«80 жасқа жақындап қалған кезім. Түс ауа қораға кіріп малдарды суармақшы болдым. Енді ғана астауға жақындай бергенімде тауықкепенің ішінен көз ілестірмей бір нәрсенің маған қарай жүгіріп, соғып өткенін байқадым. Қас пен көздің арасында соғып өткен не екен деп шелегімді жерге қойып, жәй артыма бұрылып қарасам, тісі ақсиып шакал мені тап бергелі тұр екен. Осы кезде кенет анамның «ит болсын, шакал болсын екі құлағынан тас қылып ұстап алсаң, тырп ете алмайды» деген сөзі есіме түсті. Бар күш-қуатымды бойыма жинап, асқан жылдамдықпен маған қарай бет алған шакалдың екі құлағынан ұстап алып, көршілерді көмекке шақырдым. Су алуға кезекке тұрған барлық көршілермен бірге ұлым Болат дереу жүгіріп келіп, әлгі шакалдың сол жақ бүйірінен ұрып құлатты» деп өткен шақты еске алды көпбалалы әжеміз Сағира Тоқпанбетова. 

Кейіпкеріміздің бала­лық шағы Ұлы Отан соғысының сұ­ра­пыл ке­зе­ңі­мен тұспа-тұс келген. Әке­сі со­ғысқа аттанған соң сол кезең­­дегі қиын­шылықты мойымай ең­серіп, ба­уыр­ла­рына бас-көз болып, ана­сы­ның қол­­ғанаты болған Сағира әжеміз ба­ла болып ой­намаған да. Соғыстың сал­да­ры­нан ерте есейіп, еңбекке ете­не ара­ласып, ер-азаматтармен қатар қыз­­мет еткен. 

– Мен ашаршылықты да, жоқшы­лықты да көрдім. Қақаған қыстың суы­ғында сабаққа жалаңаяқ жүгіріп ба­­ратынбыз. Анам күнұзақ жұмыста болса да, бізді өсіріп жеткізді. Жас­тайымыздан еңбекке баулыды. Қан­дай жұмыс тапсырса да «істей ал­маймын» деп қарап тұрмайтынбыз. Кеу­демізге дейін су кешіп, күріш те ота­дым, анамның орнына бидайға ораққа да бардым. Өткен күнде көрген қиын­шылықтарыма еш өкінбеймін. Аллаға шүкіршілік етіп, ұлдарымды ұяға, қыз­дарымды қияға қондырып, олар­дан немере, шөбере, шөпшек сүйіп отыр­ған бақытты жанмын, – дейді ол. 

Сағира әже жолда­сы­мен 18 жа­сында отау құрған. Жолдасы Жалағаш ауданына қарасты Ақарық ауылында интернатта дирек­тор қыз­­метін абыроймен атқарған. Ал әже­­міз лауазымды қызмет иесі дирек­тордың әйелімін деп кеуде кер­мей ұл-қызын бағып-қағу үшін жұмыс тү­рін таңдамаған. Ең алдымен ин­тер­натта аспазшы болып, одан кейін құ­рылыс нысанында қызмет ет­кен. Осы салада жүріп қойшылардың қыс­­тауларын жөндеп, кесек құйып жүріп зейнеткерлікке шыққан. Бүгінде алтын­құрсақты анамыз 11 баласынан 30 немере, 6 шөбере, 2 шөпшек сүйіп отыр. Балаларының үлкені Күләш 66 жаста, кіші баласы Кенжебек 43 жаста. 

– Анам бізді бала күнімізден ең­бек етуге тәрбиеледі. Бірде бауыр­ла­рымның бірі ауырып қалып, әке­мізбен бірге ауруханаға жатты. Сон­­­да анам үй­дің де, түздің де жұ­мы­сын қатар алып жүрді. Анам әп­кем екеумізді ер­тіп, таңсәріден арықтағы сал­қын суды кешіп өтіп, мың бау пі­шен орған болатын. Осындай ер-аза­мат­тарға тән қайсар өжеттелігімен ба­лаларының бәрін жеткізіп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырды. Оның кәсіби тігінші болмаса да, қолынан тігін тігу келетін. Біз ес білгелі ана­мызға үй тіршілігіне қолға­быс етіп өс­тік. Анамыз тігін тігу, то­қыма тоқу, киіз басу, қой, ешкі қырқу, кесек құю сынды жұмыстарды жатсын­бай, бір­ден дөңгелентіп әкететін. Кез кел­ген жұмысты тез үйреніп алуына оның бала күнінен еті үйренген. Әкесі со­ғыста жүргенде анасы күні бойы жұ­мыста болған екен. Ал біздің ана­мызға әжеміз тапсырып кеткен жұ­мыс­тарды бұлжытпай орындап, со­ғысқа кеткен әкесіне қолғап пен шұлық тоқиды, – дейді қызы Күлдәш Тоқпанбетова. 

Ол анасының бала күннен үнемі «шү­кір деңдер, шүкіршіліктің ар­тында қа­нағат бар. Қанағаттың артын­да қа­­йы­рымдылық бар. Ал қайырым­ды­­­лықтың артында сауап бар. Са­уап­­тың ең үлкені – сәлемдесу мен жәр­­демдесу, барыңмен бөлісу. Бір-бірлеріңе қам­қор, демеу болыңдар» деп ақы­лын естіп өскенін айтады. 

Ақжаулықты ананың ұл-қызы бү­гінде ел игілігі жолында елеулі ең­бек етіп жүр. Бірі жас ұрпаққа са­палы білім беріп, бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелесе, енді бірі жеке шаруашылықта механизатор болып еңбек етіп, кү­рішпен елдің кірісін еселеуде. Кез­дескен қиындыққа мо­йы­май, тек алға ұм­тылған кейіп­керіміз – «тарихта бір жыл ат қал­дырғың келсе, ас бер, 10 жыл атың қалсын десең, ағаш ек, өмір бойы қалғың келсе, бала тәрбиеле» деген шығыс да­на­лығын қатаң ұстанған жан. Әлі күнге дейін немере, шөбере, шөпшектерін жа­нына жиып, өмірден көрген-түйгенін айтып, бағыт-бағдар беріп оты­ра­ды. 

Тамырын тереңге жайып, бәйте­рек­тей саялы баққа айналған отба­сының тату-тәтті тірлігі мен ауыз­бір­шілігі, әжеміздің тағы­лым­ға толы ғұ­мыры – жастарға өнеге.

 

Ақтоты ЕРЖАНҚЫЗЫ

Тағы да оқыңыз: