Kyzylorda-news.kz. Қазалы ауданынан биыл «Тұлпар мініп, ту алған» байқауына 57 оқушы, 51 жетекші қатысады.

«Qazaq epos» қоғамдық қоры жариялаған «Тұлпар мініп, ту алған» жобасына қатысушылар байқаудың аудандық кезеңіне қызу дайындық үстінде. Қазіргі таңда Ер Едіге батыр жырын толық жаттап алған оқушылар да бар. Қатысушылардың қатарындағы 20 оқушы жырды түгел жаттап, сайысқа сақадай сай. Олар аудандық кезеңді асыға күтуде.

Алдағы байқауда оқ бойы оза шауып, үздіктер қатарынан көрінуді мақсат етіп отырған №93 мектеп ұландары жырды толық жаттаған. Мектеп мұғалімдері оқушыларға жырды аз уақыттың ішінде толық жаттатудағы тәжірибелерімен бөлісті.

«Жырды оқушылар қызыға жаттау үшін әр оқиғаға құрылған жыр жолдарын бөліп бере отырып жаттатқыздым. Дайындық барысында екі оқушымды тосыннан тоқтатқызып, жарыса жаттатқызу өз жетістігін берді. Қазіргі уақытта тарихи сөздердің мағынасын ашып, Алтын орда тарихына қосымша әдебиеттерді қарап дайындалудамыз», – дейді қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Раиса Рахмет.

«Негізі эпостық жырлар оқиғалы болып келеді. Сол оқиғаларды жоспар бойынша еске түсіре отырып жаттау жеңіл болды. Баланың  есте сақтау қабілетін  арттыру  мақсатында кез келген оқиғаны айтып беруді талап еттім. Қазіргі уақытта қазақ әдебиетінен өткен  тақырыптарға шолу жасап жатырмыз», – дейді қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі  Ұлпан Тәуекелова. 

Байқауға қатысушы №93 мектептің оқушысы Нұржамал Мнажадин Едіге жырының басқа жырларға қарағанда өзіндік ерекшелігі бар екенін айтады. Қатысушының айтуынша, жырды жаттау аса қиындық туғызбаған. Ол сайысқы қатыстырушы мұғалімнің өзіне үнемі сенім артып келе жатқанын айтып, алдағы уақытта сол сенімді ақтауға тырысатынын жеткізді.

Тағы да оқыңыз: