Kyzylorda-news.kz. Биыл Халықаралық музей күнінің аталып өтіп келе жатқанына –46 жыл. Бұл күн кәсіби мереке ретінде Халықаралық музейлер кеңесінің ХІ конференциясында бекітілген болатын. Ел игілігіне, руханият үшін сүбелі қызмет істеп келе жатқан мұражайлар өңірде жоқ емес. Солардың бірі де бірегейі –  Арал аудандық «Балықшылар» музейі. 62 жылдық тарихы бар бұл ордада небір құнды жәдігерлер сақталған.

Арал «Балықшылар» мұражайы – ХІХ ғасырда орыс сәулет өнері үлгісінде салынған орыс көпесінің үйі. Кейін Қазан төңкерісінен соң балық тресіне берілген. Ол уақытта қоғамдық жұмыстарда қолданылып, уақыт өте келе, яғни 1962 жылы теңіз тартылған соң жан-жағы көгалдандырылып, ашық аспан астындағы мұражай іспетті болды. Ал 2012 жылы Арал ауданында «Балықшылар» музейі болып қайта құрылды. Музейде «Балықшылар», «Кемелер» залы және ашық даладағы музей көрмесі  ұйымдастырылған.

Негізгі музейдің іргетасын қалап, жәдігерлерін жинақтаған бұрынғы балық шаруашылығы министрі, Аралдың төл перзенті – Құдайберген Саржанов. Музей қорында осы күні 2000-нан аса құнды жәдігерлер бар. Уақыт өткен оның саны артуда, себебі ата кәсібін ұмытпай, балықшы атасының жәдігерін музейге өткізуге бейімделіп келе жатқан жандар көбеюде. Бүгінде музей ішінде Арал теңізі тақырыбындағы деректі фильмдер көрсететін арнайы бейнепроекторлар бар. Осылай заманауи техникалармен жабдықталған музей іші әрбір жанның көз алдына нағыз балықшы өмірін әкелетіні сөзсіз. Сонымен қатар келушілер қазақ балық өнеркәсібін дамытуға атсалысқан белгілі тұлғалармен, комиссарлармен және Наркомдар, су шаруашылығының төрағалары мен балық шаруашылығы министрлерімен және аудандық Социалистік Еңбек Ерлерімен таныса алады.

 Іштегі залдар негізінен Арал теңізінің ерте тарихынан бастау алады. Б.з.д V-VI ғасырлардағы сақ дәуірі уақытында Сырдарияның төменгі ағысындағы егіншілік пен мал шаруасындағы қолданылған жәдігерлер бар. Оның ішінде, Шірік-Рабат қалашығынан табылған құмыралар мен әшекей бұйымдардың орны ерекше.Кейінгі кезектегі экспозиция Арал теңізінің кепкен табанынан табылған Кердері қаласының тарихына арналған. Бұл қатарда Алтын Орда кезеңінің темір монеталары, алтын бұйымдары, қыш ыдыстары мен диірмен тастары бар.Ары қарайғы музей залын Арал теңізін зерттеген Тевкелев, Ф.Берг, Северцов, Бартольд сынды белгілі тұлғалар жалғастырады. Олардың еңбектері мен зерттеу жұмыстары туралы мәліметтер бар. Және Арал қаласының картасын алғаш сызған А.Бутаков пен Т.Г.Шевченкоге арналған экспозиция бар. Аралдың тумасы, Социалистік Еңбек Ері Төлеген Әлімбетовтің портреті, кеме капитанының арнайы киімдері мен құрал-жабдықтары, кемені басқару штурвалы мен Арал теңізіндегі сирек кездесетін флора мен фауна таныстырылымы да мұражайдың көркін ашып тұр, – деп таныстырды музей меңгерушісі Алишер Саржанов.

«Балықшылар» музейіне бүгінде алыс-жақын шетелдерден, одан қала еліміздің түкпір-түкпірінен қонақтар келеді. Мұны музей жұмысшылары да мақтанышпен айта алады. Оның ішінде түбі бір Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Ауғанстан сынды ел қонақтары мен жыл сайынғы жаздық мектептің студенттері мен оқушылары бар. Олар құнды жәдігерлермен қатар Арал теңізі туралы деректі фильмді көріп, тамашалай алады.

Иә, бүгінгі күн – ертеңгі тарих, ал елінің, туған жерінің тарихын білмеу бізге үлкен сын. Болашақ патриот ұрпақ пен кемел келешектің іргетасы іспеттес болған «Балықшылар» мұражайының аудан үшін орны ерек.

Тағы да оқыңыз: