Қазақ қашаннан қолөнерден құралақан халық емес. Соның ішінде ұсталық өнер бізге жақын. Жаугершілік замандарда ұсталар соққан қару-жарақтың сипаты бертін келе бейбіт өмірдегі тұрмысқа қажетті құрал-саймандармен алмасты. Ата-бабаларымыз ұста дүкенін кие тұтып, оның ішін таза ұстаған, тіпті, дүкен ішінде бейәдеп сөздер де айтылмаған. Ұстахананың бар тылсым қасиеті төстемірдің бойында болса керек, әйтеуір, бала күнімізде төстің үстіне шығып сүйір тұмсығына «ауыздық» салып, дүмінен қамшылап ат қылып ойнаған балаларға үлкен кісілер қатты кейіп жататын. 

     Жаңаталап ауылының орталығында атадан балаға мирас болып келе жатқан ескі ұста дүкені бар. Бұл дүкенді ертеректе Әбжаппар ұста ұстаған. Әбжаппар әкеміз темірден түйін түйген ұста әрі қылдай нәрсеге қиюластырып өрнек түсіретін зергер болыпты. Ауыл-аймақтың халқын күнделікті тұрмысқа қажетті құрал-сайманнан да тарықтырмаған. Тіпті, ол кісіні Арқадағы бай-манаптар да арнайы алдырып, ұзатылатын қыздарының жасауы мен әшекей бұйымдарын тапсырыспен жасататын болыпты. Алтынмен аптап, күміспен күптелген сырға, сақина, жүзік, алқа, білезік, шашбау, шолпы, қапсырма секілді өзіндік шекімелі ерекше өрнегі бар, қыз-келіншектердің көз жауын алған бұйымдарды Әбжаппар әкеміз айлап жатып жасайды. Ұсталығымен, зергерлігімен Арқа жұртшылығынан сый-құрмет көрген әкеміз бес-алты айдан соң алдына жүз қаралы мал салып елге оралады екен...

Сол кісінің ұста дүкенін бертін келе баласы Әбдікәрім ұстап келді. Ұядай ұстахана ауыл халқының барлық қажетін өтеді. Одан бөлек, ауылдағы шаруашылық көліктерінің сынған бөлшектері осы ұстаханада бүтінделді. Қазірде бұл киелі орын Әбжаппар әкеміздің кіші баласы Ғалымның иелігінде. Ғалым Әбжаппарұлы ұзақ жылдар осы аталған ауылда егін шаруашылығында механизатор, бригадир және басқа да жауапты жұмыстар атқарған. Қазірде жеке кәсіппен айналысатын ағамыз әкеден қалған қара шаңырақпен бірге, осы ұста дүкенін де күзетіп отыр. Ішіне кірсеңіз, шаң-шұң дыбыстан құлақ тұнады. Көріктен жаңа шыққан сом темірлерді жұмыр басты шой балға ұстаның ыңғайына қарай иіп, қамырша илеп жатыр. Белі құрсауланған дөңбек қара ағашқа бекітілген төстемір балғаның қатты соққысынан былқ етпейді. Есесіне, балға мен төстің ортасында алаулап жатқан темір металлдың зілмауыр соққыдан пішіні өзгеріп жатыр. Ұстаның бір қолындағы серпімелі ұзын сабы бар имек тұмсық қысқышы қозған темірді көріктің оттығынан алып төске төсеп, аударып-төңкеріп тұр. Бірақ, бұл жерде қолкөріктің орнын заманауи электрлі көрік ауыстырыпты. Бұл жайында Ғалым ағамыз: "Ұсталық – ежелден келе жатқан киелі өнер. Ұста дүкенін де, ұстаны да және ондағы әрбір құрал-сайманды да халқымыз әлі күнге дейін қастер тұтып келеді. Алайда, уақыт бір орнында тұрмайды, күн сайын, тіпті\сағат сайын ғылым дамып, тұрмыстық-техникалық мүмкіндіктеріміз артып келе жатыр. Сондықтан біз қай салада болмасын заман көшінен қалып қоймай, ілесіп отыруымыз керек. Қолкөрік – ол өткен ғасырларда ұсталардың темірді "пісіру" мақсатында пайдаланған құралы. Көріктің көлемі неғұрлым үлкен болса, оның көмейінен оттыққа берілетін ауаның қысымы да соғұрлым жоғары болады. Сол замандардағы ұстаханалар қазіргі зауыттардың қызметін атқарды. Яғни, онда бірнеше адам жұмыс жасады. Олардың бірі көрік басса, екіншісі темірді иіп, үшінші адам дайын болған темірді суғара беретін болған. Ал қазірде мен ұстаханада өзім ғанамын. Жалғыз адамға қолкөрікпен жұмыс істеу қиын, отты "оятып", темірді пісіру үшін бір адам көрікте арнайы отыруы керек. Сол үшін мен электрлі көрікті іске қостым. Бұның тиімділігі сол, қажетті темірді отқа қойып, басқа жұмыстарыммен айналыса беремін. Әрине, бұл қолкөрікті мүлдем пайдаланбаймын деген сөзім емес, ара-тұра бабамыздан қалған құрал-сайманның "шаңын сілкіп" тұрамын» дейді. 

Қазірде Ғалым ағамыз аймағымыздағы егін шаруашылығына қажетті құралдар жасайтын жалғыз темір ұстасы. Осы күндері аудандағы диқандар жалпы еңбек адамдарының пайдаланып жүрген кетпендері ағайынды ұсталар Әбдікәрім мен Ғалым ағаларымыздың қолынан шыққан. Қатты темірді өте жоғары градуста жұмсартып, одан күнделікті тұрмыста тұтынатын құрал-сайман, қару-жарақ жасау мыңның бірінің қолынан ғана келетін іс. Сапасына, пішініне қарай әр қайсысының өз жасалу жолдары, технологиялық әдістері бар. Темірді қорытып, одан қажетті дүниеңді жасағаннан кейін суғару процесі басталады. Бұл жұмыстың өте күрделі кезеңі. 

– Ең алдымен металды отқа қызарғанша қыздырып, өз еркімен салқындатып, жасытып алады. Жасыған металл жұмсақ әрі өңдеуге жеңіл болады. Негізінен, темірді көріктің оттығында қалдырып, көмірмен бірге суытады. Жасыған темір балғамен ұрып, шұңғылдап қобылауға, дөңес кейіпке келтіруге оңай көнеді. Балғамен көп ұрғандықтан темір қатая түседі. Сол кезде қайтадан жасытып алып, қобылау жұмысын әрі қарай жалғастыруға болады. Одан соң төске салып, балғаның сүйір қырлы жүзімен ұрып, таптап, шыңдайды. Шыңдау кезінде металл қатайып, өткірлігі арта түседі. Одан соң қақтайды. Ал, ең ақырында суғарады. Темірді суғару үшін қасат дайындау керек. Ол үшін алдымен топырақты қазанға салып су құйып қайнатып, суытып қояды. Ауыр бөлшектер шөгіп, суда қасат қалады. Осы суды басқа қазанға құйып, тағы қайнатады. Қазан суалғанда түбінде пышақтың қырындай ғана тозаң қалады. Осы тозаң "қасат" деп аталады. Кетпен түрлі температурада бірнеше мәрте суғарылады. Суғарардың алдында қасатты азғантай ғана суға езіп қоймалжың жасайды да оны кетпеннің жүзіне жағады. Қасат кепкеннен кейін тастай болып қатады. Мұның мәнісі мынада: қасатпен қапталған жер отқа қызбайды, кетпен сағаттап жоғары температурада қыздырылғанмен қасатталған жері суып тұра береді. Оны оттан алып суғарындыға салғанда отқа қызған тұсы ғана шыңдалады, – дейді темірші. 

Бұл жерде ұста кетпеннің жүзі мен сыртқы бірнеше микрон қабатын ғана шыңдап, қалған жерін жұмсақ күйінде қалдыруды мақсат тұтады. Өйткені, осылай жасалғанда кетпеннің пайдалану мерзімі ұзаққа созылады екен. Яғни, Ғалым ағамыз қандай да бір тұрмыстық затты жасағанда ең алдымен сапаға мән беретінін аңғардық. Жаңаталаптық темірші шаруашылыққа қажетті құрал-саймандармен бірге ауыл шаруашылығы техникаларының да кейбір тозған бөлшектерінің көшірмесін жасайды. Иә, "Ұстаның  қолы – ортақ". 

Айтпақшы, Әбжаппар әкемізден қалған көрік те ұстахананың бір бұрышында тұр. Алайда, жасалғанына ғасырға жуық уақыт болған көнтерілі көне көріктің қазіргі жағдайдағы орыны бұл жер емес секілді, мұражайдың құнды жәдігерлерінің қатарына қосылуға сұранып-ақ тұр... 

Тағы да оқыңыз: