Шиелі – шаруасы шалқыған, өрісіне құт дарып, ел ішіне бақ қонған, желісіне қасиет байланған өңір. Ел куә болған еңселі істерді есебіне өзек еткен әкім Нұржан Ахатов тізгін ұстағалы – екі жылға жуықтады. Соған орай аудан әкімі жергілікті БАҚ-да кең көлемді есебін жариялаған-ды. Одан біз осы мерзім аралығында ауқымды істер мен түйткілді мәселелер кезең-кезеңімен шешімін тапқанын аңғардық. Ендеше, есептен түйгенімізді тізбектеп, саралап айтуды жөн санадық.
Шиелі секілді "түгін тартса майы шығатын" өндірісті өлкенің ауыл шаруашылығы да өзгелерден көш соңында қалып қалмаудың қамын жасауда. Мәселен, өткен күзде ауыл шаруашылығы саласы бойынша Қырғызстанға – 20 тонна ақ күріш, Ресейге – 421 тонна қарбыз, 275 тонна қауын, 330 тонна қызанақ экспортталған. Ал еліміздің өзге облыстары мен қалаларына яғни Астана, Павлодар, Маңғыстау, Қарағанды, Жезқазғанға – 18 500 тонна ақ күріш, 1 200 тонна қарбыз, 13 400 тонна қызанақ, 3 800 тонна қауын, 22 000 тонна жоңышқа шөбі сатылған. Сонымен қатар 2 617 тонна ет, 9 513 тонна сүт, 1 миллион 83 мың дана жұмыртқа пұлданған. Осылайша, өнімін пұлдай алмай, тас жол жағалап, жүйкелеген диқан, малшы, бақташы қауым жүйеге түсе бастаған жұмыстың жемісін көре бастағандай. Өнімдерін аудан айналасында, жабайы сауда орындарында ғана сатуға шектелмей, көтерме бағада көршілес елдерге, Орталық және Солтүстік аймақтарға да саудалай бастапты. Бұл әрине, салада серпін бар деген сөз. Ал барыс жылындағы көрсеткіш асып түспесе, кем болмайды деп тұр. Осы тұста айта кетейік, 2023 жылы аудан бойынша 31 702 гектар алқапқа егін егіліпті. Сондай-ақ Шиелі кентінде жобалық құны 170 миллион теңге болатын сыйымдылығы 700 тонна көкөніс сақтау қоймасының құрылысы басталған. Мұздатқыш, құрал-жабдықтар орнату жұмыстары да жүйелі жүріп жатыр. Әрине, 700 тонна деген аз. Бірақ бұл тек бақша өнімдерінің бабын табуға жасалған жағдайдың бастамасы деп білеміз. Әлі де қоймалары саны көбейеді деген сенім бар.
Әлбетте, ауыл шаруашылығы дегенде, баяғыша қарадүрсін шаруашылық жүргізуді техникасы мен технологиясы күрт дамыған XXI ғасыр көтермейді. Дүниенің бәрі ақылды технологияға жүгініп, цифрлық техниканың тілін меңгеріп жатқанда, аса таяғына сүйенген ежелгі қалыптың ертеңі бұлыңғыр. Сондықтан да шаруашылықтарда жерге дәнді сіңіріп қойып, оның шығымын күн мен бір Тәңірден ғана сұрап отыратын заман өткен. Инвестиция құйып, жердің июіне, суды көктен ғана сұрамауға үйретті уақыт. Тың жобалар арқылы ауыл шаруашылықтарын дамыту – осы күні басты мақсат.
Бүгінде Шиелінің брендіне айналған тек күрішке қана емес, бақша өнімдеріне (соның ішінде көкөніске) басымдық беріліп отыр. Енді мұның жылдан-жылға көлемі ұлғая беретін болғандықтан, осы шаруашылықпен айналысатын адамның да саны арта бермек. Осы тұста бір ұсыныс тастағанды жөн көрдік. Аудандық кәсіпкерлік бөлімі мен палатасы, ауыл шаруашылығы бөлімі көктем шыға салысымен Солтүстік пен көршілес Ресейдің губернияларына, ірі қалаларына мамандарды іссапарға шығарып тұрса. Сол жаққа барып, арнайы келісім шартқа отырса. Біз дәл осы ұсынысты айтпақ болып, жауапты бөлімдерге байланысқа да шықтық. Сөздерінен топшылағанымыздай, ол жақта штат аз екен. Қала берді іссапарларға жіберіп тұруға қаражат та қаралмаған. Ендеше, осы мәселені арнайы сессия да қарап, арнайы бір осы бағытта қаражат қараудың тиімді жолын тапса нұр үстіне нұр болар еді. Мұндай ой тастаудың өзіндік себебі бар. Иә, сыртқа шикізат шығарғаннан шекеміз шылқымайды. Мәселе тек астық өсіру көлемін ұлғайтуда емес, егер пайдаға кенелеміз десек, дайын өнім экспорттау мүмкіндігін қарастырған жөн. Жалпы бізде бұл салада экспорттау мүмкіндігі мол. Соны тиімді пайдалану керек.
Тіптен бұл ұсыныстың күрмеуі шешілмей жатса, тас жолдың бойында орналасқан Ақмая, Төңкеріс, Алғабас, Бестам, Ақтоғандағы ауыл шаруашылық саласының басымдығына қарай трассаның бойына үлкен жарнама тақтайшалары орнатылса. Мәселен, ақмаялықтар қызанақ пен қарбызға басымдық берсе, сол ауылдың эмблемасы ретінде қызанақ пен қарбыздың белгісін қойылса. Былайғы жұрт "еее, мына ауылда негізі өсім осы екен ғой" деп бірден біледі. Бұл да бір өнімді өткізудің тиімді тұсы. Осылайша "Жаңа Қазақстан" импортты азайтып, экспортты еселеуге күш салғанымыз абзал.
Фото: Нұрболат Нұржаубай