Kyzylorda-news.kz. Бүгін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Сырдария ауданының әкімі Талғат Дүйсебаевты қабылдады.

Аймақ басшысы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты негізгі көрсеткіштерді саралады. Өз кезегінде аудан әкімі Талғат Тұрсынұлы облыс әкіміне ауданның 11 ай ішіндегі қорытындысын баяндап, 2021 жылға жоспарымен бөлісті.

Аудан басшысы экономиканың негізгі саласы – өнеркәсіп өндірісіне тоқталып, биылғы жылдың қаңтар-қараша айында ауданның өнеркәсіп орындары қолданыстағы бағамен 3463,0 млн теңгенің өнім өндіргенін жеткізді. Бұл өткен жылдың осы деңгейіне қарағанда 54,8 пайызға ұлғайып отыр. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібі 2891,0 млн теңгені құрады.

Сырдария ауданында ауыл, орман және балық шаруашылығының жалпы өнімі көлемі 2020 жылдың 11 айында 15827,0 млн теңгені құрап, 2019 жылмен салыстырғанда 1,7 пайызға артқан. Есепті мерзімде ет өндірісі 0,6 %, сүт өндірісі 0,8 %, жұмыртқа 1,6 % өсіп отыр.
Пандемияға қарамастан ауданда құрылыс жұмыстары қарқын алып, кәсіпкерлік субъектілерінің саны 2291-ге жетіп, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 8,7 пайызға өскен.

Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Сырдария ауданында атқарылған ауқымды жұмыстарды саралай келе, аудан әкіміне ауданның әлеуметтік-экономикалық даму қарқынын түсірмеуге, бюджеттің толық игерілуіне және қоғамдық-саяси ахуалды тұрақты сақтауға қатысты бірқатар тапсырма берді.

Тағы да оқыңыз: