Kyzylorda-news.kz 4927 адам қоныс тепкен Жақсықылыш кенті – мемлекет қолдауын сезініп, өркен жайып келе жатқан ауылдардың бірі. Бүгінде «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында келелі істер жүзеге асып, ауыл халқына қолайлы жағдай туғызды. «Ақ алтынның Отаны» саналып, тұз кәсіпорнының орталығына айналған мекеннің халқы да еңбекшіл. Тұрғындардың басым көпшілігі «Аралтұз» кәсіпорнында еңбек етеді. Соңғы кезде кәсіпке ден қойғандардың да қатары артып келеді.
Кентте 874 жеке қожалық бар. Мал шаруашылығымен 30 шаруа қожалық, 20 жеке кәсіпкер айналысса, қалғаны жеке қожалықтардың үлесінде. Төтенше жағдайдың алдын алуды қаржыландыру резерві есебінен жайылымдық жерлерді суландыру мақсатында жаңадан 2 су ұңғымасы қазылған болатын. Бұл мал шаруашылығын дамытуға қолайлы жағдай туғызуда. Кентте «Аралтұз» акцио - нерлік қоғамы, 6 жауапкершілігі шектеулі серіктестік, 141 жеке кәсіпкер бар.
– Өткен жылы кент бойынша жаңа жұмыс орындары бойынша 133 адам жұмысқа орналасты. Оның 111-і «Аралтұз» АҚ-ның, қалған 22-сі өздерін жұмыспен қамтыған кәсіпкерлер. Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы» Заңына сәйкес жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек тағайындау жұмыстары өз деңгейінде жүргізілді. Жыл көлемінде жастар практикасымен 1 адам, жалпы негізде қоғамдық жұмысқа 12 адам, «Жасыл ел» бағдарламасы бойынша 17 жас жұмыс істеді. Кентке 2020 жылы табиғи газ желісі жүргізілген болатын. Қазіргі таңда ел көгілдір отынның игілігін көріп отыр.
Ауылда 17 көше жаңадан асфальтталып, 280 электр бағанасына светодиодты шамдар орнатылды. Сонымен қатар жарық шамдары істен шыққан 6 көшеге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жаңадан ауыстырылды, – деді кент әкімі Пазылбек Берсүгіров.
Кенттегі іргелі білім ордасы №19 орта мектепте 1008 оқушы білім алуда. Оларға 121 мұғалім тәрбие мен білім нәрін сіңіруде. Биылғы оқу жылы қорытындысымен 2 түлек «Алтын белгі», 2 түлек «Үздік аттестат» иеленіп, 35 мектеп бітіруші түлек мемлекеттік білім грантын жеңіп алған. «Ауылым – алтын бесігім» республикалық жобасы аясында №19 орта мектебіне жапсарлас 100 орындық қосымша оқу ғимараты салынып, пайдалануға берілген. Тағы бір ақжолтай жаңалық, кентте жаңадан салынатын 300 орындық мектеп құрылысына жер телімі бөлініп отыр.
– Кентте екі балабақша бар. «Күншуақ» жеке балабақшасында 40 бала, өткен жылдың қыркүйек айында пайдалануға берілген «Асылым» жеке бөбекжай-бақшасында 120 бала тәрбиеленуде. Ауыл халқына медициналық қызметті 2008 жылы пайдалануға берілген дәрігерлік амбулатория жүзеге асыруда. «Жақсықылыш» дәрігерлік амбулаториясында 36 адам жұмыс істейді. 2 дәрігер, 24 орта буын медицина қызметкері, 10 техникалық қызметкер бар. 14 төсектік күндізгі емдеу бөлімі де халық қажетіне жарап тұр. Амбулатория қызметкерлері жедел жәрдем көлігімен қамтамасыз етілген. Бұдан бөлек, жастардың қоғам өміріне араласып, белсенді өмір сүруін ұдайы назарға алып отырамыз. Ауыл жастарының спортқа деген ынтасы жоғары. Бұл кенттегі бұқаралық спортты дамытуға үлкен септігін тигізіп отыр. Ауыл жастарының бастамасымен ашық спорт алаңы салынды. Және «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы аясында дене шынықтыру және сауықтыру кешенінің құрылысы жүргізілуде. Сондай-ақ 2024 жылы «Аралтұз» АҚ-ның демеушілігімен балалар ойын алаңы мен шағын спорт алаңын салу жобалары жоспарланып отыр, – дейді кент әкімі.
Кенттің кемел келешегі үшін алға қойған жоспарлар да жоқ емес. Соның ішінде тұрғын үй салу үшін жер кезегінде тұрған жандар қатарының жыл сайын артуы. Осыған байланысты жел телімін беру жұмыстарын жандандыру қазіргі күні кезек күттірмейтін мәселеге айналып отыр. Сондай-ақ Жақсықылыш тауының етегін жайлай орналасқан халық санының күннен-күнге артуы мұндағы білім беру орындарының да қажеттігін туындатып отыр. Алдағы уақытта тағы бір жаңа мектептің құрылысын бастау жоспарлануда.
Әрине, алға қойған міндеттер мен жоспарлар баршылық. Олардың бәрі уақыттың еншісінде.
Иә, жоғарыда айтқанымыздай "Арал тұз" Ақ-ның ауылға тигізер пайдасы толағай. Жақсықылыш жайлы айтқанда бұл құрылымды айтпай кетуге болмайды.
Өткен жылы ауданда негізгі капиталға салынған инвестиция 2022 жылмен салыстырғанда 43,7 пайызға өскен. Бұл өз кезегінде аудан бюджетінің молаюына септігін тигізіп отыр. Ал 2024 жылдың бюджетін 15,2 млрд. теңгемен бекітіп, 2023 жылмен салыстырғанда 105,3 пайызға жоғарылады. Өткен жылы 135 мың тоннаға жуық йодталған тұз өнімдері өндірілді. «2021-2025 жылдарға арналған Индустриялық дамытудың тұжырымдамасы» аясында қуаттылығы 120 мың тонна ас тұзын өндіретін «Аралтұз» АҚ-ы жобасы өткен жылы іске қосылып, тұрақты түрде жұмыс істеп тұр. Бүгінгі мақалада өңірдегі ғасырлық тарихы бар кәсіпорынның ауқымды жұмысы туралы айтамыз.
Ақ алтынның мекеніне айналған кәсіпорын бүгінде еліміздегі ең ірі өндіріс орындарының бірі. Аралдықтар тіршілік нәріне баланған тұз өнімін «ақ алтын» атайды. Себебі оның құны бір замандарда алтынға пара-пар болған. Тіпті мемлекет қуатының негізгі көрсеткішіне айналған аса құнды қазына саналған. Сонау көшпелі мәдениет қалыптасқаннан бері құнын жоймаған өнім жайында айта берсек әңгіме көп. Алайда бір ғана ақиқат бар. Тұз – көшпелі дәуір мен алтын ғасырдың арасын жалғаған уақыттың ең құнды қазынасы. Сол ақ алтынның қазіргі қоғамда да құны жоғары. Онсыз асыңыздың дәмі кірмейді. Олай болса біз сол баға жетпес байлықтың бастау бұлағынан сусындап отырмыз.
Қазіргі таңда тарихы ғасырлық кәсіпорын еңбек майданында екпінді жасағы бар табысты кәсіпорынға айналған. Тұз өңдеуде нәтижелі жұмысымен тұтас республиканы, қала берді шетелдерді тұзбен қамтамасыз етіп отырған «Аралтұз» кәсіпорнында бүгінде мыңдаған адам еңбек етеді. Неше буын алмасқан «Аралтұз» кеншілерінің аға буын ұрпақтары өнімді де сапалы еңбек етудің, тәртіпті болудың, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, ұжым бірлігін сақтаудың тамаша дәстүрін жасап берген. Бүгінгі ұрпақ сол дәстүрді сақтап, толықтырып, байытып бір ғасырға жуық тарихы бар «Аралтұз» акционерлік қоғамы зауытының жаңа технологиялармен жұмыс істеуіне үлес қосып келеді. Соның арқасында Ресей нарығына өнім шығарып келген зауыт ТМД және алыс-жақын Еуропа, Орта Азия елдеріне өнімдерін жөнелтуге мүмкіндік алып отыр.
Тұз өндірісінде табысы еселеніп, ел экономикасының негізгі күшіне айналған кәсіпорын қазіргі таңда жүздеген мың тонна тұз өндірісін қалыпты жолға қойған. Қанатын кеңге жайған кәсіпорынның тынысы ашыла түсуде. Олай деуімізге негізгі себеп №2 тұз өңдеу цехының күрделі жөндеуден өтіп, қайта іске қосылуы. Онымен бірге зауыт жанынан тұз байыту бөлімшесі мен жаңа өнім түрлерін шығару үшін «R s D Center» зерттеу және дамыту орталығы іске қосылды. Қазіргі таңда №2 цехта 78 адам, тұз байыту бөлімшесінде 18 адам, зерттеу және дамыту орталығында 5 адам жұмыс жасайды.
Міне осындай жаңа мүмкіндіктердің арқасында «Аралтұз» АҚ бұрын-соңды болмаған ваннаға арналған косметикалық 5 түрлі тұз және мұзға қарсы тұздың 4 түрін, сонымен қатар мал шаруашылығына арналған «Al Karal» биологиялық қоспамен малға жемтік тұз брикеттерін шығаруда. Осы жылдан бастап жаңа өнім түрлерін молайтуды көздеген кәсіпорын 25 түрлі жаңа өнім түрлерін шығаруды жоспарлауда.
«Аралтұз» АҚ-ның бас технологы Ақнұр Қалдыбаева косметикалық тұз шығару идеясының қалай келгендігі туралы айтып берді:
– Жалпы біздің кәсіпорынның басты тетігі – ол шикізат шығару. Бізден техникалық тұз сатып алатын компаниялар, бізден алған шикізатты өңдеп, косметикалық тұз шығарады. Олар шығара алғанда, біз де неге қолға алмасқа деген жаңаша идея келді. Біздің ваннаға арналған тұздарымыздың бағасы да, басқа импорттық өнімдерге қарағанда қолжетімді. Және бұл өз кезегінде кәсіпорын экономикасының дамуына да айтарлықтай септігін тигізіп отыр, – дейді кәсіпорын маманы.
Бүгінде қарыштап дамыған кәсіпорынның өткен тарихына көз жүгіртіп, архив құжаттарын зерделер болсақ, Арал теңізінің Орынбор теміржолына жақындау жерінен табиғи тұз табылады. Кейін соңғы зерттеулерге байланысты 1927- 1932 жылдары Ғылым Академиясының лабораториялықэкспедициялық зерттеулері бойынша табиғи тұз натрий тұзды бассейнін табады. 1927 жылы тұз өнеркәсібіне инженер Г.С.Глебанованың басшылығымен КСРО Ғылым Академиясы «Жақсықылыш» тұз көлінің тұз құрамына зерттей бастайды. Осы уақыттан бастап КСРО Ғылым Академиясы «Жақсықылыш» тұз көлін жан-жақты зерттеуді өздеріне мақсат етіп қояды. Ал «Аралтұз» тресі кәсіпорны 1927 жылы құрылды. Бұған дейін тұз өндіру жеке шаруашылықтардың балық кәсіпшілігінде пайдалану үшін өндіріліп келді. Трест алғашында Сырдария губерниясының құрамына қарады. Губерния тарағанннан кейін Қызылорда өлкелік комитетінің қарауына берілді. Өлкелік комитет тараған соң «Қазақ тұз өнеркәсібі» бірлестігіне қарады.
Тұз алу көне және әлемде кең тараған өндіріс болып табылады. Шөгетін тұз тұзды көлдердің астынан шығарылады. Бұл тұз су түбінде өздігінен табиғи шөгеді. Осы ретте Жақсықылыш көлі – Қазақстанда осындай тұздың ең үлкен кен орны. Мұндай көлдердегі су «шипа су» деп аталады. Тұздың шөгуі жыл он екі ай бойы жүріп тұрады.
«Елде болса ерінге тиеді» деген дана халқымыз. Атағы Алашқа мәлім кәсіпорынның Жақсықылыш кентінде орналасқанынан ондағы ағайын жамандық көріп отырған жоқ. Керісінше, дәуір алмасса да құндылығын жоғалтпайтын өндіріс ошағында осы кенттің қаншама тұрғыны жұмыс істеп, нәпақа табуда. Сонымен бірге «Аралтұз»-АҚ кенттің әлеуметтік мәселелерінің шешілуіне өз үлесін қосып келе жатқанын да айтпай кетуге болмас.
Осыдан бірер жыл бұрын кентке газ жүргізілді. Отын жағудың бейнетінен арылған жұрттың бүгінде қатары көбейіп, жер алып, үй салуға ниеттенгендердің де саны артуда. Бұл кент көлемінің ұлғайып, түтіні еселеніп келе жатқандығын байқатады. Бүгінде 1200 адамды жұмыспен қамтып, тұтас бір елдің тіршілігіне арқау болған акционерлік қоғам еліміздегі маңызы бар мерекелерде көпшілік көңілінен шығатын мәдени шаралардан да шет қалмайды.
Расында, ел тынысын еселейтін еңселі кәсіпорынның болғаны жақсы. Ал ол сол елді жағалай қонған қауымға көмек қолын созып, қажет жерде демеу көрсетсе, тіптен жақсы. Бұл межеде сенімге селкеу түсірмей, ірілі-ұсақты өзге де мекемелерге үлгі болып келе жатқан кәсіпорынның тұз өндірудегі табысты бағыты жалғаса береріне сенім мол.
Ал ақ алтынды мекенде осы саланың талай сайыпқыраны бар. Аралды «Ақ алтының отаны» атандырған тұз кеніші 95 жылдан бері өніріс көлемін арттырмаса, бәсеңдеткен жоқ. Осы жылдар ішінде қанша аралдық өнеркәсіптің қарапайым жұмысшысы ретінде нәпақасын тапты. Тіпті бүтін бір әулет осы бір өнеркәсіппен бірге өркен жайды десек те артық болмас. Жақсықылыш кентінде орналасқан «Аралтұз» АҚ-ның кәсіпорны Аралдың брендін қалыптастырумен қатар, сонда мекен еткен отбасылардың тіршілік көзіне айналды. Атасы, кейін баласы, онан соң немересі осы іргелі кәсіпорында еңбек етіп жүрген тұзшылар династиясы қалыптасты. Солардың бірі – Сапарғалиевтер отбасы.
Кеншілер еліне арнайы барған сапарымда тұзшылар отбасын іздедім. Жергілікті тұрғындардың көбі Қияш Ақжанованы нұсқады. Есімі елге таныс анамыз 41 жыл «Аралтұз» кәсіпорнында еңбек етіп, зейнет демалысына шыққан. Бір кездері депутат ретінде халық мүддесін күйттеген елге елеулі еңбегі туралы естігенімде, көңілім марқайып сала берді. Осылайша Қияш анамызбен әңгемелесудің сәті түсті.
– Мен 1954 жылы Арал қаласында өмірге келгенмін. 1972 жылы Жақсықылыш кентіне келін болып түстім. Ол кезде бар-жоғы 18 жаста болатынмын. Шынымды айтсам, жолдасым Қайратты жақсы танымайтынмын. Кентте туысқан әпкелерім тұрды. Соларға қонаққа келіп жүргенде үлкен әпкемнің жолдастары болып келетін Қайраттың маған көзі түскен екен. Осылай мені алып қашып, мектеп бітіре салысымен келін атандым. Ол кезде қайтып келу деген жоқ. Жыладық, сықтадық, өкіндім, бірақ қалдым. Армандарым көп болатын. Оқу оқып, мамандық алсам деп ойладым. Сол кезде жолдасыма жылап отырып: «Сен мені бар арманымнан айырдың» – дегенімде, ол: «Мен сені алақанға салып аялаймын. Көрем деген жеріңді көрсетемін, алам деген дүниеңді алып беремін. Сені бақытты ету үшін барымды саламын» – деп уәде берген болатын. Шүкір, бақытты өмір сүрдік, ол уәдесінде тұрды, – деп өткен шақты еске алған.
Қияш Молдахметқызы бір марқайып қалғандай болды. Қияш анамыздың жолдасы Қайрат Сисенов «Аралтұз» кәсіпорнында автоматтардың жүріптұруына жауапты маман болған. Тіпті оның әкесі Сапарғали Сейсенұлы соғыс жылдарында Басқыншаптан тұз қазатын комбайн айдап алып келіп, осында тұз қазушы болып жұмысқа орналасып, тұрақтап қалған.
– Атам – қазақ, енем – татар ұлтынан болды. Маған олар қызындай қарады. 18 жасымнан бастап мен де кәсіпорынға жұмысқа орналасып, 41 жыл ғұмырым сонда өтті. Қайрат екеуміз жұмыста да, үйде де арамыз ажырамай, кәсіпорынның дамуына үлесімізді қостық. Қоғамдық жұмыстарға белсенді араласатын жұмысшылардың бірі болдық. Ол цехтың кәсіподақ төрағасы болды. Кейін ол орынды маған берді. 1991 жылы Мәскеуде өткен кәсіподақ съезіне қатыстым. Кейін екі мәрте аудандық мәслихат депутаты болып сайландым. 1994-1999 жылдар аралығында ел тоқырауға ұшырап, айлық төленбей жатқан қиын кезеңде билік пен халықтың арасында дұрыс ахуал қалыптастыру үшін өз мандатымды адал атқаруға тырыстым. Кейін 2003-2007 жылдары депутат болып сайланған кезімде де еңбекшілер айлығын ала алмай, аштық жариялап жатқанда жүрегім езілді. Олардың мұң-мұқтажын тиісті салаға жеткізіп, еңбеккерлерді ауызбіршілік пен сабырға шақыру міндеті депутат ретінде менің мойныма артылған болатын. Құдайға шүкір, қиыны мен қызығы қатар жүретін сындарлы шақты да абыроймен еңсердік, – дейді Қияш Молдахметқызы.
Иә, өзгеге үлгі боларлықтай өнегелі отбасында өмірге 3 перзент келді. Тұңғышы Әлімжан Ленинградтың жоғары оқу орнында оқыған. Механик мамандығын алған ол алғаш еңбек жолын «Аралтұз» кәсіпорнында бастады. Келіні Алтынай да кәсіпорынның зертхана бөлімінде жұмыс істейді. Әлімжан мен Алтынайдың тұңғышы Данияр жоғары оқу орнын бітіріп келіп, қазіргі таңда кәсіпорында инженер-механик болып еңбек етіп жүр. Қайрат ағамыз бен Қияш анамыздың қыздары Гүлмира мен кенже ұлы Ғалымжан отбасымен Тараз қаласында тұрады. Өздерінің мамандықтары бойынша еңбек етіп, жанұясын асырап жүр.
– Бір өкініштісі, Қайраттың өмірден ерте кеткені. 55 жасында ауырмай-сырқамай жүріп, аяқ астынан қан қысымы көтерілді де, мәңгілік мекеніне кетіп тынды. Бұл қаза бізді ғана емес, бүтін бір ауылды күңірентті. Қайратты жер қойнына тапсырар сәтте соңғы қоңырау салтанаты өткелі жатқан. Мерекелік шара екі сағатқа кейін шегеріліп, цех кызметкерлері ақ халаттарын киіп, кәсіпорын алдына шығып, мектеп оқушылары да жиналып, Қайратқа құрмет көрсетіп, ақтық сапарға шығарып салды. Оның мінезі тік болатын. Үнемі турасын айтып, әділдікті жақтайтын. Сонысымен ел-халыққа құрметті болды деп ойлаймын. Бас құраған жылдар ішінде мені әйел ретінде қадірлеп, қолдап отырды. Бастапқы уәдесінде тұрып шетелдерде саяхаттадық, демалыс, шипажайларға бардық. 18 жасымнан бері бір елі ажырамай жүрген жолдасымнан айырылу маған да оңай соққан жоқ, – деген Қияш анамыз көңіл толқынысын да ортаға салды.
Олар еңбегімен құрметті болған жандар. Отбасын да бақытқа бөлеп, кәсіпорынның алға басуына үлес қосып, қоғамдық жұмыстардан да шет қалмаған жарасымды жұбайлар жастарға жақсы үлгі көрсете білді. Қияш Молдахметқызы – «Еңбек үздігі» төсбелгісінің иегері. Әр жылдары абыройлы еңбегі үшін алған Құрмет грамоталары мен алғыс хаттары да жетерлік.
Қияш анамыз бір сөзінде: «біз уақытпен санаспай, өз жұмысымыздың жауапкершілігін сезініп, бар ынта-ықыласымызбен жұмыс істедік және отбасына да лайықты көңіл бөлдік. Сол адалдығымыздың жемісін жеп отырмыз – деді. Расында, «ердің атын еңбек шығарады» деген жақсы сөз бар. Еңбегімен елеулі, қызметімен қалаулы болған жандар қоғамның құрметіне бөленді. Қазір немере сүйіп, балаларының бақытын тілеп, жастарға насихат айтып жүрген Қияштай анамыз әдемі қарттықтың белесіндегі жан екендігін аңғардық.