минералдық тыңайтқыш, 22 мың литр гербицид дайындау жоспарланған. Бүгінде7029 тонна минералдық тыңайтқыш және 1 950 литр гербицид жеткізілген.

Шарушылықтар техникалық базасын нығайтуға әлі де басымдық беріп отыр. Биылдың өзінде жалпы құны 207 млн теңгеге 2 ауыл шаруашылығы алынған. Ал көктемгі егісті орналастыру жұмыстарына 955 ауыл шаруашылығы техникасы қатысуда. Оның ішінде 520 трактор, 115 соқа, 52 тұқым сепкіш, 100 автомашина, 168 трактор тіркемесі бар. Қазіргі таңда ауыл шаруашылығы техникалары егін орналастыру жұмыстарына сақадай сай десе де болады.

Шаруашылықтар тарапынан көктемгі егін орналастыру жұмыстарына «ГосАгро» порталы арқылы 1 685 тонна жеңілдетілген дизель жанармайына өтінім берілген. Қазіргі таңда 12 шаруашылық 245тонна дизель жанармайын алып, егін орналастыру жұмыстарына кірісіп кетті. Дизель жанармайының 1 литрі 248 теңгеден жеткізілуде.

Биыл су алу маусымы кезеңінде су тапшылығын болдырмау үшін ауданда егістік алқаптарын сумен қамтамасыз етудің іс-шаралар жоспары әзірленген. Су тапшылығының алдын алу мақсатында инженерлік жүйедегі егістік жерлерде дақылдарды кезектестіру кестесін қатаң сақтау, ауыспалы егіс жүйесіндегі және жайсын жерлердегі биік жерлерге күріш дақылын орналастыруға тиым салу, қашыртқылардағы суды қайта пайдалану үшін су айдайтын насос қондырғыларын орнатуды ұйымдастыру, ішкі шаруашылық су жолдарын механикалық тазалау және су құрылыс нысандарын уақытылы жөндеу, егіс алқаптарында су тапшылығы орын алған жағдайда пайдаланатын насос қондырғыларын дайындау қажет. Бұл жайында шаруашылықтарға алдын ала ескертілген. Былтыр орын алған олқылықтарға көз жүгіртсек, кейбір шаруашылықтардың бұл талаптарды сақтамағанын аңғару қиын емес. Мәселен, өткен жылы ауданда 1 346 гектар күріш артық егілген. Осы ретте ауыспалы егіс тәртібін өрескел бұзған 16 шаруашылық анықталып, заңға сәйкес тиісті шаралар қабылдау үшін Қызылорда облыстық жер ресурстарын басқару департаментіне жолданған.

Биыл егінді күтіп баптауда 32 су тартқыш насос қондырғысын пайдалану жоспарланып отыр. Оның ішінде 13 насос «Казсушар» өндірістік учаскесі тарапынан шаруашылықтарға берілсе, 19 насос шаруашылықтардың өз қаржысына алынған. Насос қондырғыларын қалпына келтіру жұмыстары әлі де жалғасын табуда.

Себілген дәнге су толық баруы үшін жердің тегістігі маңызды рөл атқарады. Бұл бір жағынан өнімнің шығымына да айтарлықтай оң әсер етері анық. Биыл 20 мың гектар инженерлік әзірленген жерлерде лазерлік тегістеу жұмыстары атқарылған. Мамандар оның суды үнемдеуде де үлесі басым екенін айтады.

Ауданда тұрғындар тарапынан картоп, бақша дақылдарын орналастыруға жер дайындау жұмыстары біз ізге түсті. Бүгінде аймақ басшысының бұл бастамасы халықтың бақша өнімдерін өздері егуіне қолғабыс болып отыр. Осы ретте айта кетейік, шаруашылықтар тарапынан жер аршылады, қоршалып, аяқ су жеткізіледі. Ал халық тек салған бақшасының күтіміне жауапты. Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімі биыл да осы бағытта жұмыстары жалғасатынын айтады. Яғни 500 гектар жаңадан жер дайындалып, оның 235 гектарына картоп, 192 гектарына басқа да бақша дақылдары, 73 гектарына көкөніс орналастырылады. Қазіргі таңда 610 тұрғын картоп, көкөніс, бақша дақылдарын орналастыруға өтінім білдірген. Мұнан бөлек Мақпалкөл ауылдық округіндегі «Ер-Әлі» шаруа қожалығы 10 гектар жерге тамшылатып суару әдісімен картоп, бақша дақылдарын орналастыруды жоспарлап отыр. Бұл жұмыстарды аталған шаруашылық дәстүрге айналдырған. Оның да ел игілігін көріп отыр десе де болады. Себебі төраға Әліби Бекжанов күзде жиналған бақша өнімдерін жалағаштықтарға арзан бағада ұсынуда. 

Былтыр аудандағы 172 шаруашылық «Жалағашсушар» өндірістік учаскесімен 474,9 млн теңгеге су жеткізу қызметіне келісім-шартқа отырған. Бүгінде оның 427,6 млн теңгесі төленген. Шаруашылықтардың пайдаланған су жеткізу қызметіне әлі де берешек қарызы 47,3 млн теңгені құрайды. Қазіргі таңда қалған берешек қарыздар сот арқылы өндірілуде.

– Жалпы аяқ су мәселесі күрделеніп келе жатқанын жақсы білесіз, жалпы бұл мәселенің алдын алуда нендей шаралар қолға алынуда? 

– Су тапшылығы жағдайында аудан шаруашылықтары насос қондырғыларын пайдалану арқылы егінді сумен қамтамасыз етуде. Былтыр аудан шаруашылықтары 40 дана су тартқыш насос қондырғыларын егінді суаруға пайдаланды, оның ішінде 12 дана насос қондырғысы «Жалағашсушар» өндірістік учаскесінен шаруашылықтарға берілсе, 28 дана насос қондырғысын шаруашылықтар өз қаржысына алған. Былтыр 179 гектар күріш алқабына су шықпай қалғаны анықталды. Яғни Мақпалкөл ауылдық округіндегі «Мақпалкөл» ЖШС-ға қарасты 96 гектар, «Ақмар» ШҚ-ға тиесілі 15 гектар, Бұқарбай батыр ауылдық округндегі «Дінмұхаммед» ФҚ-ға қарасты 68 гектар алқапқа су шықпай қалғаны белгілі болды. Аудан бойынша орналастырылған 19 800 гектар күріш егісінің 14 320 гектары немесе 72,3 пайызы жақсы жағдайда, ал 4 550 гектары немесе 23 пайызы қанағаттанарлық, 930 гектары немесе 4,7 пайызы нашар жағдайда болды. Күтімге алынған 7 200 га ескі жоңышқа дақылынан мал азығын алдық. Орта есеппен 1 гектардан 22,2 центнер өнім алынды.

Аяқ су өздеріңіз білетіндей, жылда күрделеніп келе жатқан мәселелер қатарында. Біз сондықтан егінді әртараптандыруға басымдық беріп отырмыз. Яғни суды көп қажет ететін дақылдар көлемін азайтып, керісінше күріш секілді 90 күн суда тұрмайтын өнімдерге басымдық берудеміз. Осы мәселенің салдарынан биыл да күріштің егіс көлемін қысқартауға осы аяқ су мәселесі себеп болып отыр. 

– Былтыр Жалағаш ауданында бақша дақылына көптеп жер ашылды деген дерек бар. Қуантарлығы, бұл жерлер бақша салуға ниет еткен кез келген аудан тұрғындарына үлестіріліпті. Жалпы, жаңадан ашылғн жерлер қанша отбасына берілді? Бұл мүмкіндікті жергілікті халық тиімді пайдаланды ма? 

– Ауданда жеке тұрғындардың бақша салуына 500 гектар жер дайындау жоспарланған болатын. Дайындалған 500 гектар жерге 921 отбасы 217,3 гектар картоп, 63 гектар көкөніс, 219,7 гектар бақша дақылдарын орналастырған болатын. Былтыр олар қауын-қарбызын, басқа да бақша өнімдерін алды. Біз жерді ашып, дайындап береміз, тұрғындар тек егін егіп, оның күтіміне ғана жауапты болмақ. Бұл жұмыстарды биылғы жылы да жалғастыру ойда бар. Бұл бір жағынан қарапайым халықтың қыстық азығын ала жаздай қамдап алуына үлкен мүмкіндік болып отыр. 

– Сұхбатыңызға рахмет!  

Тағы да оқыңыз: