Kyzylorda-news.kz Бүгінде Жалағаш ауданында 91 тыл ардагері бар. Соның бірі – М.Шәменов ауылының тұрғыны Рәзия Жүсіпова. Ол 1937 жылы дүниеге келген. Оның балалық шағы Ұлы Отан соғысының сұрапыл кезеңімен тұспа-тұс келеді. Мереке қарсаңында ерте есейіп, Ұлы Жеңіске үлес қосқан кейіпкерімізбен тілдесу үшін арнайы қарашаңырағына сәлем беріп бардық. 

Әжемізден бұрынғы естеліктерін ес­ке түсіріп, балалық шағында көрген қиын­шылықтарын айтып беруін өтіндім. Сонда кейіпкеріміз ұзақ ойға шомып, әңгімесін былай бастады: 

– Өткерген қиын күндердің бәрі әлі күнге дейін көз алдымда. Мен ес білгелі соғыстың не екенін білмесем де, ол туралы жиі еститінмін. Әке-шешем дастарқан басында әңгімелесіп отырып, жылағандарын көріп, «неге жылап жатыр?» екен деп жандарына барсам, соғыс туралы айтып жа­татын. Әкем «соғысқа мен де кетемін» дегенде анам одан сайын қамығып, «сонда біз мына қыз екеуміз ғана қаламыз ба?» деп көз жасын көл қылатын. Аналарымыздың көз жасына қарамастан «соғыс басталды» дегеннен әр үйден бір-бір адамнан, тіпті бір үйден 2-3 адамнан соғысқа аттанды. Ауылда тек жасы келген, көзі көрмейтін ер азаматтар, әйелдер мен балалар қалды. Біздің үйден әкем, араға бір апта салып әкемнің інісі, яғни 18 жасар ағам да соғысқа аттанды. Анам таңертең ерте жұмысқа кетіп, үйге тасқараңғыда қолындағы бір уыс дәнімен оралатын. Сол бір уыс дәнді түнімен диірменге тартып, бір күлше нан пісіреді. Бір сиырымыз бар. Анам жұмыстан келгенше ойын баласы болсам да сол сиырды бағып, сауып қоятынмын. Азанда жұмысқа кеткенде анам бір күл­ше нанның жартысын өзіне, жартысын ма­ған беріп кешке дейін тағы бір уыс дән әкелуге кететін. Түнімен ұйықтамай қол­ғап, шұлық тоқитынбыз. Апамнан «бұны кімге береміз?» десем, әкең мен ағаңа жібереміз дейтін. Таң атқанша көз ілмей, мылтық атуға ыңғайлы үш сау­сақты қолғап тоқыдым. Соғыс бітіп, әкем құ­лағынан жарақат алып оралды. Ағамнан екі-ақ рет хат келді. Кейін ешқандай хабар алмадық, – дейді тыл ардагері. 

Ол күндіз қатарластарымен бірге жүр­генде күн ба­тып, айналасын қараңғылық басқан. Бір-бірін көрмей әзер тауып қо­рық­қаннан сол маңдағы бір кепеге бас сауғалайды. Әжеміз кепенің саңылауына көз тастап, даланы көр­мекші болғанда аспанды жарық жұлдыздар мекендегенін айтады. Сол кездегі үлкендер күннің бұлай тұтылып, мезгілсіз қараңғылық басқанын соғысқа кеткен жас балалардың жазықсыз төгілген қанына теңесе, ал жұлдыздың жарқырап шыққанын соғыстың соңы жақсылықпен бітеді деп болжаған. 

Кейіпкеріміздің анасы 13 құрсақ көтер­ген. Алайда әженің бауырларының барлығы нәресте кезінде жаман аурумен ауырып, қайтыс болған екен. Бүгінде ардагер – «Ал­тын алқа» иегері. 18 жасында Алтынбек Жү­сіпке тұрмысқа шығып, небәрі 48 жасында жолдасынан айы­рылып, 8 перзентін өсіріп, «ұлын ұяға, қы­зың қияға» қондырған. Бүгінде сол ба­ла­ларынан тараған 30 немере, 57 шө­бере, 2 шөпшек сүйіп отыр. Ақжаулықты анамыздың кеудесінен «Алтын алқа» ме­далі мен «Еңбек және Тыл ардагері» ме­далі орын алған. 

Ол жас кезінен еңбекке етене араласып, ер-азаматтармен қатар  жұмыс істеген. Ана­мыз жыл өткен сайын шыңдала түскен. Ба­сына түскен ауыртпалықты мойымай кө­те­ріп, қиыншылықтарды жеңе білген әже­міз бү­­гінде ұрпақтарына бағыт-бағдар беріп, олар­­ды Отанына, туған хал­қына адал еңбек ету­ге тәрбиелеуде. 

Ол бүгінге дейін ауыл­дық «Әжелер» ан­самблінде 15 жыл өнер көрсетіп, облыс­тық шараларға дейін белсене қатысқан. Мұнан бөлек ауылда тәрбиелік ба­ғытта ақ­жаулықты ананың қатысуымен жас­тармен тағылымды кездесулер мен түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып тұрады. Бүгінде асыл әже кенже ұлы Бауыржанның қолында немере-шөберелерінің қызығын көріп, бақуатты ғұмыр кешуде. 

Ел еңсесін тіктеуде еңбек еткен ардагер қа­шанда сый-құрметке лайық. Уақыт өткен са­йын олардың ерен еңбегі еселеніп, жас­тарға насихаттала бермек. 

Тағы да оқыңыз: