Kyzylorda-news.kz Еңбек бар бақыттың алтын қақпасы екенін кезінде данагөй ата-бабаларымыз көрегендікпен айтып, ұрпаққа ұлағат етіп қалдырған. Данышпан абай атамыз «еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деп еңбектің наны тәтті екенін тереңнен толғаған. Ал елбасы ғұлама халқымыздың тағдыр тезінен өткен өсиетін қайта жаңғыртып  «еңбек бәрін жеңбек» деп  жұдырықтай жұмыла  тер төгіп еңбек етсек қана тәуелсіз еліміздің болашағы жарқын, бақыты баянды болатынын айтып, елді білек сыбана еңбек етуге шақырды.  Олай болса, тәжірибенің де, таланттың да атасы – еңбек екендігі айдан анық. 

Ал таң құланиектеніп атқаннан қара кешке дейін егіс басында еңбек майданын қыздырған диқанның еңбегі шынында көзге көрінбейтін, ұсақ-түйек күйбең тірлігі бітпейтін, маңдай термен өлшенетін ауыр бейнет. Алқапқа сепкен егіні жайқалып өскенде диқан да кең тыныстап, өзінің өлшеусіз еңбегінің өтемі бар екенін сезініп, киелі Жер-Анадан береке сұрайды. Ал сары алтындай сабағы желмен тербелген күріші бітік шығып, оның өнімі қырманға науадай құйылып, егіншінің даңқын асырып жатса, даламен жаны егіз диқан үшін мұнан асқан бақытты сәт бола қоймас, сірә!  

Біздің бүгінгі кейіпкеріміз Мырзабай ахун ауылының тұрғыны Самат Балабатыров «Егінші» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде 10 жылдан астам уақыт күрішші болып еңбек етіп келеді. Оның атасы Жармабай бастаған диқаншылық кәсіп бүтін әулеттің берекелі тірлігінің бастауы болып отыр. 

– Қаршадай күнімізден ащы терге малшынып, дәннің қадірін, бір үзім нанның қадірін сезіндіріп, адал еңбекке баулыған атама мың алғыс. Әкеміз Жадырасын өмірден ерте өтті. Ол кісі де механизатор болған еді.  Шиеттей бала-шағаның бар тауқыметін анамыз Үндістан мен атамыз Жармабай көтеріп, шынайы еңбек қана табысқа жетелейтінін, жаман әдеттен аулақ болуға  үйрететінін насихаттаумен болды. Соның жемісін жеп, табысқа жетіп отырмын. Күріштің әр гектарынан 78 центнерден өнім алдым. Былтырғы жылдың қорытындысымен озаттар қатарынан көрініп, чемпион атанып, су жаңа темір тұлпар міндім. Еңбек  адамы үшін бұдан артық қандай қуаныш керек?!, – дейді диқан. 

Кезінде даңғайыр диқан Ыбырай Жақаев «Сыр елінің даңқын асқақ көтеріп, мерейін үстем етіп келе жатқан аса бағалы дақыл – күріш өсіру ісі менің диқандық өмірімде үлкен орын алады. Мен бұл дақылды қастерлеп баптауды, гүлдей аялап өсіруді ұнатамын. Өйткені мен мұны халық алдындағы адамгершілік парызым деп білемін» деген екен. Ол өмірінің ақырғы сәттеріне дейін еңбек қана адамды рахат өмірге жетелейтінін айтып, ұлағатқа толы ғұмырын тоқсанға жетсе де терең тебіреніспен толғап, келер ұрпаққа ғұмырнамалық кітап жазып қалдырыпты. Дала академигіне қарап бой түзеген біздің Самат Балабатыровтай жастарымыз дала төсіндегі еңбек майданын қыздырып, қас тұлпардай оза шауып, бәйге алып отыр. Ұлы даланың осындай рухты ұлдары аман болсын!

Тағы да оқыңыз: