Kyzylorda-news.kz.  Аймақта ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығын атап өту жөніндегі облыстық кешенді іс-шаралар жоспары әзірленген болатын. Онда «Наурыз–Қазақстанның ұлттық дәстүрлері мен мәдениеті» айы болып бекітілген. Айлық аясында 200-ге жуық ұлттық, мәдени-танымдық шара өтеді.

Аталған шаралар санитарлық талаптарды сақтай отыра офлайн және онлайн форматта болады. Наурыз мейрамын мерекелеудің тұжырымдамалық тәсілдері әзірленіп, маңызды шаралар 21-23 наурыз аралығында өткізу жоспарланған.

«Жоспарға сәйкес мерекелік іс-шаралар 1 наурыз күні Алғыс айту күні аясында бірлік, татулық, алғыс айту сияқты рухани құндылықтарды қамтитын «Сыр елім, саған мың алғыс!», «Тағдыр табыстырған, тарих тоғыстырған» тақырыбында өзге ұлт өкілдерімен кездесу, облыс музейлерінде Ашық есік күндері, «Алғыс айту – парызым» атты мерекелік шаралармен басталды. Сондай-ақ, Наурыз мейрамының мазмұнын байыта түсетін, ұлттық салт-дәстүрлерімізді айшықтайтын «Шаңырақтағы салт-дәстүр» облыстық онлайн өнер фестивалі, «Наурыз нақыштары, «Наурыз шуағы, «Көктем лебі», «Саз керуен» атты өнер ұжымдарының және «Жырла жырау, алғыс жырын Наурыздың» тақырыбында жергілікті жыршы-жыраулардың концерттері, «Салт–дәстүрім – сарқылмайтын байлығым» қолөнер шеберлерінің көрмелері өткізіледі. Қазақ күресі, қолкүресі, гір көтеру, асық ату секілді Ұлттық спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылады. Айта кететін жайт, биыл эпидемиологиялық жағдайға байланысты салтанатты шара 22 наурыз күні орталық алаңда болмайды. Алайда, Ұлыс күніне арналған концерттер мәдениет және өнер мекемелерінің әлеуметтік парақшалары мен «Сыр шаңырағы» YOUTUBE каналынан тамашалай аласыздар», – деді облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Мира Абуова.

Сонымен қатар, Н.Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театрында Ғ.Мүсіреповтің «Ақбаян», Х.Жүсіпұлының «Ешкімге керегі жоқ ауыл» спектакльдері көрерменге ұсынылады.

Тағы да оқыңыз: