Kyzylorda-news.kz Соғыс… Осы бір сөз айтылғанда майданнан оралмаған оғландарын зарлана еске алып, бір Құдайға аманаттап отыратын, қайғыдан қан жұтқан қайран ана, жар, апа-қарындастың қасіреті елестейді. Иә, Ұлы Отан соғысына ауылдан талай боздақ аттанып, ел мен жер, бейбітшілік үшін жан берісіп, жан алысқаны айтпасақ та белгілі. Қолына қару ұстағаны майданға аттанса, қарттар мен әйелдер, бала-шаға майдан арсеналына айналып, тылда аянбай еңбек етті. Ұрыс даласында атылған оққа қарсы тұрмаса да, тылда еңбек еткен батырларымыз ашаршылықты, адам төзгісіз жұмысты басынан өткерді. Сондықтан Ұлы Жеңіске тыл ардагерлерінің қосқан үлесі өте зор. Соның бірі – Жалағаш ауданының тұрғыны, тыл ардагері Күлбағирам Тұрсынбаева. 

Мереке қарсаңында редакция ұжымы әжеміздің шаңырағына атбасын бұрып, сұхбаттасуды жөн көрдік. 90 жасқа таяған әжеміз аулада үй тірші­лігімен айналысып жүр екен. Бізді көр­ген әжеміз балаша қуанып қалды. 

«Соғысқа әкем МұхтарТұрсын­баев­ты және ауылдың ер-азаматтарын алып кетті. Ауылда бас көтеретін ешкім жоқ, ылғи кемпір-шалдар, қыз-келіншектер мен бала-шаға қалған. Мен соғыс бас­талған жылдары 5-6 жаста едім. Ол кезде ауыл халқы тары мен мақсары егеді. Біз таң атқаннан кеш батқанға дейін сол алқаптың басындамыз. Кіш­кентай болсақ та өгізге, атқа арба жегіп, алқапқа дәнді дақылдарды егуге жәр­дем бердік. Күздің кезінде шыққан өнімнің бір түйірін шашпай теріп, май­данға жөнелтіп отырдық. Онымен қоса әжелер балаларына жүннен киім тоқып, үйіндегі азық-түліктерін майданға жө­­­нел­­­­тетін» деп бастады әңгімесін Күлбағирам әже.

«Өмір – таусылмайтын күрес» де­­мек­ші, әжеміздің бейнеттің ащы дә­мін татып, тынбай еңбектеніп келе жат­қан жанның бірі екенін әңгімесінен бай­қадық. Әрине, әжеміз айтып отыр­ған бұл деректер біз үшін ертегі секілді, бірақ сонысымен өте қызықты еді. Сон­дықтан әжеме сұрақ қоя отырып, әңгімесін ары қарай жал­ғауын өтіндім. Кейіпкеріміз тағы да біраз ойға шомып, әңгімесін жалғай берді.

«Анам алқаптан бір уыс та­рыны қал­тасына салып, үйге алып келіпті. Әрине, бар аналық ойы сол та­рыны диірменнен өткізіп, балаларына талқан дайындап беру болса керек. Бірақ бригадир біліп, бір түйірін де қал­дырмай, алып қойыпты. Сонда анам да, біз де қыңқ еткен дауыс шығармай, ісімізге ұялып, бригадирден кешірім сұ­радық. Қазір ойласам, не деген жанкештілік, патриотизм деймін. Иә, ана­­мыз кешқұрым 2 түйір жүгеріні диір­меннен өткізіп, бізге сол ұннан нан жауып беретін. «Еңбектің наны тәтті» демекші, үйдегі бала-шаға таласып-тармасып жеп қоятынбыз», дейді тыл ардагері.   

Қаншама қиын күндерді артқа тас­тап, 1945 жылы қасіретті соғыс та аяқ­талды. Күлбағирам әжеміздің әкесі соғысқа 1942 жылы аттанып, 1946 жылы елге оралған. Әжеміз сол кезде не­бәрі 2-3 сыныптың оқушысы екен. Со­ғыстың қайда болғанын, қай жерде жараланғанын, бомбаның асты­нан қа­лай аман қалғанын, соғыстан кейін ауылды дамытуда бойындағы бар күш-жі­герін салғаны туралы әкесінің әңгімелерін кейіпкеріміз тыңдап өсіпті.

Иә, батыр әжеміз өткен қиыншы­лық­тардың қайтарымы ретінде қа­зіргі таңда балаларының, немере-шө­бе­релерінің ортасында өмір сүріп отыр­ғанына шүкіршілік етеді. Бүгінде әже­міздің 30-дан астам немере-шөбересі бар. Балалық шағының алаңсыз күн­де­рін ұрлаған сұм соғысты есіне де алғысы келмейді. 

Ол соғыстан кейінгі жылдары жо­ғары білім алып, ауданымыздың бі­лім саласының да­муына үлес қосады. Аудандағы Т.Жүргенов атындағы да­рынды балалар мектебінде 35 жыл бойы ұстаздық етіп, мықты тұлғаларды тәрбиелеген. Батыр анамыздың тек бір ғана арманы бар, ол «Кейінгі ұрпақ соғыс көрмей, тек бейбітшілікте өмір сүрсе екен» дейді.

«Ер есімі – ел есінде». Сұрапыл соғыстың ардагерлерінің есімі тарих­тың парағына алтын әріптермен мәң­гіге жазылып қалары анық. Көзі тірі­сінде құрмет көрсетіп, сыйлай білу – кейінгі ұрпақ, біздің парыз. Сұхбат со­ңында ақжаулықты әжемізден бата алып, көкірегіміз рухқа толы күйде редакцияға жол тарттық.

Жандос ЖАЗКЕН

Тағы да оқыңыз: