Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысындағы эпидемиялогиялық ахуалдың күрделенуіне байланысты ата-аналардың өтінішіне сәйкес қашықтан оқитын оқушылардың үлесі артты.

Бүгінгі күні оқушылардың 70 пайызы дәстүрлі, 30 пайызы қашықтан оқуда.IV оқу тоқсанын облыстағы 169 883 оқушының 167 571-і – дәстүрлі, 2 312-сі қашықтан білім алуды бастаған.

«Бүгінде кейбір ата-аналардың өтініші бойынша, балаларды онлайн режимге көшіріп жатырмыз. Ол үшін ата-анасының өтініші болса жеткілікті. Өткен аптамен салыстырғанда қашықтан оқитындардың саны 14535-ке жетті. Ал қалған оқушылар дәстүрлі форматта оқуын жалғастыруда. Жалпы, оқушылар мен педагогтар арасында КВИ тіркелген жағдайда тиісті сыныптар қашықтан оқытуға көшіріліп, карантинге жіберіледі. Қазір мектептерде дезинфекциялық жуып тазалау құралдары мен қолды өңдеуге арналған антисептиктердің қорлары жеткілікті», – деді облыстық білім басқармасының басшысы Ақзира Қасымова.

Сондай-ақ, қазір мектептердегі санитарлық талаптардың орындалуын бақылау үшін білім басқармасы мен білім бөлімдері жанынан мониторингтік топтар құрылған. 5-10 сәуір аралығында аталмыш топ өкілдері Қызылорда қаласындағы 21 мектепке бақылау шараларын жүргізді.

Бұдан бөлек, білім ұйымдарында короновирус инфекциясының алдын алу мақсатында оқушыларға ауру белгілері, жұғу жолдары және қорғану шаралары туралы әлеуметтік бейнероликтер көрсетілді.

Тағы да оқыңыз: