Kyzylorda-news.kz. Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің үш оқушысы IESO-2022 халықаралық олимпиадасының республикалық кезеңінде қола жүлдегер атанды.

IESO-2022 – Жер туралы ғылымдар байқауы. Жыл сайын еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған оқушылар геология, геофизика, метеорология, мұхиттану, астрономия пәндерінен бақ сынайды.

Сыр өңірінен Тоғжан Марат (жетекшісі Абзал Іскендір), Ақжанар Абдикаримова (жетекшісі Еркін Жомартов) және Сымбат Жәнібек (жетекшісі Мұхтар Әбілмаев) NIS-тің намысын қорғады. Жас зияткерлер небәрі 3 ұпай есе жіберіп, жеңіс тұғырының 3-сатысынан көрінді.

«Бұл олимпиадаға алғаш рет қатыстым. Жер туралы ғылым мені ерекше қызықтырады, әсіресе ғаламшардың пайда болу тарихын, сыры мен проблемаларын зерттеуге әуеспін. Дайындық барысында мен өзім үшін көптеген жаңалықтар ашып, болашақта қажет болатын жаңа ілім мен ақпарат алдым деп айта аламын», – дейді Ақжанар Абдикаримова.

Айта кетейік, зияткерлік мектеп оқушылары – бұл білім додасының жыл сайынғы қатысушысы. Бұған дейін мектеп мақтаныштары Жангерей Зинелов пен Данагүл Келдібай олимпиаданың барлық іріктеу кезеңдерінен сәтті өтіп, халықаралық аренада қола медалін иеленген болатын.

Тағы да оқыңыз: