Kyzylorda-news.kz. Облыс әкімінің орынбасары Балжан Шаменова Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында БАҚ өкілдерімен баспасөз конференциясын өткізді. Жиында әлеуметтік салалар бойынша атқарылған жұмыстарды баяндап, әлі де шешілмеген мәселелердін бар екендігін айтты. Сондай-ақ, Балжан Мөрәліқызы облыс әкімінің орынбасары қызметінен өз еркімен кететінін хабарлады.

«2021 жылдың наурыз айынан бастап облыс әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалып, аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына қызмет еттім. Әлеуметтік салаға жауапты болғандықтан ең әуелі денсаулық сақтау саласында пандемиямен бетпе-бет келдік. Менің алдымда – адамдардың өмірін сақтау үшін вакцинаның маңыздылығын түсіндіру және шұғыл түрде екпе жұмыстарын ұйымдастыру міндеті тұрды.Күн сайынғы динамиканы бақылау және вирусқа шалдыққан азаматтарды емдейтін төсек-орын табу өте өзекті болды. Шұғыл шараларды қабылдаудың нәтижесінде Қызылорда қаласында 200 төсек орынға арналған модульдық жұқпалы аурулар ауруханасы жұмысын бастады. Халықтың шынайы қажеттілігін ескеріп, орын тапшылығы мәселесін шешу үшін облыстық психикалық денсаулық орталығының ғимаратын «Орталық емхана» ретінде қайта бейімдедік. Сонымен қатар 3 қалалық емханасының Астана мөлтек ауданында филиалы ашылды. Негізгі мамандығым қаржыгер болғандықтан, бюджетті жоспарлау және тиімді жұмсалуына ерекше мән бердім. Әсіресе, ауруханаларға қажетті құрал-жабдық сатып алуға көңіл бөлдік. Жасыратыны жоқ, аймақта дәрігерлердің тапшылығы бар. Кадр тапшылығын азайту мақсатында ауруханалардың бас дәрігерлеріне өз бюджетінің есебінен пәтер жалдау төлемдерін қамтамасыз етіп, аймақта сұранысқа ие арнайы дәрігер мамандарды шақырдық. Бұл – өте өзекті қадам болды. Қызылорда облысындағы елді мекендерде дәрігерлік амбулаториялар мен медициналық-санитариялық көмек ұйымдарының желісін мемлекеттік нормативтерге сәйкес жаңартуды қолға алдық. Әкім орынбасары ретінде негізгі жұмысымның бірі – еңбек дауларын шешу еді. Кәсіподақпен бірге тиімді шешім қабылдау нәтижесінде мұнайшылардың еңбек дауларын реттеу мақсатында жұмысшылардың жалақысын өсіру туралы келіссөздерді сәтті жүргіздік. Еңбек нарығына қатысты жастардың жұмыспен қамтылуына ерекше мән беріп, жұмыс берушілердің сұранысына сәйкес оқуды бітірген азаматтардың 97 пайызы жұмыспен қамтылды. 2021 жыл білім саласы үшін де тәуекелдерге қарсы тұруға жол ашқан жыл болды. Мектепке дейінгі және орта білім деңгейінде жан басына шаққандағы қаржыландыру жүйесіне ауысты. Әсіресе, жеке балабақшыларды қаржыландыру мәселесі өте өзекті болды. Бірақ біз ол қиындықтарға қарамастан жан басына қаржыландыру тәртібін сәтті жүзеге асырдық. Сондай-ақ, “Педагог мәртебесі туралы” заң аясында ұстаздарға қолдау шараларын кешенді түрде жүргіздік. Айлық жалақысының артуына, жас ұстаздардың көптеп келуіне мүмкіндік берген жыл болды. Ұстаздарды қаржылай негізінде қолдау және үздік білім беру мекемелеріне сыйақы қаржысын көбейттік. Бұрын үздік мектеп 17 миилион теңге алса, өткен жылы екі есеге ұлғайтып, 34 миллион теңгенің сертификатын ұсындық.

Өздеріңіз білесіздер, Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаев облыс әкімі қызметіне тағайындалған уақыттан бастап, маған экономика, қаржы саласына жетекшілік етуді қосымша жүктеді. Дегенмен, сәуір айынан бастап туған ағамның баласы Асылбек Шәменов қала әкімі ретінде қызметке келгенін жақсы білесіздер. Асылбек Шәменовтың Жалағаш ауданы әкімі болған кезеңде маған тікелей бағыныстылығы жоқ болғандықтан, бұл жерде заңға қайшы әрекеттер орын алған жоқ. Бірақ, сәуір айынан бастап, қаржы саласына жетекшілік ететіндіктен және жиенімнің қала әкімі қызметіне келуі себепті мен облыс әкімінің орынбасары қызметінен кету туралы шешім қабылдадым. Дегенмен, мен қай кезде де Сыр елінің дамуына бар күш-жігерімді салуға дайынмын. Әрбір мемлекеттік қызметші туған жеріне жанашырлықпен қарайды және аймақтың дамуына барын салып қызмет етеді», – деді Балжан Шаменова.

Тағы да оқыңыз: