Kyzylorda-news.kz Егістікке алып баратын жол бойындағы қақпадан әрі астық, бірақ күріш алқаптары әлі көзге ілінбеді. Біз жиегін жағалай келе жатқан атыздарда жоңышқа жайқалып тұр. Әріректе арқандаулы тұрған ат қорықшыға тиесілі болуы керек, өйткені мынадай аптап ыстықта диқандар егіс басында бола бермейді. Таң атысымен құлақтарды ашып, күрішін күн ысығанша қоректендіріп болады. Түстен кейін бестің шайын ішіп алып, алқап басына қайта барады. Міне, осыдан-ақ ауыл еңбеккерлерінің жұмысты жүйелегенін байқау қиын емес.

Аламесектің әлі батысында жүрміз, 5-6 атызды артқа тастадық, алдымыздағы картаның арғы атыздарында бітік шыққан жоңышқа түгелдей сұлап жатыр. Соған қарағанда комбайнер сол беттен бастап орақ салған секілді. Тағы 3-4 атызды артқа тастағанымыз сол еді, артында тіркемесі бар тракторды жарақты жігіттер жағалап жүр екен. 

Иә, бұл – Жалағаш ауданына қарасты Есет батыр ауылындағы «Қарабура-Ата-1» шаруа қожалығына тиесілі егіс алқабы. Төрағаның есеп жөніндегі орынбасары Абдолла Шалқымаев та егіс басында екен. Сөзінше, шаруашылық жоңышқаның бірінші орымын аяқтап қалған. 

Биыл шаруашылықтың 500 гектар алқабы жоңышқаға арналған. Оның 300 гектардан астамы – ескі, ал 170 гектары – жаңа жоңышқа. Әбекең жыл сайын ескісіне 3 мәрте, жаңасына 2 рет орақ салатынын айтады. Ауыл еңбеккерлеріне 100 пресстен тегін таратылады екен. 

Жалпы «Қарабура-Ата-1» шаруа қожалығының бұл ауылдың әлеуетінің артуына, абаттануына айтарлықтай көмек беріп жатқанын бұған дейін ауыл әкімінен де естігенбіз. Мәселен, осыған дейін елді мекенге кіреберіс орталық көшеге жалпы құны 5 млн теңгеге жарық бағаналарын орнатты. Жағдайы төмен қаншама отбасына қолғабыс еткен. Жыл сайын сабантойда дала дарабоздарына жалпы құны 30-40 млн теңгедей қаржылай сыйақы үлестіреді. 

44 адамды жұмыспен қамтып отырған шаруашылық былтыр 500 гектарға жуық жерге Сыр салысын сепкен. Күзгі науқанда гектарынан 62 центнерден өнім жиған. Диқандардың алды гектарынан 80 центнерге жуық өнім алыпты. Мұндай нәтижелі еңбек еткен дала дарабоздары жалақысынан бөлек сабантойда қыруар қаражатқа кенеледі екен. Мәселен, былтырдың өзінде шаруашылық еңбеккерлеріне жалпы құны 30 млн теңгеден астам қаражат үлестірілген. Былтырғы сабантойда 3 еңбек озаты темір тұлпар тақымдады.

Төрағаның есеп ісі жөніндегі орынбасары Абдолла Шалқымаев бұл үрдіс 2019 жылдан бері дәстүрге айналғанын айтады. Яғни шаруашылық құрылғалы Дастан Ержанов ауыл еңбеккерлерінің жұмысын лайықты бағалайды екен. 

– Өздеріңіз көріп тұрғандай, ауыл еңбеккерлері шабытпен еңбек етіп жатыр. Бұйыртса, жоңышқаның алғашқы орымын да алдағы аптада жинап үлгереміз. Әріптестерімнің ерекше қарқынмен еңбек ететіндей жөні бар. Себебі инвестор ұжымның әрқайсысының отбасылық жағдайын жақсартуға ерекше мән беріп келеді. Жалақылары да жаман емес, одан бөлек еңбек өнімділігі жоғары дала дарабоздарына қосымша тағы да сыйлықтар үлестіріледі. Бұл бізде соңғы 5 жылдан бері жалғасып келеді, – дейді Әбекең. 

Шаруашылық биыл да 470 гектар жерге күріш егіпті. Оның 135 гектары –  «Лидер», 110 гектары – «Маршал», қалғаны – «Янтар» сұрпынан. Жыл сайын «Лидер» мен «Янтар» тұқымын себетін еңбек ұжымы биыл тәжірибе есебінде 100 гектардан астам «Маршал» сұрпын қосып отыр. Әбекең оның «Лидер» секілді тауарлық бағытта өтімді екенін айтады. Ал пісіп-жетілу уақытына келсек, сәл ғана айырмашылық бар. Мәселен, «Лидер» 115 күнде ораққа дайын болса, «Маршал» 126 күнде пісіп-жетіледі. 

– Биыл аяқсудан айтарлықтай мәселе туындаған жоқ, былтыр болды, бірақ маусымында сутартқыш насостар пайдаланған жоқпыз. Биыл да оның қажеті болмайтын сыңайлы. Күріш негізінен толық пісіп-жетілгенше суда тұратын өнім болғандықтан аяқсу мәселесі біз үшін бәрінен маңызды. Ол болмаса, өнім де болмайды, өнім болмағасын жұмыс та күйрейді. Сондықтан аяқсу мәселесі түбегейлі шешілгені дұрыс. Әзірге одан тапшылық жоқ, – дейді Абдолла Шалқымаев.

Биыл шаруашылық көктемгі науқанды сәуірдің ортасында бастаған. Ал мамырдың алғашқы күні дән сеуіпті. Бүгінде Сыр салысы толық суға бастырылған. Диқандар енді күрішті тыңайтқыштармен қоректендіру үшін суды басып жатыр. Бұл жұмыстар аяқталысымен атыз құлақтары қайта ашылады. 

– Күрішті пісіп-жетілемін дегенше күтіп-баптауы қызық қой, тура бала сияқты, ол да қырқынан шығарылады. Одан кейін түрлі тыңайтқыштар беріледі. Олардың әрқайсысының өзіндік рөлі бар. Бірі алқапты арамшөптерден арылтса, енді бірі өнімді түрлі аурулардан қорғайды. Олардың да әрқайсысының берілетін уақыты болады. Негізінен тұқым уақытылы себіліп, өнім уақытында жиналуы керек. Ол үшін әр науқан өз деңгейінде орындалуы тиіс. Күріштің суын басқанымызға бірнеше күн болды, – дейді диқан Самат Бижанов.

Таңғы он жарымда күн ысып тұрған, одан бері бір сағаттай төрағаның орынбасарынан шаруашылықтың бүгінгі тынысын сұрадық. Қазір аптап ыстық басталды. Артында тіркемесі бар трактор тізгіндеген ағамыздың «жоңышқа толды, ауылға жүрейік» дейтіндей реті бар. Оны естіген Әбекең де бізбен жүрдім-бардым қоштасты. Қажетті мәліметтерімізді алып, біз де ауылды бетке алдық. 

Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ

Тағы да оқыңыз: