Kyzylorda-news.kz «1989 жылы Арал теңізі Берг бұғазынан екіге бөлінді. Берг бұғазының солтүстік жағы – Кіші Арал теңізі, ал оңтүстік жағы – Үлкен Арал теңізі. Арал теңізін толықтай сақтау мүмкін болмағандықтан, оның екі бөлікке бөлінгендігін пайдалынып, Сырдария өзенінен келген суды тиімді пайдалану мақсатында Кіші Арал теңізін сақтап қалу жұмыстары қолға алынды. Кіші Аралды құтқарып қалудың алғашқы шаралары 1992 жылы басталған. Соның алғашқысы 1992 жылдың шілде-тамыз айларында Берг бұғазында құмнан тұрғызылған Көкарал тоспасы. Бірақ 1993 жылдың көктемінде дария суы өте мол келіп, сәуір айында тоспаны бұзып кетті.
1996 жылдың қыркүйек айында Көкарал тоспасы қайтадан қалпына келтірілген. Соның нәтижесінде Сырдариядан келген суды түгелдей Кіші Аралға құюға мүмкіндік туған. Тоспаның салынуы мен 1989-1998 жылдар аралығында теңізге жыл сайын 3-8 текше метр дария суының құлауы экологиялық ахуалдың жандануына жағдай туғызды. Нақтырақ айтсақ, біріншіден, 30 жыл бойы теңіз суы деңгейінің түсуі тоқталып, 1996-1999 жылдары Кіші Аралдың деңгейі 2,5 метрге көтерілген. Екіншіден – оның тұздылығының артуы бәсеңдеп, 1991-1998 жылдары теңіз суының тұздылығы 33,8 г/л-ден 14,5 г/л дейін төмендеген. Сондай-ақ бұрын құрғап қалған теңіз табанына қайтадан су оралып, Сарышығанақ және басқа да қойнаулар суға толып, Ұлы теңіз бен Кіші Аралды жалғайтын өзектің құрғауы тоқтады, бірнеше бөлекке бөлініп қалудан аман қалған.
Бірақ артық суды Үлкен Аралға жіберіп тұратын қондырғысы жоқ құмнан жасалған тоспа қатты дауылдың әсерінен 1999 жылы 22 сәуірде қайта бұзылды. Нәтижесінде 1999-2000 жылдары Кіші Аралдың деңгейі 3 метрге төмендеп, өте көп көлемдегі су ұлы теңізге құлады. Теңіз суының деңгейі ең төменгі көрсеткіш Балтық жүйесі бойынша 39,0 метрге жетсе, Үлкен теңізге кеткен көп сумен қатар өте көп балық та ығып кетті. Бірақ теңіздің екі бөлігін өзек арқылы байланыстыру болмағандықтан, жаз айларында бөлінген өзекшелерде сол балықтар қырылып қалды. Мұнымен қатар Бутаков және Үлкен Сарышығанақ қойнаулары Кіші теңізден бөлініп қалып, мұндағы тұздылық көлемі де айтарлықтай көбейді.
Осыдан кейін халықаралық және мемлекеттік деңгейдегі «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Солтүстік Арал теңізін сақтау» (САРАТС) жобасы жасалды. Мақсаты айқын жобаны ҚР Үкіметінің қолдауымен Дүниежүзілік Банк қаржыландырды. Берг бұғазында су реттегіші бар Көкарал бөгеті, дарияның теңізге құяр сағасынан 25 шақырым жоғарырақта Ақлақ тоспасын салу және қазіргі қолданыстағы Қазалы, Қызылорда және Шардара плотиналарына күрделі жөндеу жүргізу жоспарланды. Көкарал бөгеті аяқталған соң 2006 жылдың сәуір айының ортасында Кіші теңіз деңгейі жоғарыда айтқан Балтық жүйесі бойынша 39,0 метрден 42,0 метрге дейін жетті. Теңіз суының көлемі 27,07 текше метр, айдынның аумағы 3288,0 километр, теңіз жағалауының ұзындығы 435 км болды.
Теңіз плотина арқылы екіге бөлінген уақытта Үлкен теңіздің тұздылығы 100 г/л-ден асып, балықтың өмір сүру мүмкіндігі болмағанымен, Артемия салина шаянының қоры көбейді.
Ал керісінше Кіші аралдың жағдайы күрт өзгеріп, жақсара түсті. 1990 жылдардың басында мұндағы теңіз суының тұздылығы мұхит суының тұздылығымен бірдей болса, 2006-2007 жылдары 10-11 г/л болды. Осының салдарынан балықшылық кәсібі қайта жанданып, мұндағы кәсіби маңызы бар балық түрі 22-ге жетті. Кіші теңіздің шығыс, солтүстік-шығыс, оңтүстік және оңтүстік-батыс аумақтарында балықтардың уылдырық шашатын орны пайда болды. 1990-2000 жылдар аралығында тек камбала-глосса балығы өндірістік маңызға ие еді. Кейіннен сазан, торта, табан, қаракөз, көксерке, ақмарқа, қылыш, шортан, қызылқанат, жайын, жыланбас, ақ амур, дөңмаңдай балықтарының саны көбейіп, өндірістік мақсатта аулайтын дәрежеге жетті. Осы ретте өте сирек кездесетін Арал шемейі мен ҚР Қызыл кітабына енген Арал қаязының да саны артты. Экологиялық жағдайы жақсарып, соңғы жылдары теңізден жылына 7-8 мың тонна балық ауланды.
Мұның барлығы тек САРАТС жобасының тек алғашқы кезеңінің нәтижесі ғана. Екінші кезеңі салынатын болса, Көкарал бөгетін биіктетіп, теңіз деңгейін Балтық жүйесі бойынша 48,0 метр биіктікке жеткізуге, балық қорын Үлкен теңізге кетірмеуге, Шевченко, Бутаков қойнауларында және Қамыстыбас, Ақшатау көлдер жүйелерінде дрейссена бақалшағы мен мизид, қырықаяқ шаяндарын аулап, жоғарыда аталған теңіз учаскелеріне қолдан жіберуді қамтамасыз етуге, Жалаңаш, Үлкен және Кіші Сарышығанақ, Шөмішкөл, Қарасор және басқа да қойнауларды суға толтыруға, Кіші Аралды қолдан балықтандыру мақсатында тұқы, ақ амур, ақ дөңмаңдай, шұбар лөңмаңдай, ақмарқа, көксерке және бекіре тұқымдас балықтарының шабақтарын жіберуге, сондай-ақ балық аулау көлемін арттыруға үлкен мүмкіндік туар еді.
Аралдың байырғы балықтары судың орташа тұздылығы 10 грамм болған кезде уылдырық шашып көбейетін. Егер теңіз суының әр литрінде 10 грамнан артық тұз болса, байырғы балықтардың уылдырық шашуы қиындайды. Тіпті уылдырық шашқан күннің өзінде ол балыққа айналмай жатып қырылады. Кейінгі кезде соны байқап отырмыз. Дәл қазір теңіз суының тұздылығы 13 грамм болып тұр. Дариядан су келмегендіктен Кіші Аралдың 30 процент аумағында байырғы балықтар тіршілік қыла алмайтындай жағдайға жетті. Мемлекет Кіші Арал мәселесін шешуді шұғыл қолға алмаса, табиғат пен адамзатқа орны толмас залал келеді.
Егерде Сырдария өзенінен Кіші Арал теңізіне құятын судың мөлшері судың тапшылығына байланысты келешекте де аз болатын болса, Кіші Арал теңізі таяудағы 4-5 жылда өзінің балық шаруашылықтың маңызы жоюы мүмкін. Яғни теңіз суының тұздылығының өсуіне байланысты Кіші Арал теңізінде Аралдың байырғы балықтары өмір сүре алмайтын болуы мүмкін.
Сондықтан Солтүстік Арал өңірінің балық шаруашылығын сақтап қалу үшін төмендегі іс-шараларды жүзеге асыру керек.
Біріншіден, Сырдария өзенінің Аманөткел елді мекені маңындағы Мырзастан су тоспасын салу жоспарлануда.Бұл тоспа Қамыстыбас және Ақшатау көлдер жүйелерін, сонымен қатар сол маңындағы шабындық жерлерді тұрақты түрде сумен қамтамасыз етуге мүмкіншілік береді. Қамыстыбас және Ақшатау көлдер жүйелеріндегі көлдерді түгелдей тауарлы көл балық шаруашылығын айналдыру керек, яғни ол көлдерде қазіргі заманның талабына сәйкес алдыңғы қатарлы биотехногияларды пайдаланып тауарлы балық өсірілуі тиіс. Сонымен қатар жоғарыдағы аталған көлдер жүйелеріндегі ірі көлдер-Қамыстыбас, Лайколь, Жаланаш, Райым, Ақшатау, Қаракөл, Шөмішкөл,Тұщы және Қарашалаң көлдерінің жағалауында қолдан тауарлы балық өсіретін тоған шаруашылықтарын ұйымдастыру қажет.
Жоғарыдағы аталған көлдердің суы терең қойнауларында шарбақты балық өсіретін шаруашылықтарын ұйымдастыру қажет. Яғни бір сөзбен айтқанда көлдерді бұрынғыдай тек бір мақсатта, яғни тек кәсіпшілік немесе тауарлы көл шаруашылығы ретінде пайдаланбай, жоғарыдағы айтқандай үш түрлі бағытта пайдалану керек. Бұл ұсыныс су тапшылығы кезінде көлдерді үш түрлі мақсатта пайдаланып балық өсімділігінің артуына негіз болады.
Кіші Арал теңізінің суының тұздылығының өсуіне байланысты онда жоғарғы тұздылықта уылдырық шашып өмір сүре алатын балықтарды жерсіндіру керек. Ол балықтар камбала-глосса, камбала-калкан және пиленгас.
Бұл балықтар негізінен Азов-Қаратеңіз бассейнінде тіршілік етеді. Бұл балықтармен ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізіліп, Арал теңізінің жоғарғы тұздалықтағы суында өмір сүріп көбейе алатындығы дәлелденген. Кезінде камбала-глосса балығы Арал теңізінде жерсіндіріліп кәсіпшілік маңызға ие болған. Ал камбала-калкан және пиленгас балықтарын Арал теңізінде жерсіндіру жұмыстары жоспарланғанмен, оны іске асыруға Советтер Одағының Ыдырауы кедергі келтірді.
Қазіргі кезде ҚР Үкіметінің арнаулы қаулысын қабылдап, жоғарыдағы аталған балықтың үш түрін Кіші Арал теңізіне жерсіндіру керек.Жоғардағы аталған балықтың үш түрінің де қолдан өсіру биотехнологиясы жасалған.Сондықтан қолдан өсіру жұмыстары Қамыстыбас балық өсіру питомнигінің Қосжар учаскесінде іске асыруға болады.Бұл балықтардың аталық-аналықтарын ұстау үшін Қамыстыбас көлінің Қосжар елді мекенінің жанында орналасқан Шөмішкөл көлін пайдалануға болады. Ол үшін Шөмішкөл көлін суландыратын каналға арнаулы шлюз-реттегіш орнатып,оның суының тұздылығын реттеуге болады.
Сонымен қатар ол балықтардың уылдырығын шайқау үшін Шөмішкөл көлінің жағасында уылдырық шайқайтын цех салу қажет. Жоғарыда аталған шараларды іске асыру арқылы Солтүстік Арал өңірінде балық шаруашылығын сақтап, оны дамытуға негіз қаланады.