Kyzylorda-news.kz. Бүгін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Қызылорда қаласындағы бірқатар әлеуметтік нысандардың жұмысымен танысты. Алдымен аймақ басшысы «Nur Otan» партиясы Қызылорда қалалық филиалының жаңа ғимаратының ашылу рәсіміне қатысты.

“Бүгін қасиетті Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы қарсаңында «Nur Otan» партиясы Қызылорда қалалық филиалының жаңа ғимаратын салтанатты түрде пайдалануға бергелі тұрмыз.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кемеңгерлігімен «Nur Otan» партиясы еліміздегі ең ірі әрі белсенді партияға айналды.
Партия алғашқы құрылған күннен жігерлі бастамалар көтеріп, халықтың мүддесін жеткізіп, азаматтардың өзекті мәселелерінің шешімін табуға ұйытқы болып келеді.
Бүгін міне 36 бастауыш ұйымы мен 261 партиялық топты, 9 мыңға жуық партия мүшесін бір шаңыраққа жинап отырған қаламыздың саяси жетекші күші жаңа ғимаратқа көшірілуде. Жаңа ғимарат халық игілігіне қызмет ететін болады”, – деді облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова.

Сонымен қатар салтанатты шарада Қазақстан еңбек сіңірген қайраткері, қаржы саласының ардагері Қалқазбек Әжібеков жаңа ғимараттың ашылуымен құттықтап, лебізін жеткізді.
Қазіргі таңда «Nur Otan» партиясының облыста 1 аймақтық, 11 аумақтық филиалы, 45 мыңға жуық мүшесі бар.
Қалалық партия филиалының жаңа ғимараты заманауи талаптарға сай, озық сәулет үлгісінде салынған. Демеуші «Дәнекер» ЖШС.

Мұнда 100 адамға арналған конференция залы мен өтініш-тілегін жетекші партияның назарына жеткізуге ниетті азаматтарды қабылдауға арналған «Қоғамдық қабылдау» бөлмесі де қарастырылған.

Одан кейін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова демеушілік арқылы жөндеу жұмыстары жүргізілген «Саңыраулар қазақ қоғамының Қызылорда облыстық филиалы» қоғамдық бірлестігінің жұмысын көрді.
Аталмыш ғимарат 2000 жылы салынған.

Өткен жылы «Саңыраулар қазақ қоғамының» Қызылорда облыстық филиалының әкімшілік ғимаратына демеушілердің көмегімен күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.
«Қазақ саңыраулар қоғамының» Қызылорда облыстық филиалы арқылы
12 ымдау тілінің маманымен 120 мүгедекке қызмет көрсетілуде.

Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова «Nur Otan» партиясы Қызылорда қалалық филиалының жаңа ғимаратын салуға демеушілік көрсеткен «Дәнекер» ЖШС басшысы Әбдімәжит Жансақалов пен «Саңыраулар қазақ қоғамының» Қызылорда облыстық филиалының әкімшілік ғимаратының жөндеу жұмыстарына қаржылық көмек көрсеткен «Әділет» студиясының басшысы Әділет Байнашевқа «Алғыс хат» табыстады.

Сонымен қатар аймақ басшысы облыстық филормонияға барып, жұмысымен танысты.

«Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы» аясында жергілікті бюджеттен қаржы бөлініп, 2020 жылдың желтоқсан айында облыстық филармонияның қосымша қосалқы ғимараты пайдалануға берілген. Өнер ұжымдарының дайындық шараларын жүргізуге арналған ғимаратта дайындық залдары мен бөлмелері бар. Онда Тұрмағамбет атындағы халық аспаптар оркестрі, «Ақмешіт» фольклорлық ансамблі, камералық оркестр, «Томирис» би ансамблі мен қобызшылар ансамблі дайындық жұмыстарын жүргізуде. Сондай-ақ, асхана, тігін цехы, киім қоймалары қамтылған.

Облыс әкімі ұжымның жұмысына сәттілік тілеп, өңірдің мәдени саласын дамытуға қызмет ететіндеріне сенім білдірді.

Тағы да оқыңыз: