Kyzylorda-news.kz. Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары халықаралық «World Art Games» онлайн-байқауында қос жүлдеге ие болды.

Атап айтқанда, 8-сынып оқушылары Уәлихан Ибадулла мен Сырсұңқар Базарбайұлы І орынды иеленсе, 9-сыныптың білім алушысы Жансая Жолдасбек ІІ орынмен марапатталды. Сыр бойылық оқушылар вокал номинациясы бойынша сынға түсіп, «Батырлар ұраны», «Girl on fire» атты өлендерді шырқады.

“Біз таңдаған патриоттық ән қазақ баласының өр жүректі батырлығын, елжандылығын сипаттайды. Осы әуен арқылы біз ұлттық болмысымызды әлемге танытуды жөн көрдік”, – деп түсіндірді Сырсұнқар.

20 мемлекеттің өнерпаздарының басын қосқан бұл көпжанрлы байқауда балалар шығармашылығын белгілі әртістер мен музыканттардан құралған Европаға танымал әділ-қазылар алқасы бағалады.

“Жеңімпаз оқушылар – бліммен қатар өнерді алып жүрген мектептің белсенділері. Бірі бұрыннан ән салса, енді бірі мектепке келіп музыкаға ерекше назар аударып, вокалдық дағдыларын дамытуда. Бұл жетістіктері алдағы уақытта жаңа белестерді бағындыруға үлкен сеп болады”, – деп санайды жетекшісі, ән-әуез пәнінің мұғалімі Жарасбек Өтебаев.

Айта кетейік, жүлделі орындарды иеленген оқушылар мамыр айында Испанияда өтетін «SEA SUN FESTIVAL» халықаралық фестиваліне жеңілдікпен қатысу мүмкіндігіне ие болды.

Тағы да оқыңыз: