Kyzylorda-news.kz. Соңғы жылдары бірқатар мұнай компаниялары арасында жұмысшылардың жалақы мәселесінің аздығы туындауда. Әсіресе, салыстырмалы түрде «СНПС-АйДан Мұнай» компаниясы мен «Қуат Амлон Мұнай» БК» серіктестігінде жұмыс істейтін қызметкерлердің жалақысының төмендігінен еңбек даулары туындап, мәселелер шиеленісуде.

Осыған орай Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова «СНПС-АйДан Мұнай» компаниясының Президенті Вэнь Цзянцзюнь мен «Қуат Амлон Мұнай» БК» серіктестігінің бас директоры Сяо Вэйді шақырып, әкімдіктің басшылығы мен құқық қорғау органдары және салалық басқарма басшыларымен бірге өзекті мәселелерге қатысты жиын өткізді.

Облыс әкімі соңғы бірнеше жылда мұнай компаниялары жұмыскерлері арасында жалақыны арттыру мәселесі жиі көтеріліп келетінін атап өтіп, бұл істе тиімді шешім шығару қажет екенін алға тартты.

«Өзге де мұнай компанияларымен салыстырмалы тұрғыда қарайтын болсақ, сіздерде жалақы мөлшерінің төмендігі байқалады. Бұл қызметкерлер арасында әлеуметтік шиеліністі туғызады. Сондықтан Сіздер өз жұмысшыларыңыздың талабын ескере отырып, оңтайлы шешім қабылдауларыңыз қажет. Себебі осы кезеңге дейін әкімдік тарапынан да бірнеше рет кездесулер өткізіліп, түсіндірмелер жүргізілді. Ал, тиімді шешімді қабылдауда сіздер тараптан нақты нәтижелер байқалмайды», – деді Гүлшара Әбдіқалықова.

Жиын барысында құқық қорғау органдарының басшылары да қызметкерлердің заңды мүдделерін қорғау қажеттігін еске салды.

Облыс әкімі туындаған мәселелерді саралай келе, мұнай компанияларының басшыларына әлеуметтік шиеліністі болдырмауды қатаң түрде тапсырып, қысқа мерзім ішінде шешім қабылдау қажеттігін қаперге салып, нақты тапсырмалар берді.

Тағы да оқыңыз: