Kyzylorda-news.kz Қазіргі кезде әлеуметтік желілермен жұмыс істейтін SMM мамандығына сұраныс жоғары. SММ маманы деген кім? SMM менеджер ағылшын тіліндегі Social Media Marketing деген сөздің бас әріптерінен құралған атау. SMM менеджері әлеуметтік желілерде отырып, өзі қызмет ететін компания немесе мекеменің жұмыс бағдарына сай мақсатты аудиторияны тартатын, үйлестіретін маман. Олардың басты мақсаты оқырмандарды мекеме сайтына бағыттап, клиентке айналдырып, компания өнімдеріне көптеп адам тарту, жарнамалау.
Еңбек нарығында осыдан 6 жыл бұрын пайда болған кәсіп бүгінде трендке айналған. Бір қызығы, бұл мамандықты ешбір жоғары оқу орны оқытпайды. Жас талғамайтын мамандықты жастар да, ересектер де игере алады. Ол үшін бір айлық курсын оқып алса болғаны.
Ментор берген сертификатымен айына кемінде 80-200 мың теңге аралығында табыс табуға мүмкіндік бар. Жалпы әлеуметтік желінің қыр-сырын үйреніп, контент жоспар жасап, қоғамға сату тәсілдерін қолдана білген кез келген жан SMM менеджер бола алады. Сонымен қатар, сала бойынша мақсатты аудиториямен жұмыс істей білуі және адамдармен дұрыс қарым-қатынас ұстай білуі де маңызды.
Бүгінде интернет-маркетолог онлайн бизнесті алға жылжытып отырғаны белгілі. Ғаламтордың бір сегментіне айналған SММ маманы ВКонтакте, Instagram, Telegram, Youtube, Facebook-те белсенді болып, қызықты әрі пайдалы жазбаларымен халықты өзіне тартып отыр. Үйден шықпай-ақ компьютер алдында SMM арқылы табыс тауып отырғандардың дені студенттер, бала күтіміне байланысты үйде отырған аналар және өзінің шағын және орта бизнесі бар кәсіпкерлер. Әр салада цифрлы технологияларды меңгеріп, оның әдіс-тәсілдерін дұрыс қолдана білгендерге қай жерде де сұраныс жоғары. Өйткені, ІТ мамандығынсыз болашақты елестету мүмкін емес.
Әлем бойынша ең қажетті мамандықтар тізімінде ІТ маманы екінші орында. Технологиялық прогрестерге байланысты халық та кейбір қызмет пен тауар түрлерін қолындағы ұялы телефонмен-ақ тапсырыс беріп-ақ ала алатын жағдайға жеткен. Егін және мал шаруашылығы маманы, медицина маманы немесе қаржыгер, жасанды интеллект, роботизация, автоматизация сынды мамандықтардың өздері елімізде цифрлы технологияның қаншалықты дамығандығын көрсете алады.
Жаңа ғасырда пайда болған киберфизикалық құрылым инженерлері, виртуалды жүйелерді прототиптеуші мамандар, цифрлық жобалаушылар, иммерсивті дизайнерлер, әсіресе, big data-мен жұмыс істейтіндер, дата инженерлер, өндірістік салада дрон басқаратын операторлар, киберқауіпсіздік атты жаңа мамандық атауларына да құлақ үйрене бастады.
Әлеуметтік желінің әлеуетін көтеріп, нарықты жан-жақты зерттеп, бизнестің стратегиясын құру SММ маманының негізгі міндеті. Олар үнемі ізденіспен, зерттеумен, сараптаумен айналысып отырмаса, жылдамдығына көз ілеспейтін уақыт ағымынан қалып қояды. «Бір ай оқыған курсыңды тез арада практикада қолданбасаң, 3 айдан соң нәтижеге жетем деу бос әурешілік. Себебі, біз күнде ақпараты ағылған, технологиясы қарқынды дамыған ғасырда өмір сүріп отырмыз. Технологияның бүгінгі жаңалығы ертеңақ ескіріп қалуы мүмкін. SММ мамандығын игергендердің дені ары кетсе жарты жылда өз брендін қалыптастырып үлгереді. Әрі қарай өзгелерге пайдасын тигізеді. Рас, 4-5 жыл оқып, белгілі мамандық иесі болғанға не жетсін?!
Оның жөні басқа... Біз SММ мамандығын өзгелерге үйрете отырып, интернет арқылы табыс табуға болатынын дәлелдейміз. Елді аузына қаратып жүрген миллионнан астам оқырманы бар блогерлердің көпшілігі өз парақшаларын SMM мамандары арқылы жүргізеді. Себебі миллиондаған аудиторияға сауатты, қызықты дүние ұсыну үшін де арнайы маманның көмегі керек.
Сондай-ақ, қазіргі кезде SММ маманымен қатар мобилограф, таргетолог, веб аналитик, мессенджер маркетолог сынды мамандықтар да заман талабына сай дамып келеді. Олардың әрқайсысының атқаратын қызметтері әртүрлі. Бүгінде екінің бірі әлеуметтік желілерге тіркелген, сағаттап отырады. Біреудің ішкен тамағын, киген киімін, жүріс-тұрысын аңдығанша, табысын арттыратын пайдалы курстарды оқып алып, контент жүргізсе, хайлайтсын арттырса, брендін қалыптастырса қаржылық мұқтаждықтан құтылары анық. Қазіргі кезде жеке компанияларды айтпағанда, мемлекеттік мекемелер, жергілікті атқарушы билік құрылымдары да SMM менеджер штатын ашуда. Демек, бұл мамандыққа сұраныс бар деген сөз. SММ маманы мемлекеттік мекемелерде айлық жалақыға ғана жұмыс істейтін болса, ал, жеке тұлғалардың, кәсіпкерлердің, бизнесмендердің әлеуметтік желідегі парақшаларын жүргізетіндер, керісінше, қомақты табысқа қол жеткізіп жүр.
Өткен жылы Шиелі ауданы бойынша мемлекеттік грант конкурсына қатысқан 732 түлектің 571-і мемлекеттік грант иегері атанған. Оның ішінде 231 педагогикалық мамандықтар бойынша, 59 медициналық, 140 түлек техникалық мамандықтар бойынша 41 түлек ауыл шаруашылығы және 100 түлек басқа саладағы мамандықтар бойынша грант иеленген. ІТ сала ел ауқымында үлкен өріс алып келеді. Осыдан 5-6 жыл бұрын супервайзер, SMM-менеджер, маркетолог сынды мамандықтар сұранысқа ие болатыны көп айтылатын. Расында, қазір тап осы мамандар тапшы. Оны Шиелі аудандық Жастар ресурстық орталығының директоры Ержан Әбдешов те растады. «Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі жаңа мамандықтар атласын жасады. Оған сәйкес алдағы жылдары киберқауіпсіздік, денсаулық сақтау, өнер және білім беру мамандары сұранысқа ие болады» деген.
Олай болса, «Интернет деген – үлкен қоқыс алаңы, оған аузы-мұрныңды тұмшалап, қолыңа қолғап киiп кiрiп, үйiндiлердiң арасынан жарамдысын, өзiңе қажеттiсiн таңдап ала бiлуiң керек». Демек, интернеттi қолданудың мәдениетiн қалыптастыруға тиiспiз.