Kyzylorda-news.kz «Білімсіз ештеңе де болмайды, онсыз адам өзгенің абзал қасиеттерін де тани алмайды. Жан-дүниені тәрбиелемей үлкен жетістікке жету жоқ. Ғылым мен тәрбие ұштасса ғана рухани салауаттылыққа жол ашылмақ. Мінез-құлқын түзей алмаған адамның ақиқат, ғылымға қолы жетпейді» деп айтқан ұлы ғалым, ойшыл Әбу Насыр Әл-Фарабидің еңбектері күні бүгінге дейін әлі өз маңызын жоғалтқан емес. 

Адам мен адамды теңестіретін білім болса, ой-өрісіңді дамытып, бәсекеге қабілетті ететін алғашқы баспалдақ мектеп екені хақ. Оқушылардың өмірде өз орнын тауып, бір-бір кірпіш болып қалану үшін ерен еңбек етіп келе жатқан аудан орталығындағы іргелі оқу орындарының бірі – Жалағаш ауданындағы Әл-Фараби атындағы №201 мектеп-лицейі. Кеше әріптесім Ақнұр Алтынбек екеуміз білім бәйгесінде биіктен көрініп жүрген мектептің тыныс-тіршілігімен танысу үшін арнайы алтын ұяға атбасын бұрдық. Мектепке кірген сәттен жылы шыраймен қарсы алған директордың ғылыми істер жөніндегі орынбасары Гүлнар Смайлова бізге мектептің тарихынан бастап бүгінгі жай-күйіне дейін баяндады. 

Қолға қалам ұстатып, жазу-сызу мен әріп үйрететін кез келген білім ордасының тамыры тереңнен бастау алатыны анық. Қазіргі таңда Жеңісбек Райсбекұлы басқаратын білім ордасы алғаш 1988 жылы 1070 оқушыға лайықтап салынған. 2021 жылы ұлы ғалым, ойшыл Әбу Насыр Әл-Фараби есімімен аталған. 

Бүгінде отыз жылдан астам тарихы бар мектеп-лицейде 155 ұстаз 1034 оқушыға білім беріп, еліміздің келешегін қалыптастыру жолында тынымсыз еңбек етіп келеді. Солардың ішінде 29 педагог-зерттеуші, 52 педагог-сарапшы, 41 педагог-модератор мәртебесін иеленген ұстаздар бар. Мектеп қазіргі заман талабына сай материалдық-техникалық базамен, заманауи кабинеттермен қамтамасыз етіліп, әр кабинет техникалық құралдар мен компьютерлер, интерактивті тақталармен, сондай-ақ әр пәнді терең үйретуге мүмкіндік беретін оқу бөлмелері қазіргі заман талабына сай жабдықталған. Атап айтар болсақ, химия, физика, биология, информатика, IT кабинеті бар.

Бұдан бөлек күні кеше «Ата-аналарды педагогикалық қолдау» орталығының ашылуы өткен. Бұл орталық білім алушыларды тәрбиелеп дамытуға және оларға білім беру мәселелерін тиімді шешуге мүмкіндік береді.

– Өткен оқу жылында 43 түлек алтын ұя мектебімен қоштасып, барлығы ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысты. Оның 36-сы мемлекеттік грант иегері атанып, 7-еуі ақылы оқуға түскен. Биыл 69 түлек мектеп бітіреді. Қазіргі таңда барлығы ұлтық бірыңғай тестілеуге дайындалып жатыр. Дайындық өзімнің қатаң бақылауымда. 4 оқушы «Алтын белгіге» және 6 оқушы «Үздік аттестатқа» үміткер. «Ұлт болашағы – білімді ұрпақ» қолында демекші, бүгінгі жас – елдің ертеңі, тірегі, кемел келешегіміздің кепілі. Сондықтан біздің басты міндетіміз – білімді, тәрбиелі ұрпақ тәрбиелеу. «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек. Тәрбиесіз берілген білім адамзатқа апат әкеледі» деп ғалым Әбу Насыр Әл-Фараби айтқандай, тәрбие мен білім қатар жүрсе ғана жастар бәсекеге қабілетті, жан-жақты болып қалыптасатыны рас,– дейді мектеп директоры Жеңісбек Райсбекұлы. 

Білімнің сара жолы мектеп болса, алғаш есігін ашатын кілті – бастауыш сынып. Ең алғаш әріп танып, санауға, білімге деген құштарлықты оятуда бастауыш сыныптың атқаратын рөлі зор. Себебі бастауыш саты – оқушы өмірінің алғашқы баспалдағы. Білім, дағды, тәрбиенің қалыптасу бастамасы. Келешекте жалпы білім алу мен кез келген арнаулы мамандықтарға талпынудың іргетасы осы бастауыш сыныпта қаланады. 

Аталған мектепте жаңа оқу жылында бірінші сыныпқа 78 бала қабылданған. Білім беру саласында өзіндік орны бар ғұлама атындағы мектептің тыныс-тіршілігімен танысуға барған әріптесім екеуміз мектеп ұжымының салаға ауыз толтырып айтарлықтай үлес қосқанын аңғардық. Оған мектеп қабырғасындағы менмұндалап тұрған марапаттар дәлел. Аталған мектеп жыл сайын түрлі номинацияларды иеленіп келеді. Мәселен, білім берудегі жаңашыл, шығармашыл, нәтижелі еңбегі, жоғары жетістіктері мен білім саласын дамытуға қосқан үлесі үшін биыл арнайы «Үздік жаңашыл мектеп» номинациясының иегері атанып, 4 млн теңге қаржылай сыйақымен марапатталған. Бұдан бөлек білім саласын дамытуға және педагог кадрлардың әлеуетін арттыруға қосқан үлесі үшін «Білім бәйтерегі», «Табысты мектеп», «Білімнің биік тұғыры», «Үздік инновациялық мектеп» сынды бірнеше номинацияларды иеленіп келеді. Мектеп оқушыларының пәндік олимпиада, ғылыми жоба сынды білім бәйгелерінде бақтарын сынап, қатысуы деңгейі де жоғары деңгейде. Олар білікті ұстаздармен бірлесе үлкен дайындықтың нәтижесінде үздіктер қатарынан көрінуде. Сөзімізге дәлел ретінде айта кетейік, оқу жылы басталғалы аудандық сайыстардан 51 оқушы түрлі жүлделі орындарға ие болса, облыс бойынша 12 оқушы, республикалық сайыстарда 3 оқушы мектеп абыройын асқақтатып, жүлдемен оралған. Иә, ғұлама атын иеленген мектептің оқытушылары да, оқушысы да білім бәйгесінде биіктен көрінуі заңдылық. Үлкен жетістік – шебер ұстаз бен талапшыл басшының, бірлігі мен ынтымағы жарасқан ұжымның арқасы. «Адамды адам ететін – кітап, адамзат ететін – кітапхана» демекші, мектеп ордасында үлкен кітапхана жұмыс жасауда. Кітапханашы Феруза Досанованың айтуынша, оқушылардың кітап оқуға деген құштарлығы жоғары, әсіресе олардың көркем әдебиет шығармаларға қызығушылығы басым екен.      

 

– Кітапхана қорында 45 699 кітап болса, оның ішінде 1932-сі – көркем әдебиеттер, 29 731-ы – оқулық, 27898-і – ғылыми-әдістемелік кітап. Биылғы оқу жылында оқушыларды толық оқулықпен қамтыдық. Жастарды кітап оқу мәдениетіне тәрбиелеуге, олардың поэзияға деген құлшынысын арттыруға, талғамына, таңдауына сай әдебиеттерді іріктеуге көмектесіп, оқуға деген ынта-ықыласын көтеруде кітапханада мәнерлеп оқу жарыстары, театрландырылған көрініс қою секілді түрлі танымдық шаралар ұйымдастырылып тұрады, – дейді кітапханашы.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы аясында жыл сайын балалардың кітап оқуға деген құштарлығын арттырып, жас ұрпақтың бойына отансүйгіштік сезімін қалыптастыру мақсатында республикалық «Оқуға құштар мектеп» жобасы жүзеге асырылып келеді. «Кітап – ғалым, тілсіз мұғалім» деп текке айтылмаса керек. «Оқуға құштар мектеп» – оқушылардың оқуға деген құштарлығын арттыруға бағытталған ауқымды жоба. Бұл жобаға еліміздің барлық өңірінен 10164 оқушы қатысқан. Жобада оқушылар отандық және шетел әдебиетінен тест сұрақтарына жауап беріп, эссе жазу тапсырмасы бойынша сынға түсті. Аталған байқауға кітапхананың үздік оқырманы, 8 сынып оқушысы Айғаным Әди аудан, облыстық сайыстан топ жарып, республикалық кезеңде Сыр өңірінің намысын қорғап, ІІ орынмен марапатталды.

Мектепте міндетті оқу қоры есебінен ыстық тамақпен 487 оқушы қамтылған. Оның ішінде 344 бала 1-4 сыныпта оқиды. Оқушылардың әлеуметтік жағдайы мектептің басты назарында. Балалардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыру мақсатында 2022-2023 оқу жылында міндетті оқу қоры есебінен 48 оқушыға сауықтыру лагерлеріне жолдама берілген. Оның ішінде 16 оқушы Жаңақорған ауданындағы «Талдысу» лагеріне, 30 бала «Ақтерек» лагеріне, 2 оқушы Алматы қаласындағы «Балдаурен» лагеріне барған. 

Білімді ұрпақ тәрбиелеуді өздеріне парыз еткен мектеп ұжымы әлі де талай бүлдіршіндерді біліммен қанаттандырып, биік белестерге жетелеуде жүйелі әрі еселі еңбек ете беретіні сөзсіз.

Тағы да оқыңыз: