Kyzylorda-news.kz Мамандықтың жаманы жоқ, тек әрбір жан өзінің жүрегі қалаған кәсібін таба білуі керек. Сонда ғана ол маманның еңбегі жанып, кәсібінен береке таппақ. Бұл Аудандағы №3 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндіру машиналарын жүргізу жөніндегі аға нұсқаушысы, азаматтық қорғау аға сержанты Айберген Шакеновтің өз мамандығы жөніндегі пікірі. Ендеше әкесінен үлгі алып, жолын қуған, қазіргі күні Батыс халқын су тасқынынан сақтау үшін аянбай еңбек етіп жүрген Айбергенмен жүргізген сұхбатымызды төменнен оқи аласыздар. 

–Сұхбатымыздың басында өзіңізбен танысып өтсек. Туып-өскен ортаңыз бен отбасыңыз туралы айтып берсеңіз?

–  Мен 1995 жылы 19 қаңтарда Арал қаласында дүниеге келгем. Қазіргі таңда да осы қалада тұрамын. 2002-2013 жылдар аралығында қаладағы №220 орта мектебінде білім алдым. Жоғарғы оқу орнын Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінде 2013-2017 жылдары «Бастапқы әскери дайындық» мамандығы бойынша бітіргенмін. Отбасымда 90 жасқа қараған үлкен атам бар. Әкем Садуақасов Сақыбай Шәкенұлы өрт сөндіруші. Анам Айгүл Нұрқожақызы үй шаруасымен айналысып отырған жан. Отбасында 3 ағайындымыз. Үлкен әпкем Рысты отбасылы. Қызылорда қаласында тұрады. Ал інім Бағдаулет Ақтөбе қаласында М.Оспанов атындағы медицина академиядысында 1 курс студенті. Жарым Жансәуле екеуміз тұңғышымыз Жанайымнан кейін Айдидар мен Айдамир есімді егіздердің  ата анасы болып отырмыз. Жансәуле Байтұрсынов емханасында медбике болып жұмыс істейді. Үлкен және бақытты отбасымыз.

– Жаңа өзіңіз айтқандай, әкеңіз де осы жолда қызметте екен.Сіздің өрт сөндіруші болуыңызға әкеңіздің ықпалы болды ма?

– Әрине, кімге де болса отбасының, әсіресе ер балаға әкесінің ықпалы өте қатты болады. Мен де кішкентайымнан әкемнің өрт сөндіруші формасында жүргенін көріп, балалық көңіліммен өрт сөндіруші болуды армандағанмын. Мектеп бітіріп, мамандық таңдар кезде де көп ойланбай осы жолды таңдадым. Көңілімнің қалауы осы болып, оқу бітірген жылдың қыркүйек айынан бастап жұмысқа тұрдым. Бұл жолға келуіме қолдау білдірген отбасыма, оның ішінде әкемнің берген тәрбиесі үшін рақметімді айтамын.

– Әке жолы – ұлына мақтаныш демекші, әкеңіздің еңбек жолында жеткен жетістіктерін тоқталып өтсеңіз...

– Әкем Сақыбай Шәкенұлы еңбек жолын Арал аудандық №3 кәсіптік өрт сөндіру бөліміне 1990 жылы өрт сөндіруші қызметінде бастаған. 1991-1994 жылдары инструктор-нұсқаушы, бөлімше командирі, күзет бастығы секілді түрлі жұмыстар істеп, сол жылдан бастап 1996 жылға дейін Арал аудандық №3-ші кәсіптік өрт сөндіру бөлімінің бастығы қызметіне ауысады. Кейін 1996-1998 жылдар аралығында күзет бастығы, 2005 жылға дейін әскерилендірілген өрт сөндіру бөлімінде радиотелефонист және күзет бастығы қызметтерін атқарды. 2010 жылдан бастап Қазақстан-Қытай мұнай құбырына қарасты «Семсер Өрт сөндіру бөлімі» ЖШС-нің бастығы қызметінде.

–Ұдайы қауіптің бел отасында жүретін мамандықтың қиындығы мен қызығы туралы болатыны белгілі. Сіздің есіңізде  қалған қандай ерекше оқиға бар?

– Негізгі ісіміз адам өмірін аман алып қалу мен өртті ауыздықтау болғандықтан кейде қиын жағдайға қалып жататын кезіміз болады. Бұл салада тәртіп те бар, тазалық та бар, сонымен қатар психологиялық және физикалық дайындық та болу қажет. Сондықтан кәсіби біліктілікті арттыру үшін үнемі сабақтар мен оқу жаттығулар да қатар жүреді.  Қорқыныш сезімі де әрқашан болады. Барлық уақытта бірдеңеден қауіптенесің. Себебі өрт кезінде түрлі жағдай болып қалуы мүмкін. Кезекшілікке бірнеше адам қатар түседі. Өрт сөндіруге аттанып бара жатқанда өзім үшін де, жанымдағы дос азаматтар үшін де қорқыныш сезімі болады. Өртті сөндіру барысын қадағалау, барлық жағдайды бақылап отыру және сол хабарды орталыққа уақытылы жеткізіп отыру өте маңызды. Сондықтан бір нәрсе жасардың алдында барлық тәуекелді шұғыл арада ой елегінен өткізіп, әр әрекетіңнен қандай қатер төнуі мүмкін екенін бағамдап алған жөн.

– Иә, қандай істің де оңайы жоқ. Ал осы жұмыста жүрген сәтте қызықты жағдайлар болды ма?

– Қызылорда қаласында жарыста жүрген болатынмын. Ұмытпасам, өткен жылдың қазан  айының 10-15-і аралығы болу керек. Келіншегімнің қызыма аяғы ауыр, айы-күні жетіп отыр. Хабарласқанда «босанып қалатын шығармын»-деген, ал мен «19 Қазан – Құтқарушылар күні», менің кәсіби мерекеме сыйлық жаса» деп әзілдей салғанмын. Айтқандай-ақ, 19 қазанда әке атандым. Кейінгі балаларым дүниеге келгенде де кезекшілікте болып, маңызды кезде жарыма қолдау көрсете алмай ертеңіне ғана босаған болатынмын.

– Қазіргі таңда сіз Арал қаласынан Батыс аймаққа көмекші-құтқарушы ретінде аттанған екенсіз. Ол жақтағы ахуал қалай болып жатыр?

– Арал қаласынан 1 сәуірде шықтық. Ақтөбеде 1 апта, Қостанайда 1 апта болып, Орал қаласына бардық. Бірнеше күн бұрын Атырау аймағына көшірілдік. Мұнда жалпы жағдайымыз жақсы. Бұл жақта басты міндетіміз – су басқан аумақтардағы адамдарды мен жан-жануарларды эвакуациялау. Сонымен бірге ағын суға бөгет дамбалар салу жұмыстарымен айналысып жатырмыз. Қазір ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ. Қолдан келгенше апаттың алдын алуға бар күшімізді салудамыз.

– Сұхбатыңызға рақмет! Міндеттелген жұмысты абыроймен атқарып, аман-есен келулеріңізге тілектеспіз!

Сұхбаттасқан Гүлмарал Сақтапова

Тағы да оқыңыз: