Kyzylorda-news.kz  Жер бетін мекендеген ұлттардың өзіндік әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі, жоралғысы бар.Діні мен тілінен бөлек адамдар салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы арқылы ерекшеленіп жатады. Қазақтың тойдағы әдет-ғұрпы мен жөн-жоралғысының өзі таңды кешке, кешті таңға жалғарлық әңгіме арқауы бола алады. Жөн-жоралғы екен деп, құдалар арасындағы алыс-берісте кейде асыра сілтеп жіберетіндер болады. Сондайларға бір тоқтам керек секілді.

Тойға да тәртіп керек

          Тойға реформа жасау керек деген тақырыптың көтерілгені қашшан. Той түгілі, құдайы асының өзін бір тәртіппен, ысырыпсыз өткізуді реттей алмай отырған жоқпыз ба? Көрші өзбек ағайындар 2019 жылы той реформасын жасап, артық жөн-жоралғыны қысқартыпты. «Хабар» жаңалықтарынан көзім шалған ақпаратты басқалар да білсін деген ниетпен арнайы жазып отырмыз. 

«Хабар» арнасының жазуынша, Ташкент тұрғыны Хабиболла Рахматуллаев қыз ұзатыпжатыр. Үй иесі қазан көтеріп, палау пісірген көрінеді. Палау пісіру көршіміз үшін – заңдылық. Оларда бұл тағамсыз той өтпейді десек те болады. Құда жағы да палау пісіреді екен. 

Бізде үйлену немесе қыз ұзату тойы таңсәріде басталады. Екі жақтың ата-анасы, аға-бауырлары жиналып, таңғы палаудан дәм татамыз. Сол дастарханда үлкендер бата беріп, игі тілектер тілейді. Мұндай салт екі жақта да бар. Біз палау берсек, ертең күйеужігіт жаққа кезек келеді. Бастысы, керегін жасаймыз. Артық шығынға өзіміз де бармаймыз,  дейді Хабиболла Рахматуллаев.

Тағы бір қызығы, құдалармен таныстық түске дейін аяқталады екен. Онан соң қызды шығарып салу рәсіміне кезек береді.Біздің сөзбен айтқанда, құдалық та, қызды ұзату да күндізгі 3-ке дейін аяқталады. Одан кешігуге, көл-көсір дастархан жаюға болмайды. Ереже бойынша үйлену тойы тек бір күнде өткізілуі шарт көрінеді.

Тәртіп деп осыны айтады. Қазақтың тойына да реформа жасалуы тиіс. Бұған мемлекет араласпаса, жәй айтқаннан ештеңе өнбейді. Әйтпесе, тойдың өзі жарыс болып барады. Байдың істегенін, дастарханға қойғанын, құдаға сыйлағанын басқалар жасаймын деп әуре боп жатыр. Қазақ қоғамында несиеге батқан адамның көбеюінің бір себебі – осы.

Той тойлаудың да реті болуы шарт

Несін жасырамыз, «жиғаның тойға шашылсын» деп, той десе басқа дүниені ұмыт қалдырар кезіміз аз емес. Оның үстіне қазіргі кейбір тойлар құр мақтан мен жәй даңғазалық іспетті. Қаламгер Сейфолла Шайынғазы «Егемен Қазақстанға» жазған мақаласында тойдағы даңғазалықты жеріне жеткізе жазыпты. Ол: «Қазіргі таңда осындай даңғаза тойлар біздің ағайындар үшін ақша шашудың көрінісі ғана емес, сонымен бірге тіршілік үшін алаңдамаудың, не өзіңнің, не бала-шағаңның болашағын ойламаудың да көрінісі болып тұр. Өйткені тойда жүрген адам есірік адам, онда ес болмайды. Екі езуі екі құлағында, бір тойды аяқтай беріп келесі тойға дайындалып жатады. Жеке басының қамын ойлай алмайтын, өмірде не болып жатқанынан мүлде хабарсыз бұл сияқтылардың ұлтына тигізер септігі де шамалы. Әлемде бізден жүздеген, мыңдаған есе бай тұратын халықтар бар. Олардың ешқайсысы біз сияқты шашылып той өткізбейді. Біріншіден, әр қадамын ойлап жасайтын ұлттар ондай шашылуға деген қажеттілік бар деп есептемейді. Екіншіден, адал ең­бек­пен келген ақшаны босқа рәсуа ету олар үшін оғаш қылық саналады. Олар ақшаны жартылай ішіліп, жартылай қалып қоятын тамаққа емес, үйлену тойына киетін киімге, одан соң «үйлену тойынан кейінгі саяхат» деп аталатын сапарларға жұмсайды. Сөйтіп ел көреді, жер көреді, сол арқылы тойларын есте қалдыру жағын ойлас­тырады. Ондай тойлардың өнегелілігі де сонда – айта жүретін естелік қалады. Ал біздің тойлардан соң ішіп-жегеніңнен басқа не айтасың?» – деп ойын білдірген.

Қарызға той жасауды тоқтататын кез келді

Бүгінде ақшасы кем адамның өзі несие алып, той жасауды әдетке айналдырды. Сондағысы біреуден қалып кетпеудің амалы ғана. Біліммен, болмаса өнертабыспен жарысып, бір-бірінен озса бірсәрі дейсің ғой... Той тойлап жарысу дегенді көп адам жақтырмаса да лажсыз сол қадамға барып жатады. Тойдың болғаны жақсы. Әйтсе де қалтаға да қарау керек. Әйипесе Абай хакім айтқандай «біреу тойып, біреу тоңып секіредінің» кейпіне өту түк емес. Аудандық «Қармақшы таңы» газетіне журналист Ардақ Сәкенқызының осы тақырыпты қаузаған мақаласы басылған. Ол: «Қалталы қауымнан қалыс қалмауым қажет деген қаншама қазақ қарызға батып той жасап жүр. Осындайда өз қолың өз аузыңа жетпей жатып, жұртқа жақсы көріну үшін қарызға батқанша, бір күндік мерекені тойлаймын деп, мың күндік берекеден айырылғанша әркім көрпесіне қарай көсілсе дейсің. Барымен базар қылып, шынайы көңіліңмен бір кесе шай ұсынсаң, мейманыңның мерейі тасиды ғой.Көпшіліктің артық кететін тұсы – әдеттегідей ысырапшылдық. Дағдарыста да той. Тіпті, қарызданып, қауғаланса да қазақтың тойы тарқамайды. Бүгінде отбасылық мерейтойларды атап өту үшін қомақты қаржыны қарызға алу қалыпты нәрсеге айналды. Тіпті «тойға арналған кредит» деген термин де бар. Дегенмен, көп жағдайда бұл қадамды жасауға жүрдім-бардым, жауапсыз қараған адам белгілі бір қиындықтарға тап болатыны анық. Арамызда бір күндік қуаныш үшін қаншама жыл несие төлеп жүргендер де аз емес. Бәрі де «жұрттан қалмау керек» деген қағиданы санасына сіңіріп алған. Қалай десек те, «Тапқанымыз тойға шашылсын» деп астамшылықты ақтап алатын да, «Шаршасақ той тойлап шаршайық» деп тілек айтатын да өзіміз. Тойдың көп болғаны, ағайынмен бөлiсер қуанышымыздың тағы да қуанышқа ұласып жатқаны жақсы-ау, дегенмен тек сол тойдан кейiнгi көрiнiс көңiлдi құлазытпаса дейсің мұндайда», – деп ойын түйіндеген.

Иман Еркін Рысбекұлы:«Жалпы несие алып той жасаған аса дұрыс емес.  Ешкімнен ұялмай, қолда бар несібесімен той жасаған дұрыс. Несиенің харам екенін түсінетін адамдар да бар және түсінбейтін жандар бар. Ниеті дұрыс адамдар, той иесін сынамай-ақ, қонақ болып келеді. Мысалы, той жасауға 5 млн теңге көлемінде қаржыны несиеге алдыңыз. 200-250 адам бірнеше сағатқа тойға келіп ішіп-жеп кетті. Ал сіз бұл бірнеше сағат  болған салтанатты жиынға алынған несиені 5-6 жыл бойы төлейсіз. Сондай-ақ, енді отбасы болған жастар бұл несиені жылдап төлейді. Осы жастардың ары қарай дамуына осы несие кедергі болады. Тойды несиеге алудың тағы бір жаман жағы – арты ұрысқа ұласады. Отбасылық ұрыс-керіс ажырасуға әкеп соғады. Ислам дінінде несие беру және алу адамға жасалған зұлымдық болып есептеледі. Яғни, егер жастар бір-бірін жақсы көрсе, екі жақты да қинамай, екі жастың бақыты үшін түсіністік танытқан дұрыс. Мысалы, тойда мүлдем киілмейтін киіттер беріледі. Бұл да артық, қажет емес шығын деп ойлаймын», – деген kursiv.media-ға берген пікірінде.

Ретсіз шығынға да тыйым керек

Өзбекстанда ретсіз шығын, бей-берекет бәсекелестікке ұласқан бірқатар жөн-жоралғы алынып тасталған.Оның орнына мемлекетке пайдалы іс ойлап табылды. «Егемен Қазақстанның» жазуынша, көршіміз мұндай біркелкі тәртіпке 2019 жылы бүкіләлемдік пандемия кезінде қол жеткізді. Мемлекет той немесе ас беру кезінде ретсіз шығынға қазір де жол бермейді. Мәселен, бұған дейін шаңырақ көтерген жас жұбайлардың үйіне ата-ана және аға-жеңгейлері көйлек-көншік, дәмді тағам алып, артынып-тартынып баратын үрдіс болған. Бұл жайт қоғамда отбасы институтын бұзып, бей-берекет бәсекелестік тудырған еді. Көрші ел билігі оның орнына ел ішінде саяхаттау тәртібін енгізді. Той реформасы ішкі туризмнің дамуына да пайдасын тигізді.

– Осы ысырапшылдық дегеннен шығады ғой, мысалы, бұларда «шәлара» деген дәстүр бар еді. Қыз күйеуге шыққаннан кейін 3 күн өткен соң ағайын-туыстары, абысындарын алып, бір автобус боп келетін еді. Ол артық нәрсе деп алып тастады. Сосын келін алғаш келін боп түскенде 3 күн айтта, қыздың анасы 60 тәтті тағам алып келеді. Сол бәсекеге ұласып кеткен соң мемлекет араласып, жоқ қылып жатыр. Соның орнына жас келіндер Самарқан, Бұхараны автобус-автобус болып аралайды, – деп түсіндірді өзбек этнографиясын зерттеуші журналист Гүлнәр Байжанова.

«Хабар» арнасының жазуынша, Өзбекстанда кез келген отбасылық басқосу жергілікті мәхәлла комитетінің тікелей қатысуымен өтеді. Аудан, ауыл, аумақтың ақсақалдар алқасы сол жердің тыныс-тіршілігінен хабардар болып отырады.

– Мәхәллада кері пікір қалыптаспау керек. Осыны жақсы ұстанған өзбек ағайындар. Көршінің бәрімен жақсы қарым-қатынаста! Өйткені үйіне келетін құдалар көршілерден сұрайды ғой. Сосын жаман атты болмас үшін жақсы тұрады. Мұның бәрі балаларының тағдыры үшін деп ойлаймын. Соны көріп өскен балалар да тәртіпті болады, – деді Гүлнәр Байжанова.

Сөз соңы

Өзбекстан тойдағы ысырапшылдықты осылай реттеп жатыр. Тәжікстан да бұл мәселені әлдеқайда шешкен. Оларда тойға 150 адамнан артық қонақ келмейді екен. Бізге де той реформасын жасау керек секілді. Себебі не тойшыл болатынымызды, не ойшыл болатынымызды осы бастан шешу қажет. Сіз қалай ойлайсыз, оқырман?

Ә.БАТЫРБЕКОВ

Фото: Нұрболат Нұржаубай

Тағы да оқыңыз: