Kyzylorda-news.kz. Үндістан тәуелсіздігінің 75 жылдығына орай Үндістанның Қазақстандағы Елшілігі Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінде «Үндістан достары» шарасын өткізді.

Қазақстандағы Үндістан елшілігінің жанындағы Свами Вивекананда мәдени орталығы (SVCC) еліміздің бірнеше қаласында мәдени іс-шаралар ұйымдастырған болатын. Бұл шаралардың мақсаты – Қазақстан мен Үндістан халқы арасындағы мәдени, рухани байланысты тереңдету.

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Бейбіткүл Кәрімова Қазақстандағы Үндістан елшілігінің жанындағы Свами Вивекананда мәдени орталығының өкілдерімен кездесті. Жиында ынтымақтастық байланысты одан әрі нығайту мәселелері талқыланды.

«Үндістан халқы өзінің тарихы, сан қырлы мәдениетімен әлемге әйгілі. Қай кезде де өнерде шекара болмайды. «Үндістан достары» шарасының аясында бай мәдени мұрасымен ерекшеленетін елдің өнерімен біздің білім алушылар кеңінен танысуда. Алдағы уақытта да екі ел арасындағы мәдени байланыс арта береді деген сенімдемін», – деді Бейбіткүл Сәрсемханқызы.

Мерекелік шара аясында университетте SVCC оқытушылары үнді музыкасы, биі және йога бойынша шеберлік сабақтарын ұйымдастырды.

Сондай-ақ, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің кітапханасында Үнді кітап бұрышы ашылып, Үндістанның тарихы, салт-дәстүрі, мәдениеті, танымал тұлғалары туралы 200-ге жуық кітаппен толықтырылды.

Шара барысында «Махатма Ганди мұрасы» тақырыбындағы эссе сайысының қатысушыларын марапаттау рәсімі өтті. Эссе байқауы 2-22 қазан аралығында онлайн өткізілген болатын.

«Үндістан достары» шарасының аясында Достық үйінде университет студенттері мен SVCC оқытушыларықорытынды концертберді. Кеште студенттер мәдени орталық өкілдерімен бірге сахнаға шығып, шеберлік сабақтарында үйренген өнерлерін ортаға салды.

Бұл іс-шаралар Қазақстан мен Үндістан арасындағы өзара ынтымақтастықты ілгерілету, мәдени байланысты нығайту бағытындағы маңызды бастама болып саналады. Свами Вивекананда мәдени орталығының өкілдері осы мүмкіндік үшін Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетіне алғыс білдірді және болашақта ынтымақтастықты жалғастыруға ниетті екендіктерін жеткізді.

Тағы да оқыңыз: