Kyzylorda-news.kz. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың кезекті Жолдауынан туындайтын мәселелерді және бағдарламаларды іске асыру негізінде қазір елімізде ауылдардың әлеуметтік-экономикалық дамуына, білім беру, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығын дамыту істерінде мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы басты назарда. Бүгінде осы бағдарламалар аясында келелі істер жүзеге асып, көптеген ауыл халқына қолайлы жағдай туғызуда. Солардың бірі – Қосаман ауылдық округі.
Қосаман ауылдық округінің құрамына қазір Қосаман және Ақеспе ауылдары кіреді. Екі ауылды қосқанда барлығы 126 шаңырақта 719 тұрғын бар. Оның ішінде экономикалық белсенді халық саны – 332, өзін-өзі жұмыспен қамтыған 142 адам болса, жалдамалы қызметкерлер – 180, зейнет жасында 44 тұрғын бар. Алтын, күміс алқа таққан Батыр аналар саны – 30, 7 жұмыссыз жан болса, 2023 жылы 16 тұрғын жаңадан жұмыспен қамтылды.
Өркениетті даму көшінен қалыспаған ауылдық округтің әкімі Әлібек Ізбасаров өз жұмысын қалтқысыз атқарып келеді.
– Ауыл әкімдерінің құзіреттілігін нығайту үшін жергілікті өзін-өзі басқару және ауылдық аймақтарды дамыту бағыттары бойынша ауылдық округ әкімінің аппараты жергілікті мекеме басшыларымен және қауымдастық кеңестерімен, яғни ауыл тұрғындарымен бірлесіп түрлі сала бойынша халыққа қызмет көрсетіп келеді. Осы бағытта жыл көлемінде ауыл әкімшілігі, мектеп, клуб, медпункт, ветпункт ұжымдарымен бірлесіп, қайырымдылық акциялары кезінде қамқорлықты қажет ететін отбасыларға ақшалай, заттай түрлі көмектер көрсету күн тәртібінен түскен емес.
Осы жылы аудандық бюджеттен Ақеспе елдімекенінде электр желісін жаңарту мақсатында 6 млн 272 мың теңгеге тиісті жұмыстар атқарылды. Бұдан бөлек, ауылдарда түнгі көше жарық шамдарын электр үнемдейтін шамдармен ауыстырылды.
Қазіргі таңда округ халқының саны артып келеді. Осыған байланысты округте балабақша ашу бойынша сұраныс бар. Ауыл халқының сұранысына орай осы жылы Қосаман елдімекенінде жеке кәсіпкердің бастамасымен 40 орындық балабақша ашу жоспарлануда, – дейді Әлібек Ізбасаров.
Қазір округте №68 орта мектеп және №237 негізгі мектеп бар. Білім ордасында барлығы 51 мұғалім қызмет етеді. Мектептегі оқушылар саны 149 баланы құрайды, оның ішінде 19 бала мектепалды даярлық сыныбының оқушылары. Ыстық тамақпен қамтылған балалар саны – 23.
Бұдан бөлек округте тұрғындар қажеттілігін өтейтін 2 фельдшерлік-акушерлік пункт, 2 ауылдық клуб, 1 ветпункт, 2 кітапхана және «Нұра топтық су құбыры» РМК «Арал» СЖКБД филиалының №1 су айдау станциясы жұмыс жасайды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына арнаған жолдауында кәсіпкерлік саласын дамыту мен бизнес идеяларды қолдау шаралары артып, “Мемлекет бизнеске көмек көрсету ісін жалғастыра береді” деген болатын.
Бұл тұрғыда аулда да жүйелі жұмыстар жасалып, кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған түрлі мемлекеттік бағдарламалар өз тиімділігін дәлелдеп келеді. Ауыл әкімі ай сайын кәсіпкерлерді салалық мәселелер бойынша қабылдап, ұсыныстар бойынша нақты шараларды жүзеге асыруда. Өз кәсібін бастаған және бұл бағытта шаруасын жүйелеген азаматтар мұндай қолдауларға ризашылықтарын білдіруде. Бұл туралы:
– Қосаман ауылдық округінде барлығы 8 шаруа (фермер) қожалығы және 43 жеке кәсіпкер тіркелген. Қазіргі таңда округте кәсіпкерлікті дамыту бағытында қосымша шаралар қолға алынып, жұмыстар жасалуда. Ауылдық округ бойынша 2 азық-түлік дүкені, 1 қоғамдық монша жұмыс жасауда.
Ал кәсіпкерлік бағытта округте барлығы 43 кәсіпкер тіркелген. Сонымен бірге округ бойынша жыл басынан түрлі қаржы ұйымдарына жобалар ұсынылып, қолдау күтілуде.
2023 жылы округте кәсіпкерлікті дамыту мақсатында «Бастау-Бизнес» бағдарламасымен 4 азамат оқып, Ақеспе ауылының тұрғыны О.Санкубаев қайтарымсыз қаржы алып, өз кәсібін (көлікке техникалық қызмет көрсету орталығы) бастауда, – деді ауыл әкімі.
Және ауылда кәсіп ашуға ниетті азаматтар тізімі жасақталып, алдағы уақытта «Ауыл аманаты» жобасына аясында төмендетілген пайызбен несие алуға ниетті азаматтарға құжат тапсыруға сүйемелдеу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде Қосаман ауылының тұрғыны Б.Әбілова 2,7 млн.тг несие алып, ауылда құс шаруашылығын дамытуға атсалысуда.
Айта кетейік, 2022 жылы округ бойынша несие алу деңгейі 19,2 млн.тг. жеткен болатын. Кәсіпкерлікті дамыту бойынша округте 4 адам «Бизнес Бастау» арқылы қайтарымсыз несиеге қол жеткізіп, өз кәсіптерін бастады. Оның ішінде қоғамдық монша, тігін цехы, кондитерлік өнімдер шығару жобалары бастау алды.
Сонымен қатар мал шаруашылығы да жақсы дамып келеді. Ауылда А.Сахи 2,0 млн.тг несиемен мал шаруашылығы бағытында 4 жылқы алса, Г.Байадилова «Атамекен» микроқаржы ұйымынан 7,2 млн.тг несие көлемінде 12 түйе алып, кәсібін жасауда.
Ауылдық округ бойынша 2023 жылдың 1 шілдесіне түсетін мал басының саны мүйізді ірі қара – 656 бас, уақ мал – 907 бас, жылқы – 3 273 бас, түйе – 1 801 басты құрады. Биылғы жылдың тиісті мезгілдерінде мал басын бірдейлендіру жұмыстары толық жүргізіліп, тиісті дерекқорларға енгізілді. Сонымен қатар мүйізді ірі қара тұқымын асылдандыру бойынша жұмыстар күн тәртібінен түскен емес. Осы орайда биылғы жылы 2 бас бұқа алынды. Бұдан бөлек Ақеспе елдімекенінде 2 балық қабылдайтын тоңазытқыш цехы жұмыс жасауда.
Байланыс қызметі де округ халқы үшін өз шешімін тапқан. Қосаман ауылдық округінде 158 телефон нүктесі жұмыс істейді. Халықтың 100 пайызы отандық «Отау ТВ» спутниктік телехабармен қамтылған. Сонымен бірге бүгінде тұрғындар «KCell» ұялы байланыс операторы қызметін пайдалануда.
Сонымен бірге округте интернет жылдамдығы өте төмен болғандықтан, қазіргі таңда ЖК «Ырыс» арқылы тұрғын үйлеріне «Транстелеком» АҚ-ның қызметін орнату бағытында жұмыстар жүргізілді. Бүгінгі күні ауыл тұрғындарының 70% сапалы ғаламтор желісімен қамтылып отыр.
«Төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деген қанатты қағидаға сүйеніп, ауыл ақсақалдарының ақыл-кеңесін алып, ауылымыздың ауызбіршілігі мен ынтымағын арттыру мақсатында тұрғындар тарапынан да жұмыстар атқарылуда. Соның бірі – Қосаман ауылының тұрғыны, мүмкіндігі шектеулі жанға алыс-жақындағы ағайын болып тұрғын үй тұрғызып, пайдалануға берілді. Бұл ауылымыздағы жұмыла атқарылған жұмыстардың бірқатары. Ауыл әкімі Әлібек Ізбасаров алда жоспарланған жұмыстардың ауқымды екендігін де тілге тиек етті.