Kyzylorda-news.kz Өнер – ұлттың жаны, халықтың рухани қазынасы. Ал сол өнерге бар ғұмырын арнап, сахнада адал еңбек еткен азаматтарды ұлықтау – елдік пен өнегенің айқын белгісі. Осындай тағылымы терең, жүрекке жылы, сағыныш пен ризашылыққа толы рухани кештердің бірі Жаңақорған төрінде өтті. Музыка мен әуенді серік еткен, көрерменнің жүрегіне жол тапқан бұл кеш өнерсүйер қауым үшін ерекше әсер сыйлады.
М.Көкенов атындағы аудандық мәдениет үйінде өткен «Сырлы саздың серісі» атты шығармашылық кеш көрермен көңілін әуенге бөлеп, жүрек қылын тербеген нағыз өнер мерекесіне айналды. Бұл тағылымды кеш «Экспресс» халықтық вокалды-аспапты ансамблінің жетекшісі, Мәдениет саласындағы «Еңбек даңқы» төсбелгісінің иегері Серік Жаңабековтың құрметті еңбек демалысына шығуына орай ұйымдастырылды.
Кештің негізгі мақсаты – саналы ғұмырын мәдениет пен өнер саласына арнаған, сахнада маңдай терін төгіп, халықтың ыстық ықыласына бөленген өнер иесінің еңбегін лайықты бағалау, оның шығармашылық жолын кейінгі буынға үлгі ету болды. Серік Жаңабеков – тек білікті жетекші ғана емес, өнерге адал, шәкірт тәрбиелеген, аудан мәдениетінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан тұлға.
Шығармашылық кештің шымылдығы көтерілген сәттен бастап көрермен ерекше әсерге бөленді. Сахна төрінен шырқалған әрбір ән, орындалған әрбір әуен – жылдар бойғы ізденістің, табандылықтың, өнерге деген шынайы махаббаттың айғағы іспетті болды. Сырлы саз бен жүрекке жеткен әуендер көрерменді өткен күндерге жетелеп, сағыныш пен тебіреніске толы сәттер сыйлады.
Кеш иесіне Жаңақорған ауданының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Шертекова Жадыра Сәдібекқызы мәдениет саласы қызметкерлерінің атынан ізгі лебізін білдіріп, құрмет көрсетіп, сый-сияпат табыс етті. Ол өз сөзінде Серік Жаңабековтың аудан мәдениетінің дамуына қосқан үлесін атап өтіп, оның еңбегі әріптестері мен жас өнерпаздарға әрдайым үлгі екенін айтты.
Сонымен қатар Жаңақорған аудандық мәдениет саласы қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымының мүшесі, Манап Көкенов атындағы жас ақындар шығармашылық мектебінің жетекшісі Уалихан Ибрагимов кәсіподақ ұйымы атынан арнайы төсбелгі табыстап, сый-сияпат тарту етті. Бұл құрмет – өнер иесінің ұзақ жылдық қажырлы еңбегіне, салаға сіңірген қызметіне берілген жоғары баға болды.
Шығармашылық кеш барысында сахна төрінде шынайы сезімге толы әндер шырқалып, сырлы саз бен сағынышқа толы әуендер көрерменнің жүрегінен ерекше орын алды. Әрбір шығарма – өткен жылдардың естелігі, өнер жолындағы жарқын сәттер мен табысты кезеңдердің музыкалық көрінісі іспетті болды. Көрермен қауым өнер иесіне ыстық ықылас танытып, ұзақ әрі шынайы қошемет көрсетті.
Бұл кешке Серік Жаңабековтің музыкалық жолына қанат бітіріп, жарты ғасырдан астам уақыт бойы сахнаны сән мен салтанатқа бөлеп келе жатқан «Экспресс» халықтық вокалды-аспапты ансамблі ерекше серпін берді. Сонымен қатар, Сыр елінің сәні мен салтанатын, дархан даланың кең тынысын әуенмен жеткізген «Сыр самалы» вокалды-аспапты ансамблі, «Мереке» вокалды-аспапты ансамблі және жергілікті «К4» вокалды-аспапты ансамблі өнер көрсетіп, кештің көркін аша түсті.
Әр ұжымның орындауындағы шығармалар кештің мазмұнын байытып, көрерменге жоғары деңгейдегі мәдени демалыс сыйлады. Өнер ұжымдарының үйлесімділігі мен шеберлігі, сахна мәдениеті мен орындаушылық деңгейі кештің шынайы өнер мерекесіне айналуына себеп болды.
Сөз соңында, «Сырлы саздың серісі» атты шығармашылық кеш – музыкаға ғашық жүректің, халыққа қалтқысыз қызмет еткен өнерпаздың биік болмысын айшықтаған, сағыныш пен ризашылыққа, құрмет пен ізгі тілекке толы рухани шара болды. Мұндай тағылымды кештер ұлттық өнерді ұлықтап қана қоймай, жас буынға рухани тәрбие беріп, мәдениетке деген сүйіспеншілікті арттыра түсетіні сөзсіз.
