Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Орман шаруашылығы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында сала қызметкерлерін қабылдап, ортақ тақырып аясында пікірлесті.

Жиынға облыс әкімінің орынбасары Бақыт Жақанов, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Бауыржан Шәменов пен орман шаруашылығы саласының мамандары қатысты.

Аймақ басшысы Қазақстанның шөлді аймағында орналасқан әрі экологиялық аймақ болып саналатын Қызылорда облысы үшін орман шаруашылығының орны бөлек екенін тілге тиек етіп, жойылып бара жатқан Арал теңізінің мәселесі бүкіл әлемге қатер төндіріп тұрғанын атап өтті.

“Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастауымен Арал теңізі және Арал маңын экологиялық сауықтыру, аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету мәселелерін шешуде 5 мемлекет басшысы бірігіп мәлімдеме қабылдағаны естеріңізде болар. Бүгінгі күні облыста 6,5 млн. гектарды құрайтын мемлекеттік орман қорының 3,4 млн.гектары – орманды алқаптар. Оның 89 пайызын негізгі орман құраушы сексеуіл ағаштары алып жатыр. “Атадан мал қалғанша, тал қалсын” деген халқымыздың дана сөзі бар. Осы, Сыр елінің табиғатын сауықтыру, орманды сақтау, егу, қорғауда өздеріңіздің зор үлестеріңіз бар. Сондықтан, Сіздерге Сыр жұртшылығы атынан ризашылығымды білдіремін! Мезгілдің ыстық-суығына қарамай аянбай еңбек етіп жүрген жерлестеріміздің еңбегі қашанда құрметке лайық”, – деді облыс әкімі.

Жиын барысында бірқатар сала қызметкері Қызылорда облысының Құрмет грамоталары мен облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

Орман шаруашылығы саласының ардагерлері Мұрат Төлеғұлов пен Мырзамұрат Ибраев аймақ басшысына орманшыларға көрсеткен құрметі үшін алғыс білдірді және әріптестерін қаламызды жасыл желекке орап, одан сайын көркеюіне атсалысуға шақырды.

Айта кетейік, Президенттің Арал теңізінің құрғаған ұлтанында сексеуіл екпелерін ұлғайту жөнінде тапсырмасына сәйкес осы жылдың 24 сәуірінде аймақ басшысы Экология, геология және табиғи ресурстар министрімен бірге Арал теңізінің құрғаған ұлтанында болып, орманшыларымыздың атқарған жұмыстарымен танысты. Алдағы бес жыл ішінде 1,1 млн. гектар алаңда фитоорманмелиорациялық жұмыстар жүзеге асырылады.

Биыл 100 мың гектар және 2022-2025 жылдары жыл сайын 250 мың гектар сексеуіл егу жұмыстары жүргізілетін болады. Алдағы 3 жылда орман шаруашылығы мекемелерінің материалды-техникалық базасын нығайтуға облыстық бюджеттен 1,8 млрд. теңге қаржы қарастырылып отыр.

Сонымен бірге, фитоорманмелиорациялық жұмыстар үшін халықаралық ұйымдардың (Дүниежүзілік банк, USAID, Герман ынтымақтастық қоғамы (GIZ) қаржысы тартылатын болады.Келесі жылдан бастап Дүниежүзілік Банктің қайтарымсыз қаржысы есебінен «Қазақстан Ландшафтарын қалпына келтіру жөніндегі» жоба аясында қажетті сексеуіл көшеттерін дайындау үшін тұрақты орман питомнигін құру, орман шаруашылығы мекемесіне қажетті техникалар сатып алу, Арал теңізінің құрғаған ұлтанының 500 мың гектарын картаға түсіру, 100 мың гектарына жобалық іздестіру және Қызылорда қаласы маңында 3 мың гектарға жасыл аймақ құру бойынша жұмыстар басталады.

Тағы да оқыңыз: