Kyzylorda-news.kz Қазақта “қимылдаған қыр асады” деген аталы сөз бар. Қазіргідей нарық заманында  артық қаржы көзі болмаса да қиын. Осыны ескерген жалағаштықтар да  кәсіптің түр-түрін игеріп, жағдайларын түзеп, өз отбасы ғана емес, аудан экономикасын дамытуға үлесін қосуда. Солардың бірі – жеке кәсіп иесі  Айдана Ілиясова. Ол бүгінде кондитерлік өнімнің қазір сұранысқа ие болып отырған торт, пирожный түрлерін өзінің шағын ауласында пісіріп, жергілікті  халықтың күнделікті  сұранысын қанағаттандырып отыр.  Айдананың тәттілеріне тапсырыс беретіндер саны күннен-күнге көбейіп келеді. Себебі ол өз өнімін буы бұрқыраған пештен шыққан қалпында  тапсырыс иелерінің дастарханына жеткізеді  немесе анасының дүкені «Қаракөзге» апарады. Жергілікті тұрғындардың «тәтті іздесең «Қаракөзден» ал. Онда бәрі бабында тұрады, ескірмейді» деуінің сыры осында болып шықты. Шынында солай екен. 

Мұны біз Айдананың жұмыс орнындағы шағын цехтан шыққан өнімдерді дереу тұтынушыларына жөнелтіп жатқанынан байқадық. Иісі бұрқыраған тәттілердің кремдері де көздің жауын алады. Торттың безендірілуі де ерекше. Айдананың сөзден  іске жақын екені көрініп тұрды. Десе де бұл кәсіптің құпиясын меңгерген тәттілер әлемінің қожайыны Айдананы сөзге тарттық. 

– Маған бұл тәтті пісіру бұрыннан таныс. Себебі анам Сәуле Баймағамбетова бұл жағынан менің алғашқы ұстазым десе де болғандай.  Алғашқыда өзімнің бітірген қаржыгер мамандығыммен аудандық білім бөлімінде 2010 жылдан 2020 жылға дейін жұмыс жасадым. Менің кәсіпке қызығушылығым 2018 жылы үшінші баламмен декреттік демалыста отырғанда басталды. «Тәтті әлемі» деген Динара Тасыбаеваның кондитерлік цехынан торт пісірудің құпиясын үйрене бастадым. Анамның тәтті пісіретін құрылғысын алдым. Солай алғашқы тапсырыстарды қасыма көмекшіге 1 қыз алып бастап кеттім. Халыққа қолжетімді бағада ұсынып отырдық. Ел де біздің өнімімізді көптеп ала бастады. Осындай жетістіктен кейін маған ой келді «Неге кәсібімді кеңейтпеске?» деген. Осылайша жұмыстан біржола шығып, жұмыссыз азаматтар қатарына  тіркелдім.  2020 жылы төртінші баламды дүниеге әкелген соң үйде баламен 2-3 ай отырдым да,  көпбалалы ана есебінде 4 пайыз жеңілдікпен 6 млн теңге несие алдым.  Үлкен той кезінде тапсырыстар 200 данаға дейін жасалатын. Кейін карантин кезінде шағын басқосуларда 40-50 тапсырыс түседі. Әсіресе мерекелер біздің табысымызды  едәуір көбейтіп отырады.  Өз кәсібіме әрдайым қуанып, одан жаныма рахат табамын. Әр шаңырақтың той дастарханында өзімнің қиялыммен өрнектеп жасаған өнімдерім тойшыл қауымға әдемі көңіл-күй сыйлап, түрлі тәттіден олар сүйсініп дәм татып тояттап отырса одан асқан бақыт бар ма?, – дейді Айдана. 

Иә, Айдананың алға қойған мақсаттары көп. Ол әлеуметтік желідегі тәтті дайындайтын  үлкен цехтардың жаңалықтарын үнемі бақылап, өзінің күнделікті жұмыс тәжірибесіне енгізіп, үздіксіз ізденіп отырады. «Ізденген жетер мұратқа» дегендей, біз де Айдананың кәсібіне береке тілейміз. 

Кәсіпті игерсең, қаржылық жағынан тәуелділік азаятыны да жасырын емес.  Бұдан бөлек, бүгінде мемлекет те кәсіпкерлерге ерекше көңіл бөлуде. Түрлі бағыттағы мемлекеттік бағдарламалар кәсіпкерліктің қарқынды  дамуына мүмкіндік беріп отыр. Тек талмай еңбек етсең болғаны. 

Тағы да оқыңыз: