Kyzylorda-news.kz. Халқының мақтанышына айналған ән падишасы, КСРО және Қазақстанның халық әртісі, Халық қаһарманы Роза Бағланованың туғанына биыл ғасыр толды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әншінің құрметіне мерекелік іс-шаралар өткізуге үлкен маңыз беріп, жалпыреспубликалық деңгейде Сыр сандуғашын еске алу іс-шаралары өтуде.
Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Роза Бағланованың 100 жылдығына орай «Ақмаңдайлым» атты республикалық әншілер конкурсының ашылу рәсіміне қатысты. Іс-шараға әншінің ұлы Тәжен мен келіні Марал, жергілікті ардагерлер, өнер қайраткелері қатысты.
Аймақ басшысы өнерсүйер қауымды Сыр елінің біртуар перзентінің мерейтойымен құттықтап, конкурсқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
«Бүгін Сыр елінде ән мен өнер мерекесі ғана емес, ұлт руханиятының асқақтаған күні десе болады. Қазақтың қаһарман қызы Роза Бағланованың есімі ұрпақтан ұрпаққа жалғаса берсін. Бүгінгі байқауға қатысып отырған жастар арасынан Роза апасына ұқсаған таланттар шығады деп сенемін!», – деді облыс әкімі.
Сөз соңында Нұрлыбек Нәлібаев ән падишасының ұлы Тәжен мен келіні Маралға қазақы дәстүрге сай сый-сияпат жасады.
Айта кетейік, конкурсқа қазақтың ән өнерін асқақтатып, ұлт мәдениетін көтеруге еңбек сіңіріп жүрген – Рамазан Тайманов, Күлән Қалымбетова, Жеңіс Сейдуллаұлы, Бахтияр Тайлақбаев, Сембек Жұмағалиев секілді еліміздің кәсіби өнер тарландары қазылық етуде.
Өнер байқауында еліміздің түкпір-түкпірінен келген жас әншілер бақ сынауда.