Kyzylorda-news.kz Бір жылда екі ағам әскерге аттанды, олардан тоқсан сайын хат келеді. Әлгі хатты отбасымызбен отырып оқығанда анамыз еріксіз көзіне жас алатын. Әлбетте, қуаныштың көз жасы ғой, баласының үлкен азамат болғанына марқаяды. Анамыздың сыңсуы созыла бастаса, әкеміз «жамандықты шақырмай отыр» деп тыйып тастайтын.
Екі жылдан кейін ағалаларым бірінен кейін бірі әскерден оралды, бойларында айтарлықтай өзгеріс бар, бұрын таңнан кешке дейін үйде болатын ортаншы ағамда баяғы жатыс жоқ. Келе салып ауылдың қайнаған жұмысына кірісіп кетті. Ауланың қоршауын жаңалап, қораның шаруасын қоса атқарады. Үлкен ағамда да баяғы күлкі жоқ, айтарлықтай жиналған. Не керек, екеуін де әскери өмір екі-ақ жылда ширатқаны көрініп тұр.
Біз ағамыздан алған әскери бас киімді көшеде киіп жүруді мақтан тұтамыз. Залдың төрінде тұрған әскери киімді қайта-қайта қызықтаймыз. Сонда ішімізді бір патриоттық сезім билейтін, «мен де ағам сияқты өскенде Отан қорғаймын» деген мақсат бізді алға жетелеген. Ол кезде әскерден келген адамға елдің құрметі де бөлек еді. Ауыл жастары жиналып, әскери өмірді сұрап ағамызды ортаға алады. Ол жаста ойын баласына мұндай бақыт бұйырып па?! Әлгі ортада сөзінің үтір-нүктесіне дейін қалдырмай ұйытатын ағаларымыз біз сұрағанда қысқа қайырады.
Жалағаш аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімшесінің бастығы Ерсайын Бегімқұловтың «Әскери өмір азаматты жауапкершілікке, еңбексүйгіштікке үйретеді» деген сөзі өткен шақты көз алдыма әкелді. Расында солай екен, қазір де ауылда жүрген баланың әскерге барып келгеннен кейінгі өзгерісі бірден білінеді. Салмақтылық, жауапкершілік, табандылық, еңбекқорлық, тізе берсең, осындай жақсы қасиеттердің барлығы Отан алдында борышын өтеген баланың бойында тұнып тұрады. Бір сөзбен айтқанда, әскери өмірде шыңдалған бала мен қарапайым адамның айырмашылығы анық байқалады.
Бұрын ауданда әскерге бару үшін медициналық тексерістен өтпей қалған балалар намыстанатын. Кейбірінің тіпті бойында анықталған кемшілікті түзеу үшін ауылға қайтпай жатып алған кездері де болды. Олар үшін әскери өмір арман еді, бар мақсаты Отан қорғау болатын.
Қазір ше, сіз қазір де түсінік «баяғы қалпында» дей аласыз ба? Бірлі-жарым болмаса, қазіргі жастармен бұрынғы жастардың әскери өмірге қатысты түсінігінде айтарлықтай айырмашылық бар. Бұған негіз де жоқ емес. Ата-аналар әскердегі қайғылы жағдайларға қатысты ақпаратты қарап, баласына уайым шегеді. Балаларда да мұндай уайым жоқ емес. Бірақ оларда көбіне «Бір жыл өмірімді босқа өткізіп не істеймін?» деген сауал бар. Міне, осыдан-ақ олардың әскери өмірге деген көзқарасын ұғу қиын емес.
Түсінген адамға сол әскерде болған уақыт – баланың ең бақытты шағы. Себебі ол өз-өзіне қойған сауалдай босқа өткен уақыт емес, сен таңнан кешке дейін, түннен таңға дейін уақытпен санаспай Отан қорғайсың, сол тұста қатарластарыңның, ата-анаңның, жұртыңның уайымсыз ұйқыда жатқанын еске алсаң, соның барлығы сенің уақытпен санаспай Отан қорғаудағы еңбегіңнің арқасы екенін сезіну үлкен бақыт емес пе?!
Мен оларды «әлгіндей сауал мазалайды» деп бекер айтып отырғаным жоқ, әскерге бармаған балалардың көбісіне сауал қойғанымда осы сұрақты өзіме кері қайырғаны бар. Бастапқыда «мынаның түсінігі қалай?» деп бір-екеуіне кейігенім де өтірік емес. Кейін жаттанды сауал өзіме қайта қойыла бергесін іштей ренжитін болдым. Тағы да қайталап айтамын, негізінен азаматтың ең бақытты уақыты – әскери өмір.
Ерекеңе жолыққан сайын «Жалпы жалағаштық жастардың әскерге баруға ынтасы қалай?» деген сауалды жиі қоямын. Сөзінше, аудан жастары Отан қорғауда белсенді екен. Бұған бір қуандық, екіншіден, ел болғасын ол тәртіппен жүргісі келмейтіндері тағы болады. Бұлармен де түсіндірме жұмыстары жүйелі жүргізіледі. Нәтижесін көріп тағы қуандық, жыл сайын ауданнан жүзге жуық бала Отан алдындағы борышын өтеуге аттанады екен. Биылдың өзінде көктемде 30 азамат ауданнан әскерге аттанған.
Қазір әскердегі сарбаздарға бірқатар жеңілдік қарастырылыпты. Оларды тіпті әскери билет қолына тиісімен жұмысқа шақыратындар жоқ емес. Әсіресе мұндай жұмыс осы салада жетіп артылады. Осыған дейін әскер қатарында болған жалағаштық жастардың көбісі әр салада қажырлы еңбек етіп жатыр. Бір жағынан әскерден келген балаға ЖОО-да білім алуы үшін ҰБТ тапсыруы міндетті емес. Ал әскери өмірде жақсы тәртібімен көзге түскен балалардың ЖОО-да мемлекеттік грантпен білім алуына арнайы сертификат беріледі. Осыған дейін мұндай мүмкіндікке ауданнан 7 азамат ие болған. Сондай-ақ ауданнан аттанған бірқатар азамат спорттық сайыстарда көш бастап, дүбірлі додаларда топ жарған.
Ерекең өзі әскери саланың адамы ғой, әсіресе әскерде болған бала мен қарапайым қоғамда жүрген азаматтың айырмашылығын олар бірінші байқайды. Бала болсақ та ағамыздың бойынан өзгерісті сезген мен сияқты өзіме «сен әскерде болмағансың-ау, иә?!» дегенде ұяттан жерге кірдім.
Жалпы Отан алдындағы борышыңды өтеу кез келген адамның бірінші мақсаты болуы керек. Себебі тәуелсіз мемлекеттің болашағы жастардың қолында. Ата-аналар да баланы осы мақсатқа тәрбиелесе игі. Себебі Отан отбасынан басталады.
Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ