Kyzylorda-news.kz Таяуда Шиелі аудандық сотта сот төрағасы Нұржан Бекетаевтың төрағалық етуімен «Жаңадан құрылатын кассациялық сот туралы» тақырыбында дөңгелек үстел өткізілді. Жиынға шиелілік судьялар А.Жолдыбаев, Д.Исабек, Ж.Сарбасова және сот әкімшісінің басшысы С.Сержанов, аудандық сотының бас маманы Н.Елшібеков пен іс-тіркеуші Е.Тәңірбергенұлы, Шиелі ауданы прокурорының орынбасары А.Саркубен, жеке сот орындаушылар Б.Окапов, Е.Бекентаев, Т.Баймағанбет қатысты. Төрағалық етуші дөңгелек үстелді ашық деп жариялап, қатысушыларды дөңгелек үстелдің бағдарламасымен таныстырды.

– 2023 жылғы 12 қыркүйекте еліміздің бизнес-қауымдастығының өкілдерімен кездесуде ҚР-ның Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев дербес кассациялық инстанция құру мәселесі бойынша заң және кәсіпкерлік қауымдастығымен кеңестер өткізу қажеттігіне назар аударды. Президенттің айтуынша, бүгінде қылмыстық және азаматтық істердің бес пайызы ғана кассацияға беріледі. Бұл аз және азаматтардың қажеттіліктеріне сәйкес келмейді. Сондықтан дербес кассациялық инстанция құру мәселесі бойынша заң және кәсіпкерлік қоғамдастықпен консультациялар өткізу қажеттігі пісіп-жетілді. Тұжырымдамаға сәйкес, дербес кассациялық сатыны қүру кезінде Жоғарғы Сот қадағалау сатысы болады, оның шешімдері бірыңғай сот практикасын қалыптастыру үшін төмен тұрған соттардың шешімдер шығаруы үшін негіз болуға тиіс. 

Қазіргі таңда үш буынды жүйені: бірінші саты – аудандық және оларға теңестірілген (қалалық сот, ауданаралық сот), екінші саты – облыстық және оларға теңестірілген соттардағы (республика астанасының қалалық соты, республикалық маңызы бар қалалардың қалалық соттары) апелляциялық саты және үшінші саты – Қазақстан Республикасының Жоғарғы сотының кассациялық соты құрайды, – деді Шиелі аудандық сотының төрағасы Н.Бекетаев.

Айта кетейік, кассациялық сатыда кейбір істердің қайта қаралмауы бойынша көптеген пікірталастар туындауда. Мәселен, ҚР-ның Азаматтық процестік кодекске сай азаматтық істердің бұл сатыда қаралуы үшін тиісті талаптар белгіленген. Атап айтар болсақ, азаматтық сот ісін жүргізудегі талап қою сомасы жеке тұлғалар үшін 2 мың АЕК-тен және заңды тұлғалар үшін 30 мың АЕК-тен аз болған кезде, олар кассациялық сатыда қаралуға жатпайды. Сол сияқты, қылмыстық сот ісін жүргізуде қылмыстық теріс қылықтар туралы істер де қаралмайды. Осыған орай, осы мәселенің бірден-бір шешімі сот жүйесінің дербес кассациялық сатысын құру. Сол арқылы барлық іс санаттарының кассациялық тәртіпте қайта қаралуына және азаматтар мен заңды тұлғалардың өз құқықтарын толық жүзеге асуына мүмкіндік жасау болып отыр. 

Келелі шара соңында дөңгелек үстелдегі қатысушылар осы тақырып аясында пікір алмасып,  талқылады. Сөз соңында төраға: «Сот жүйесіндегі барлық оң өзгерістер жалғасады және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың тиімділігін арттыруға ықпал етеді деген үлкен үміт бар» деп басқосуды аяқтады. 

Тағы да оқыңыз: