Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысы орталығында жылдағы дәстүрмен «Қазақстанның үздік тауары-2023» жергілікті тауарөндірушілердің көрмесі өтті. Айдынды Аралдан қарт Қаратауға дейін кәсіпке бет бұрған ағайын көрмеге қатысып, өз өнімін елге көрсетуге жиналыпты. Жалпы, мұндай көрме бір саланың деңгейін байқататыны белгілі. Яғни тауарөндірушілер көрмесі арқылы Сыр бойындағы кәсіпкерліктің жайын бағамдауға болады. Биыл көрмеге барлығы 87 кәсіпкер қатысса, оның 23-і «Бір ауыл. Бір өнім» жобасы аясында өнім өндірушілер екен.

Қамысты алтынмен тең деп кім ойлаған...

Бұл жолғы көрмеде ең алдымен көзге түскені қамысты кәсіпке айналдырғандар болды. Жас отбасы Аяпбергеновтер «Азия камыш» ЖШС-ін құрып, бүгінде  Сырдың қамысын шетелдіктерге жеткізуде. Қазалы ауданының Кәукей ауылында тұратын кәсіпкер қамыстың қадірін 2021 жылдан бері біліп келеді. Шынында қамыстың қадірін біз білмегенмен, басқалар біледі екен. Қайбір жылы қамысты экспортқа шығару жайы айтылғанмен, оның нәтижесі белгісіз болып қалған еді. Енді міне, көрмеде қамысты кәсіп еткендерді кездестірдік. Бір қызығы, көрмеде самсаған қанша өнім болса да, келушілер ең алдымен қамыс иесінің жанынан үйіріле қалады. Үйдің төбесін қамыспен жабуға болатынын макет арқылы түсіндіргі келген кәсіпкердің әңгімесі қызықтырды ма, әлде далада есепсіз өскен өсімдіктен қып-қызыл пайда табуға болатынына қызықты ма, әйтеуір елдің бәрі кәсіпкердің аузына қарап қалыпты. Кәсіпкердің айтуынша, шетелдіктер, мәселен Германияда қамыс үйдің төбесін жабуға, яғни шатыр орнына пайдаланады екен. Біле білгенге қамыс қауіпсіз, экологиялық таза өнім, денсаулыққа пайдалы. «Шырпы тисе, лап ете қалмай ма?» деген сұрақ әркімнің көкейінде сайрап тұр. Мұны байқаған кәсіпкер Райысбек Аяпбергенов смартфонындағы бейнежазбадан қамыс шатырға шырпы тигізсе, өртенбегенін көрсетіп жатыр. Яғни, кірпіш қалағандай етіп, тығыз жабылған қамыс арасына ауа өтпегендіктен өртенбейді екен. Қамыстан нәпақа тапқан ерлі-зайыпты екеуі де теміржолшы. Біраз жыл теміржол саласында еңбек етіп, кейін уақыт талабына сай кәсіпке бет бұрған олар шетелдіктер сұраныса ие қамысты әлемнің бұрыш-бұрышына жеткізу үшін тәуекелге бел буыпты. Жас шаңырақтың иесі қамыс шабу, жинау секілді шаруаны ыңғайласа, отанасы Венера Тайлақбаева шетелдіктермен байланыс жасау, келісімшарт жасасу секілді іс-қағазға мығым. Өзі ағылшын тілін жетік біледі екен. Он баланың анасы. Балаларды жеткізу үшін ерінбей еңбек етіп, жақсы табыс табуды мақсат еткен отбасының  кәсіпкерлік саласындағы ісі алға жүре бастады. Әдепкіде жеткізу, келісу секілді жұмыстарда қиындықтар болғанмен, бұл да бір ізге түсіп қалыпты. Бір атап айтарлығы, маусымдық жұмысқа бір мезгілде 350-400 адам жұмысқа тартылады екен. Ауыл тұрғындары қамысты орып, әр бауын 350 теңгеден өткізеді екен.

«Қамыс ору маусымында 350-400 адамды жұмысқа қабылдаймыз. Олардың міндеті – қамыс орып, буып өткізу. Қанша қамыс орса, сонша ақшасын алады. Бір қамысты 350 теңгеден қабылдаймыз. Қамысты орудың, баулаудың өз талаптары бар. Негізі қамысты қыста, аязды күндері шабады. Сол кезде қамыс қатты болып тұрады. Оны құрғақ жерге сақтаймыз. Баулаудың да өз тәртібі бар. Сынған, бүлінген қамыс кетпеу керек, тазалап барып баулау қажет. Дайын қамысты сыртқа жіберу үшін арнайы жүк көліктерін жалдаймыз. Қамыстың біздің жақта қадірі болмағанмен, шетелдіктер сұранысына ие. Қазір Германия, Нидерланды, Дания, Франция, Польша, Беларусь елдерімен келісім жасадық», – дейді Венера Тайлақбаева.

Бізде қадірі жоқ қамыстың шетелдіктер үшін қажет болғаны сонша, олар  алтын бағасына тең бағаға сатып алады екен. Демек, кәдеге жарата білсең қамыс дегенің алтыннан да қадірлі.

Қамысшылар сыртқа жылына 1000 тоннадай қамыс өткізеді екен. Алдағы уақытта қамысты өз жерімізде кәдеге жарату жосапары да бар.

«Алдағы уақытта қамыстан көмір шығарсақ дейміз. Ол үшін арнайы құрал-жабдықтар сатып алып, шетелдік мамандардың шақыры, тәжірибе алмасамыз. Өзімізде бардың бағасын біліп, кәдеге жарату керек», – дейді көпбалалы ана, жас кәсіпкер.

Күріштен тәтті таяқшалары, жүгері сусыны

Қайбір жылдары қармақшылық кәсіпкер күріштен тәті таяқшалар (кукуруз) жасаған еді. 2020 жылы Қармақшы ауданы Ақай ауылының тұрғыны Талғат Жасанбаев күріштен тәтті таяқшалар жасап, дәмі баланың да, үлкеннің де, кішінің да көңіліен шығып, сұранысқа ие болған еді. Алайда өнімнің сыртқы қалтасындағы сурет, яғни шапан киген мысық бейнесі біраз сынға ұшырап, нарықта да мысықтың тағамы сияқты әсер еткендіктен, кәсіпкер өз өнімінің қорабын ауыстырып, көрмеге алып келіпті. Бүгінде «Жиеней! Жеке кәсіпкерлігін ашып, инновациялық жобалар конкурсына қаитысып, грант ұтып алған кәсіпкер күріштен тәтті таяқша шығару жұмысын жалғастыруда. Өнім көпшілік сұранысына ие.

Ал шиелілік жеке кәсіпкер Қасым Абжаппаров жүгері дәнінен сусын әзірлеп, өнім жалпы жұртқа танымал болғанына да біраз уақыт болды. «Кәусар» сусыны сырбойылықтар үшін танымал өнім.

Жиһаз да бар, бесік те бар...

Сыр өңірінің жиһаз өндірісі саласында есімі елге танымал «Диана» жиһаз салонының иесі Жібек Қожахметова бұл көрмеге соны жаңалығымен келіпті. Жиһаз өндіруші компания енді бесік жасау, бесік жабдықтарын тігу жұмысын қолға алыпты. 

«Бесік жасау кез келгеннің қолынан келмейді. Қазір қала бойынша менің жолдасым бесік жасауда. Бұл үшін арнайы құрал-жабдық сатып алдық. Бесік сататындарға көтерме бағамен өткіземіз, одан бөлек, «Элит бесік» дүкенін аштық. Сонымен қатар өзіміздің шағын тігін цехымыз бар. Мұнда бесік жабдықтарын тігеміз», – дейді кәсіпкер.

Бір сөзбен айтқанда, кәсіпкерлік саласындағы нәзік жан бір емес, үш кәсіп көзін үйлестіріп отыр. Бұл да кәсіпкерлердің кәсіпті дамытуға ынталы екенін байқатады.

Түрлі-түрлі өнім бар...

Көрмеде түрлі өнім бар. Мәселен, «Балтабай» жеке кәсіпкерлігі жылқы, сиыр етінен таза шұжық жасаумен танымал. Дүкендегі самсаған көп шұжықтан сапасы да, бағасы да артық «Балтабай өнімі көпшілік сұранысына ие.

«Өнімді дүкендерге өткізбеймін. Жылқы, сиыр етінен жасалған шұжық дәмін білетіндер тұрақты тұтынушыға айналады. Дүкенге дейін-ақ тапсырыспен алып кетеді», – дейді кәсіпкер.

Көрмедегі «Qurtella» өнімі де көпшілікке танымал болып қалды. Кәдімгі құртты түрлі дәммен шығарып жатқан кәсіпкер мұның балалар үшін таптырмас тағам екенін айтады.

Ал жеке кәсіпкер Айгерім Асқаорва хош иісті балауыз шамдар жасайды екен. Көрменің бір бұрышын әсемдікке бөлеген жас кәсіпкердің талғамы жоғары өнімдеріне де қызыққандар аз болмады.

Бір ауыл – бір өнім

Биылғы көрменің жаңалығы да осы болды. Биыл Сыр өңірінде «Бір ауыл-бір өнім» жобасы жүзеге асуда. Жоба аясында кәсіпкерлігін дамытқан қыз-келіншектер көрмеге қатысып, өз өнімдерін көпшілікке ұсынды. Айта кетелік, 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында 2023 жылдан бастап республика көлемінде «Мен кәсіпкер» жобасы жүзеге асырылуда. Бұл жоба бірнеше саланы қамтиды. Атап айтқанда, «Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы», «Бір ауыл – бір өнім» жобасы және «Кәсіпке бағыт» атты шағын және орта бизнес өкілдерінің кәсіпкерлік әлеуетін арттыру мақсатындағы салалық оқытулар.

Өткен ғасырда Жапонияда басталған «Бір ауыл – бір өнім» жобасы 2021 жылдан бастап біздің елімізде де қолға алынды. Бұған дейін Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қостанай және Маңғыстау облыстарында пилоттық режимде сәтті жүзеге асып, осы жылдан бастап барлық өңірде ұйымдастырылуда.

Жобаның басты міндеті – ауыл тұрғындарының кәсіпкерлік әлеуетін арттыру. Қолда бар жергілікті шикізатты пайдаға асыра отырып, өнім өндіру, елді-мекендерде жұмыс орнын ашып, ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыру. 

«Бұл жобаның ерекшелігі тек қыз-келіншектер ғана қатыса алады. Бүгінгі шараға қатысушылар белсенді. Өнімдерін арнайы сарапшы комиссия қарап шықты. Жеңімпаздар жақында анықталады. Осы анықталған жүлдегерлер жаңашыл бизнес-идеяларға арналған грантқа қатыса алады. Ал бірінші орын иегерінің тауарларына арнайы мамандар маркетингтік сүйемелдеу жасайды», – деді Кәсіпкерлер палатасының директоры Пірмұхаммед Сыздықов.

Ауылдағы нәзік жандар үшін бұл жоба кәсіп бастауға бағдаршам болғанын көрме барысында байқадық. Ауылда да кәсіп көзін табуға болатынын түсінген қыз-келіншектер кәсіпке білек сыбана кірісіпты. Соның бірі – «Aral Organic» жеке кәсіпкерлігінің иесі Арсена Кушжанова. Ол сабын шғаруды қолға алыпты. Қазір сабын шығару жаңалық па дерсіз. Кәсіпкердің өнімі көп сабынға ұқсамайды. Ол түйе, ешкі сүті, жантақ қосылған емдік қасиеті бар сабын шығаруда. Бұл сабын түрлі тері ауруларына және терінің құрғауына қарсы емдік қасиеті бар екен. Арсенаның емдік әрі хош иісті сабыны көрмеде-ақ сұранысқа ие болды. 

«Кәсіпті бастағаныма 6 айдай уақыт болды. Мүмкіндігінше өзімізде бар нәрселерден пайдалы дүние жасағым келді. Сабын түйе, ешкі сүті қосылып жасалады. Сонымен қантар жантақты да пайдаландық. Экологиялық таза өнімнің тері ауруларының алдын алады», – дейді ол.

Ал Шиелі ауданының Ботабай ауылының тұрғыны Феруза да сабын шығарады екен. Кәсіпкер өнімінің бір ерекшелігі, сабынға малдың жілік майы қосылады. Сондықтан да Ферузаның шығарған сабыны иіссіз әрі пайдалы.

Қызылорда қаласының тұрғыны Самал Смайлова «Ecogreen»  атауымен пайдалы таңғы ас шығаруда. Түрлі жеміс-жидектерді кептіріп таңғы ас жасауды қолға алған Самал бұл кәсіпті бастау үшін Германиядан арнайы аппарат сатып алғанын айтады. Ең бастысы, дәруменге толы таңғы ас үлкенге де, кішіге де пайдалы.

Жалағаштық Ғазиза Асқарбекқызы таза бал шығарумен айналысады екен. Бір жылда жүз келіге жуық бал сататын кәсіпкер алдағы уақытта омарташылық кәсібін кеңейте түсуді жосапрлауда. Ең бастысы, мақсатына жеткен нәзік жан кәсіп жасаймын деген адамға істің көзі көп екенін айтады.

Көрме соңында үздік тауарөндірушілер есімі аталды. Атап айтқанда «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» номинациясы бойынша әк тас өндіретін «ОСЕ-ОрдаСтройМаркет» ЖШС, дайын металл бұйымдарын шығаратын «Қызылорда дизайн» ЖШС, ас үйге арналған раковина әзірлеумен айналысатын «Nomad» ЖШС үздік шықты. Ал «Үздік азық-түлік тауарлары» номинациясы бойынша күріш өндірісімен айналасытын «Жаңажол» ЖШС, тұз өндіруші «Алтын орда» ЖШС, Күріш егу, өңдеу қызметін атқаратын Асыл және ЛТД» ЖШС марапатталды. Сондай-ақ «Халыққа арналған үздік тауарлар» номинациясы бойынша түйе жүнінен төсек-жабдық дайындайтын жеке кәсіпкер Индира Жұмашева, Қазалы кәмпитін өндіруші жеке кәсіпкер «Қазбергенов», кондитерлік өнімдер шығаратын «Тәтті әлем» жеңімпаз атанды. Жеңімпаз кәсіп иелеріне облыс әкімінің орынбасары Балмейір Сансызбайұлы арнайы диплом табыстады.

P.S. Биылғы көрме бұрынғыдан өзгерек болды. Сөз басында айтқанымыздай бұл көрме жергілікті кәсіпкерлердің деңгейі өскенін, уақыт талабына сай бейімделгегін, ең бастысы, өнім өндіруге бет бұрғанын байқатады.

356427701_1449924069102119_7303053090633138109_n.jpg
356386936_1449924022435457_8018099923262259824_n.jpg
356416759_1449924102435449_7204272843797377185_n.jpg

Тағы да оқыңыз: