Kyzylorda-news.kz Бүгінде ұлттық дәстүр мен қазақтың қанына сіңген асыл қасиеттерді дәріптеуге мұрындық болып жүрген «Қазақ аналары – дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігі негізінде еліміздің түкпір-түкпірінде қызу жұмыстар атқарылып жүр. Берекелі бірлестіктің негізгі мақсаты – қазақы салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпты дәріптеп, келешек ұрпаққа насихаттау. Былтыр Сыр елінде жұмысын бастаған бұл шара облыстық филиал төрайымы Алтынай Мырқықызының бастауымен Шиелі ауданында да жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Бүгінгі кейіпкеріміз – аталған қоғамдық бірлестіктің Шиелі ауданы бойынша төрайымы Тұрсынай Сейтпенбетқызы осынау ізгі бастаманың төңірегінде қызмет атқарып, аудан және ауыл тұрғындары арасында дәстүріміздің қайта жаңғырып, кеңінен өріс алуына сеп болып жүр.

Қазіргі таңда ұмыт болып бара жатқан салт-дәстүрлеріміз бен ырым-тыйымдарымыздың ұрпақ тәрбиесіндегі рөлі айрықша. Осы секілді қазақ әйелінің ұлттық киімі, қыз бала тәрбиесі, отбасы сыйластығы тақырыптары қалың жұртшылық арасында қайта маңыз алу үшін еңбек етіп жүрген жан – Тұрсынай Әбдісадық. Ол – шаңырағын шаттыққа бөлеп, дүниеге парасатты перзент әкеліп, отбасы тынысын кеңейтіп, отын маздатып отырған аяулы жар, ақ желеңді абзал жан. Бүгінде құрметті зейнет демалысында болса да, халыққа қызмет етуден шаршаған емес. Өңірде кеңінен қолға алынған «Қазақ аналары – дәстүрге жол» бірлестігі негізінде аудан арасында жүйелі жұмыстар жүргізіп, түрлі тақырыпта іс-шаралар ұйымдастырып, қазақылықтың қасиетті жігін жалғап келеді.

Тұрсынай Сейтпенбетқызы 1959 жылдың 8 ақпанында Өзбекстан Республикасы, Бұхара облысы, Кенимех ауданында дүние жарығына келген. Он жылдық мектепті үздік бітірген соң, 1982 жылы Ташкент мемлекеттік медициналық институтының емдеу ісі факультетінде білім алып шығады. Өмір ағысымен Шиелі ауданының азаматы Болат Күлімбетке тұрмысқа шығып, аудандық денсаулық саласының жедел жәрдем бөліміне линиялық терапевт-дәрігер болып орналасады. Сол уақыттан бері Тұрсынай ханым медицина саласында үздіксіз әрі нәтижелі жұмыс атқарып келеді. Бұған оның түрлі оқыс жағдайларға тап болған аудан тұрғындарына көрсеткен көмегі, кенеттен қысылған науқастарды дер кезінде шешім қабылдау арқылы өлімнен арашалап қалғаны дәлел. Білікті маман алған білімі мен жинаған тәжірибесінің арқасында халыққа адал қызмет етті.

1993 жылы аудандық емханаға терапия бөлімінің меңгерушісі қызметіне ауысып, жұмыста ұйымдастыру қабілетінің жоғарылығын көрсетті. Бұдан соң 1999 жылғы денсаулық саласындағы жаңа реформаға байланысты «Болашақ» дәрігерлік амбулаториясының аға дәрігері қызметіне көтерілді. Ақ халатты абзал жан өзінің еңбекқорлығы мен ізденімпаздығының, біліктілігі мен іскерлігінің арқасында жай терапевт дәрігерден БМСКО «Болашақ» директоры қызметіне дейін өседі. Дәрігердің халық игілігіне атқарған адал қызметі ел арасында абыройының артуына сеп болды. Қарамағындағы қызметкерлерге тұрақты талап қойып, оның орындалуын қатаң қадағалағанының нәтижесінде «Болашақ» ұжымы облыстағы алдыңғы қатарлы медициналық ұйым дәрежесіне көтерілді.

Тұрсынай Әбдісадықтың отбасын дәрігерлер династиясы деуге болады. Жолдасы Болат Күлімбет білікті, ұйымдастырушы дәрігер ретінде елге танылған. Бүгінде құрметті зейнет демалысында. Олар – жанұясында 2 ұл, 1 қыз, 6 немере тәрбиелеп отырған бақытты ата-ана.

Тұрсынай Сейтпенбетқызы қабілетті ұйымдастырушы болудан бөлек көп іске қызығушылық танытады. Әлі күнге дейін спортпен, жүгірумен айналысады, қазақтың қара домбырасын тартып, ән айтып, күй шертеді, ұлттық ою-өрнекті баптап, тігіс те тігеді. Өзінің біліктілігін арттыру мақсатында Астана, Алматы, Ақмола қалаларына бірнеше рет оқуға да барған. Ел анасына айналған жанның түрлі бағытта жеткен жетістіктерінің бәрі де тынымсыз еңбек пен ізденуінің нәтижесінде екені анық.

Абзал ардагердің осынау өнегелі өмір жолында еткен ерен еңбегі мен төккен тері еленіп, аудандық, облыстық, республикалық деңгейдегі алғыс хаттармен, төсбелгілер мен құрмет грамоталарымен марапатталған. Елдің ыстық ықыласы мен халықтың алғаусыз алғысына бөленген. Олардың бірқатары – 2008 жылы облыстық денсаулық сақтау басқармасының Алғыс хаты, 2009 жылы облыстық денсаулық сақтау басқармасының Құрмет грамотасы, 2010 жылы «ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісі, 2012 жылы «ҚР Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» медалі, 2017 жылы ҚР Дәрігерлер Ассоциациясының «Алтын дәрігер» медалі, 2020 жылы «Ел ардақтысы» төсбелгісі.

Тұрсынай Әбдісадық 2017 жылы зейнет демалысына шыққанға дейін «Жалпы тәжірибелік дәрігерлік бөлімінің» меңгерушілік қызметін мінсіз атқарып, өзінен кейінгі жастарға өнеге болды. Ол тәрбиелеген жас дәрігерлер қазірде халық игілігі үшін жұмыс істеп, меңгерушілік, орынбасарлық қызметтің тізгінін ұстап отыр. Ал денсаулық саласының ардагері Тұрсынай ханым қазір зейнетте болса да, халыққа қызмет қылудан жалыққан емес. Аудандық емхананың күндізгі бөлімінде меңгеруші, сұраныспен келген науқастардың жанына араша болып жүр.

Осыдан бірнеше жыл бұрын ел арасында дүрбелең тудырған індет кімге болсын оңай соққан жоқ. Сол жылдары Тұрсынай ханымның аудан үшін атқарған жүйелі жұмыстарын айтпай кетуге болмайды. Індет басталған уақытта жылы жүрек дәрігер кезекті еңбек демалысында болса да, уақытты бос жібермей, ел басына күн туған кезеңде науқастарға дәрі-дәрмек, бетперде мен қорғаныш киімдері жетпей, қиналып жатқанда, бұл кемшіліктің орнын толтыруға кірісті. Күн-түн демей, бетперделер мен қорғаныш костюмдерін тігіп, сол кезде індет өршіп тұрған Бала би, Ш.Қодаманов, Ы.Жақаев ауылдарына, өзі қызмет етіп жатқан емхана қызметкерлеріне тегін таратты. Ел қамын бәрінен жоғары қойып, қолынан келгенін аямаған ел анасының ізгілікті істері мақтау мен мадаққа тұрарлық.

Тағы да оқыңыз: