Kyzylorda-news.kz Қазақстанда мал терісі құнын әлдеқашан жоғалтқан. Бұдан біршама жыл бұрын ерекше сұранысқа ие сиыр мен жылқы, қой мен ешкі терілерінің қазір көк тиындық құны қалмады. Сойылған күздік пен соғымның терісін ел көктемге дейін саудаламаққа сақтаса да, көктем шыға, еріксіз қоқысқа тастауға мәжбүр. Себебі, сары майдай сақтаған тері иістеніп, құн орнына мұң әкелуде.
Малдың қадірін бір білсе, қазақ білер. Өйткені көшпелі қауымның өмірлік сенімді серігі. Той қылса тойын, кісісі өлсе, қонақасын атқарар ауылдағы азын-аулақ жиған малы. Десек те, терісіне дейін бағалап, мал кәсібімен айналысқан ағайынның бүгінгі базынасы құйқа шымырлатардай ащы. «Неге?» десеңіз шиелілік шаруалармен тілдесіңіз. Бұрындары азын-аулақ тиын болса да мал терісін алатын 2-3 пункт бар еді. Алайда мал терісін экспорттауға тыйым салынған соң, кәсіпкерлер бұл істі тоқтатып қойды. Төрт түлігінің терісі пұл болмаған соң, күлге айналдырған малшылар қауымының базынасы билікке жетер емес.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында «Қазақстанның алдында тұрған аса маңызды міндет – өнеркәсіптік әлеуетімізді толық пайдалануымыз керек» деген болатын. Бұл мәселеге мал терісі мен қой жүні де кіруі керек. Себебі жылдар бойы жыр болған жүн жыры бір арнаға келер емес. Бұл әрине таптаурын болған тақырып. Алайда төрт түлігін төскейге өргізген ауылдағы ағайын үшін әлі де күн тәртібінен түскен жоқ.
Шиелі аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің мәліметіне сүйенсек, Шиеліде қорадағы малын барым деп отырған 700-ге тарта ірілі-ұсақты қожалық бар. Ал өткен жылы ауданда мүйізді ірі қара саны – 89 509 бас, уақ мал саны – 136 320 бас, жылқы – 23 778 бас, түйе – 1 656 басты құраса, биылғы жарты жылдық көрсеткіш бойынша, мүйізді ірі қара – 93161 бас, қой мен ешкі – 145967 бас, түйе – 1705, жылқы – 25465 басты көрсетіп отыр. Яғни жыл сайын ауданда төрт түліктің саны артып келеді. Демек, алынатын мал терісі мен жүні де жыл өткен сайын көбейе бермек. Шикізат қоры молая түседі.
Иә, осыншама малы бар ауданға шағын болса да тері өңдеп, жүн түтетін өндіріс орны қажет-ақ. Дәл қазір киім тігіп, базарға шығармай-ақ қояйық. Бірақ босқа ысырап болып жатқан төрт түлік терісін тым болмаса былғары күйінде, жүнін жіп пен матаға айналдырып, нарыққа шығарсақ, ауданның әлеуеті мен экономикасының да артуына едәуір септігі тиер еді. Бұл үшін жергілікті кәсіпкерлерді қолдап, шетелден заманауи техникалар әкелуге жәрдем берілуі қажет. Ал шикізат көзінен уайымдамасақ та болады. Өзіміздегіні игеріп алсақ, көрші аудандар да жүн-терісін қоқысқа лақтырғанша, азын-аулақ ақшаға өткізуге асық болары анық. Осы орайда іргелес жатқан аудандардағы мал санын саралап көрдік. Мәселен, Жаңақорған ауданындағы ірі қара саны бізбен шамалас болса, қой мен ешкісі 200 мыңның үстінде екен. Сол секілді Сырдария ауданы да азды-көпті 80 мыңнан аса төрт түлігін түлетіп отыр. Сондықтан ата кәсіптен аяқ тартуға еш себеп жоқ. Тек тер төгіп, еңбек ету қажет.
Алайда аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөліміне хабарласқанымызда, тері өңдеп, жүн қабылдауға ниетті кәсіпкерлердің жоқтығын айтты. Естеріңізде болса, өткен жылы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен, әкімдіктермен, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, жеңіл өнеркәсіпті дамытудың жүйелі шараларын пысықтаған еді. Сөйтіп олар Қазақстан Республикасының жеңіл өнеркәсібін дамытудың 2022-2025 жылдарға арналған Жол картасына енгізілді. Бұл жол картасы аталған холдинг арқылы ауыл шаруашылығы жануарларының жүні мен терісін жинау жөніндегі дайындаушы ұйымдарды қаржыландыруды көздейді. Ал жүн мен тері дайындаумен айналысатын кәсіпорындарға қой қырқуға арналған электр құралдарды сатып алғаны үшін субсидия төленеді. Бұл ретте инвестициялық субсидиялау шеңберінде жүн мен тері дайындау жөніндегі ұйымдарға мемлекеттік қолдау ретінде жүн қырқу және жылжымалы қырқу пункттерін, қой қырқуға арналған электромеханикалық құралдарды субсидиялау көзделгенін атап өткен жөн. Демек кәсіп қылам деушілерге мемлекеттен қолдау болады деген сөз.
Әлем елдеріне қарап қашанғы тамсанамыз?
Әлем елдері ішінде қой шаруашылығы, оның ішінде қой жүнін өңдеу саласы дамыған ел – Аустралия. Он сегізінші ғасырдан бері солай болып келеді. Кезінде дүниежүзі бойынша өндірілетін жүннің 10 проценті осы елге тиесілі болған. Соның ішінде ең сапалы мутонның 50 процентін өндірген. Одан тігілген тондар әлі күнге дейін сәннен түскен жоқ.
Қазір Аустралия кәсіпкерлері қой басын 50 миллионға жеткізіп, әлемге танылып отыр. Ал британдықтар 10 миллион қой бағып, қойдың етін ғана емес, жүнін де пайдаланудың арқасында қыруар пайда тауып, халықтың қазынасын молайтуда. Түріктер тоқыма өндірісін өркендету арқылы миллиардтаған қаржыны қазына қамбасына құйып, мемлекеттің экономикалық әлеуетін көтеріп, сапалы әрі сәнді тоқыма киім, бұйымдар шығаратын әлемдегі алдыңғы қатарлы елдердің біріне айналды. Бұның бәрі – малдың жүні нарық заманында құнын жоғалтпағанының дәлелі.
Бізде де Кеңес одағы дәуірлеп тұрған кезде қалдықсыз өнім саналатын қой жүнінің шайырына дейін игерген заман болған. Сонау Ұлы Отан соғысы жылдары кеңес әскерлерін қатал қыстан аман алып шыққан жүн байпақтар екенімен ешкім таласа қоймас. Сондықтан қолда бар алтынды өзгеге бермей, біреудің өніміне телміргенді қоятын күн жеткен сыңайлы.
ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН
Расымен, қазақ еліне экспортқа бағдарланған емес, импортты алмастыратын бағдарламалар кешені қажет. Неге десеңіз, бізде тері көп. Ауылды жерлердегі әрбір үйде талай тері құр тулақ боп жатыр. Сатып алар ешкім жоқ. Қалаға өткізу еңбекті ақтамайды. Тым арзан. Өйткені, отандық өнімге сұраныс болмай отыр.
Әсілі, тері өте құнды зат. Бірақ, біз соны бағалай алмай жүрміз. Оның қызығын бізден арзан бағада шикізат күйінде сатып алып жатқан Қырғызстан мен Қытай көріп жатыр. Өзіміздің арзан теріміз бізге дайын қымбат аяқ киім, сөмке күйінде қайта келуде. Ал, терінің қаншасы өз елімізде қор болып, қоқысқа кетіп жатқанын айтпауға тағы болмайды. Жоғарыда жазғандарымыздың басым бөлігі сол тері шикізаты мен өніміне экспорттық тыйым тоқтатылмаса деген ниеттен туындап еді. Яғни, экспортқа да, импортқа да тыйым салынса, барлығы өз елімізде өндірілер ме еді деген қиял ғой. Бірақ, мұның бәрі айтуға ғана оңай. Бұл үкіметтік деңгейде шешілетін күрделі мәселе екені даусыз. Десек те, «еститін үкіметке» үніміз жетіп қалар...