Kyzylorda-news.kz. Естеріңізде болар, былтыр Қазақстанға «тілсіз жаудың» алапат шапқыншылық жасаған жылы болды. Мемлекет басшысы ел тарихында тұңғыш рет өрттің себебінен 12 маусымды жалпыұлттық Аза тұту күні деп жариялады. Абай облысының «Семей-орманы» резерватында өршіген өрт 14 орманшының және бір тракторшының өмірін жалмап, халықтың қабырғасын қайыстырды. 30 қарашада Алматыдағы хостелде болған өртте бірден 13 адам, соның ішінде шетелдіктер қаза тапты.

Статистикалық деректерге сүйенсек, жыл сайын, бейбіт күнде, айдың-күннің аманында 370-ке тарта қазақстандық өрт салдарынан қаза табады. Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, 2014-2023 жылдар аралығында республика бойынша орта есеппен жыл сайын 13 681 өрт болады. Атап айтқанда, 2014 жылы – 15126, 2015 жылы – 15065, 2016 жылы – 14528, 2017 жылы – 15438, 2018 жылы – 14567, 2019 жылы – 14622, 2020 жылы – 13933, 2021 жылы – 12256, 2022 жылы – 12219, 2023 жылдың 10 айында 9 057 өрт тіркелген екен. 

Осы орайда облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен аптада өртке қауіпті кезеңге дайындық мәселесі пысықталған мәжіліс отырысы өтті. 

– Өздеріңізге белгілі, Қостанай, Абай облыстарында болған орман өрттеріне байланысты Мемлекет басшысы өзекті мәселелерді айқындап, бірінші кезекте орман шаруашылығы мекемелерін материалдық- техникалық жарақтандыруды тапсырды. Облыс аумағында өрттің алдын алуға және болдырмауға мүмкіндік жеткілікті. Синоптиктер болжамына қарасақ, мамыр айында Қармақшы ауданында атмосфералық құрғақшылық, Шиелі ауданында қалыпты құрғақшылық күтілуде. Жауын-шашын тапшылығы болуы, ауа температурасының жоғарылауы мүмкін. Сондықтан ауа райы болжамына үнемі бақылау жасап, сақтық шараларын қабылдауды тапсырамын, – деді аймақ басшысы. 

Айта кетейік, облыстағы орман шаруашылығы мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға 2022 жылдан бері 1 млрд 544 млн теңге бөлініп, 2021-2023 жылдары 6 өрт сөндіру автокөлігі сатып алынды. Биыл 77,1 млн теңгеге 28 мотоцикл, 5 орман отырғызу агрегаты, 15 навигатор, 4 мотопомпа, 26 байланыс құралы алынбақ. 

Өртке қауіпті кезеңде шалғай елді мекендердегі өрт сөндіру бекеттері жұмысын үйлестірудің маңызы зор. Себебі аудан орталығынан өрт сөндіру қызметі жеткенше, қолдағы бейімделген құралдармен әрекет етуге мүмкіндік бар. Нұрлыбек Машбекұлы өртке қарсы қызметі жоқ елді мекендердегі бекеттер мен ерікті құрылымдардың нақты жұмыс жасауын қадағалауды тапсырды.

Еске салсақ, Қызылорда облысы аумағында мемлекеттік орман қоры жерлерінің жалпы көлемі 7 млн гектар, оның 3,8 млн гектары – орманды алқаптар. Осынау табиғат байлығын қорғау, тілсіз жаудан сақтану оңай шаруа емес. Десек те, «сақтансаң, сақтайды» дегенді ұмытпайық!

Тағы да оқыңыз: