Kyzylorda-news.kz Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауында: «Қоғамдағы зорлық-зомбылық деңгейін төмендету үшін жүйелі шаралар қабылдау керек. Бұл ретте, отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтармен тиімді күресу маңызды рөл атқарады» деген болатын. Отбасындағы құқық бұзушылықтар туралы сөз қозғағанда бала құқығын айналып кете алмаймыз. Әлбетте, бала құқығының бас қорғаушылары – әке-шешесі. Қазір қорғаушысы дегеннің өзінен теперіш көріп, психологиялық ауытқуға ұшыраған, ешкімнен көмек күтпейтін, ешкімге көмек қолын созбайтын, ешкімге сенбейтін, дүние атаулыға ашулы көп бала өсіп келе жатыр қоғамда. Өркениетті елдер қатарына қосылғымыз келіп, қанша тыраштанғанмен, дәл осы жағдай реттелмей, өспейтініміз де, өркендемейтініміз ақиқат.

Жалпы өркениетті елдер өз болашағы үшін бала құқығының бұзылмауына ерекше мән береді екен. Мәселен, француздар бала құқығына қатысты екі мақсатты көздейді. Біріншісі – келеңсіз жағдайдың алдын алу. Яғни, кез келген отбасы баламен арадағы жағдай ушығып бара жатқанын сезсе, құзырлы органға жүгінеді де, мамандардан психологиялық көмек алады. Ал екіншісі – қорғау. Егер балаға қауіп төнсе, тағы да сол құзырлы орган баланың отбасынан қажетті шараларды қабылдауды талап етеді. 

Бұл – қазақтың менталитетіне жат дүние болса да, француздардан алатынымыз көп екен. Бізде қалай? Бала тыңдамай, сәл мінезін көрсетіп, өз пікірін білдіре бастаса, «күшімізді» көрсетіп, не зекіп, не соққыға жығып тынамыз. Бір деңіз. Екінші қауіп төнген жағдайды біле тұра, баланың емес, үлкендердің сөзіне сеніп, жауырды жаба тоқуға тырысамыз.

Ал АҚШ-та бала ата-анасын сотқа бере алады. Тіпті бала анасының жатырында жаралған сәттен оның құқығы күшіне енеді. Сондықтан ол жақта түсік жасатуға ішінара немесе толық тыйым салуды қарастыруда. Мемлекеттік органдар бала асырап алушыларға да ерекше назар аударады. Мысалы, асырап алушы отбасында балаға қатыгездік жасау жағдайлары туралы азаматтарды хабарлауға міндеттейтін заң бар. Германияда ата-ана болу да жұмыстың бір түрі тәрізді. Яғни, жақсы жалақы төленеді. Бұл елде балаларды қорлауға және оларға күш қолдануға құқығы жоқ. Күш қолданған адам қылмыстық жазаға тартылады.

Мемлекет басшысы әркез халыққа арнаған Жолдауында қаламға салмақ болған мәселені қалыс қалдырмады. Оған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауы дәйек. «Отбасылық зорлық-зомбылықты қылмыс санатына жатқызу мәселесі қоғамда көптен бері талқыланып жүр. Құқық қорғау органдары бұл ұсыныстың дұрыс екеніне күмәнмен қарайды. Себебі, мұндай тұрмыстық жағдайларды анықтау оңай емес, яғни осындай оқиғаларды тергеп-тексеру қиынға соғады. Бұл сөздің де жаны бар. Бірақ қалай десек те, отбасылық зорлық-зомбылыққа көз жұма қарауға болмайды» деді.

Бұрнағыда отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылық болғанымен, бірең-сараң ғана кездесетін. Бірақ Ішкі істер министрлігі соңғы он жылда отбасындағы зорлық-зомбылыққа қатысты қылмыстық істің күрт көбейгенін мәлімдейді. Әсіресе, төтенше жағдай кезінде тұрмыстық жанжал көрсеткіші 41,7 процентке өскен. Оның ішінде – отбасылық жанжалдан бастап, әйелдеріне ерінің тарапынан қысым көрсетіліп, тіпті бала-шағасымен қоса өртеп жіберген жағдайлар да көп болғаны бәрімізге мағлұм.

Ал Шиелі ауданындағы ахуалды полиция майоры Қ.Өсербайұлынан сұрағанымызда, төмендегідей деректерді ұсынды:

– Қазақстан Республикасының «Тұрмыстық зорлық зомбылықтың алдын алу туралы» Заңына сәйкес тұрмыстық ортада құқық бұзушылық жасаған адамдарға қатысты 107 қорғау нұсқамасы шығарылды. Шиелі аудандық соты арқылы 42 құқық бұзушының мінез-құлқына ерекше талап белгіленді. Қазіргі күні елімізде 90-ға жуық түзеу мекемесі бар. Оларда мыңдаған адам жазасын өтеуде, – деді.

Тағы да оқыңыз: