Kyzylorda-news.kz Сөзімізді ауылдағы ағайынның тіршілігі және оларға жасалып жатқан қолдаулармен бастасақ. Иә, мемлекет әсіресе соңғы жылдары кәсіп ашып, пайдаға кенелемін деушілерге қолдау білдіруде. Мәселен, биыл іске қосылған «Ауыл аманаты» жобасы, «Сыбаға» және қайтарымсыз грант үлестіретін бағдарламалар аясында қаншама ауыл азаматы кәсіп бастап, екі қолға бір күрек тапқан. Бүгінде олардың басым көпшілігі ірі қара мен жылқы асырап, ата кәсіпті жандандырып отыр. Соның бірі – Жалағаш ауданындағы, Мөрәлі Шәменов ауылының тұрғыны Бегалы Ақмырзаев.

Ол 2018 жылы мемлекеттік бағдарлама шеңберінде 2 млн теңге несие алып, кәсібін бастайды. Бала кезінен ата кәсіптің қыр-сырын үйренген ол тәуекел етіп жылқы шаруашылығын қолға алады. Кәсіпті бастаудағы мақсаты – жылқы басын көбейту, сол арқылы өңірді ет, қымыз өнімдерімен қамтамасыз ету.

Кейіпкеріміздің таңдауы төрт түліктің ішіндегі жылқыға түскен. Біз де Бегалы ағаның шаңырағына атбасын бұрып, кәсібімен танысуды жөн көрдік. Алпысты алқымдаған ағамыз қорада жылқыларының жем-суын қамдап жатыр екен. Қимылы ширақ, бір иығында пресс шөп, бір қолында су толған шелегі бар. Бұл көрініс арқылы ағаның кәсібіне деген ерекше қызығушылығын байқадық. «Әрекетке берекет» демекші, бүгінде кәсіпкер 2 үйір жылқы жинап үлгерген.

– Зейнетке шыққан соң бос отырмаудың қамымен іс бастауға қаржы іздедім. Мемлекеттің кәсіп бастауға ерекше қолдау көрсетіп жатқанынан хабардар едім. Сөйтіп әкімшілік қызметкерлерінің сүйемелдеуімен қаржылай қолдауға да ие болдым. Осылайша қаржыма алғашында Арал өңірінен 6 жылқы сатып алдым. Тәуекел етіп істі бастағандықтан мал басын көбейтуге мақсат қойдым. Алғашында оңай болмады, өзге өңірден әкелген жылқыларды жерсіндіруге уақыт керек болды. Шүкір, жаман емес, қазіргі таңда 30 жылқым бар. Мен осы атакәсіп арқылы отбасымды асырап отырмын, сондай-ақ ермегім де осы болды. Жастар мал бағудан қорықпау керек, ешқандай қиындығы жоқ. Мемлекеттен көптеген қолдау қарастырылған. Міне, соның арқасында өсіп-өніп отырған жайымыз бар. Мен осы кәсіпті бастағаныма қуанамын. Жасыратыны жоқ, алған несиемді ешқайда жұмсамай, тек кәсібіме салдым. Қазір жылқыларым қоңды, – дейді Бегалы Ақмырзаев.

Бегалы аға үй ауласынан бастап қораға дейінгі аралықта тазалықты қатаң сақтаған, ұлдары да әкесіне қолғабыс. Келешекте Бекең кәсібінің көкжиегін кеңейтуді де жоспарлап отыр. Мақсаты – жылқы тұқымын асылдандыру. Сондай-ақ сауын биелерін әкеліп, қымыз өндірісін де дамыту ойында бар. Алайда ойлағаныңды жүзеге асыруға қосымша қаржы керек. 

Ол мемлекеттен қосымша қаржылай қолдау болса деген үмітте. Әрине мал баққан еңбек адамы құжат жинауда қиналатыны тағы бар. Жергілікті биліктен, яғни аудандық кәсіпкерлік бөлімінен сүйемелдеу болса деген ниетте.

– Кәсіп бастаған соң қолға алған ісіңді одан әрі жандандыруды ойлайды екенсің. Ендігі жоспарым – мал басын асылдандыру. Жылқыларды басқа өңірден сатып алмақпын. Шыны керек, оған қосымша қаржы да керек. Жергілікті билік қызметкерлерінен сүйемелдеу болса, мемлекеттен қаржылай көмек сұрағым келеді, – дейді кәсіпкер.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «кәсіпкерлер үшін нақты қолдау болуы керек» деп әр сөзінде айтып жүр. Сондықтан Бекеңдей тірлік етемін деген азаматтарға жергілікті билік өкілдері қолдау білдіруі маңызды. Не керек, кәсіпкердің жоспарымен танысқан ауыл әкімшілігінің қызметкерлері бұл бағытта міндетті түрде көмек беретінін жеткізді.

Шаруа адамының айтуынша, малға керек жем-шөптен мәселе жоқ, ауылдан табылады. Шыны керек, жоңышқаның бағасы жылдағыдан қымбаттаған, мәселен, 1 пресс жоңышқа 700-1000 теңге аралығында. Өткен жылы 600-650 теңге маңайында сатылыпты. Дегенмен Бекең бұған еңсесін түсірмей, керісінше жұмысты ширата түскен. Ауылда өскесін болар, кәсіпкер атакәсіптің қыр-сырын бес саусағындай біледі. Бізге байлаудағы жылқыларын көрсетіп, мал бағудың ерекшеліктері мен біз білмейтін әдіс-тәсілдерін түсіндірумен әлек болды.

Мөрәлі Шәменов ауылында кәсіппен айналысып, оны отбасылық бизнеске айналдырғандар саны жыл сайын артуда. Негізінен шағын кәсіп иелерінің басым бөлігі атакәсіп мал шаруашылығына ден қойғандар. Сондай-ақ құс шаруашылығы, кондитер өнімдері, жылыжай, көлік жөндеу қызметі, шаштараз секілді кәсіп түрлерімен айналысып отырғандары да бар.

Әрине кәсіпке бейімделу – бүгінгі заман талабы. Ауыл тұрғындарының бұл бағыттағы тындырымды тірлігі қуантады.

Тағы да оқыңыз: